Түлекке тілек

0 330

Кеше Қазақстанның мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тест тапсыруды бастады. Осыған орай ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ҰБТ тапсыру пункті ұйымдастырылған Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келіп, түлектерге сәттілік тіледі. «Емтихандарыңыз құтты болсын! ҰБТ-да қолданылатын тест тапсырмаларының қоры бiрнеше рет сараптамадан өттi. Қазақстан тарихы пәнi бойынша тест сұрақтарын тәуелсiз сарапшылар тексердi. Ендi мектеп түлектерi келеңсiз сұрақтарға тап болмайды. Себебi, ондай сұрақтар алынып тасталды» деді министр. Астанада ҰБТ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде және Қазақ гуманитарлық заң университетінде өтеді. Алғашқы күнде ҰБТ-ны 2 мың елордалық түлек тапсыратын болады. ҰБТ-ның әрбір пунктінде мемлекеттік  және апелляциялық комиссиялар жұмыс істеуде. Министрлік жанынан Республикалық апелляциялық комиссия құрылды. Өңірлерде жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік комиссиялар ҰБТ-ны сәтті өткізу үшін барлық жағдайларды жасады.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 10 =