Тұйық су – тұнып жатқан қуат көзі

0 204

Әлемде энергия қоры тапшы.  Сондықтан болар, дамыған елдің бәрі баламалы энергия көзін қолданысқа енгізумен әлек. Күн, жел энергетикасы сынды қуат көздерін дамыту бүгінгі күннің басты қажеттілігіне айналып келеді. Тіпті,  елімізде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне ұсынылған тақырып та осыған орайлас, яғни, «Болашақтың энергиясы!» 

Редакцияға ат басын бұрған, жар­ты ғасырға жуық өмірін энергетика саласына ар­на­ған, тәжірибелі ғалым Бақытжан Омарұлы осыдан біраз жыл бұрын ашқан ғылыми жаңалығының әлі күнге дейін қолдау таппай келе жат­қанын қын­жыла жеткізді. Шетел­діктер қызы­­ғушылық таныт­қан бұл жоба­ға, неге өз еліміздің азаматтары ықы­лас біл­дірмейтіні бізді де ойландырып қалды.

Теңдесі жоқ жаңалық

Бақытжан Әлменов ағынсыз, яғни, тұйық су көзін пайдалану ар­қылы арзан электр энергиясын алу­дың жо­лын ойлап тапқан. Бұл жа­ңа­­лық­ты шетелдік ғалымдар электр энер­­гия­сын өндірудің арзан әрі жыл­дам тәсілі деп бағалады. Осы­­­лайша қондырғыны, яғни, ма­ши­­на­ны іске қосу арқылы ағынсыз немесе тұйық су көзінен (баяу ағыс­ты өзен, көл, теңіз, мұхит, құдық, тіпті, су тол­ған шұң­қыр) Архимед ашқан судың денені жоғары итеру заңды­лы­ғын пай­далану әрі дамыту ар­қылы арзан электр энергиясын өнді­руге болады. Бақытжан Әлме­нов­тің айтуын­ша, су неғұрлым те­рең болып, ауа толтырылған қап­­шық­тар­­дың саны көбей­ген сайын, маши­­наның электр қуа­тының қар­­қыны ар­та түседі. Мәселен, әрбір қап­­шық­тағы ауаның көлемі 1 текше метр болса, тереңдігі 35 метр суда­ғы таспа­ның әр метріне бір қап­­шықтан орна­тылса, сонда ол 35 текше метр судың сал­мағына тең келеді. Демек, 35 тонна немесе 35 мың кг суды ығыстыру күші пайда болады. Оны электр энер­гия өлше­міне айналдырғанда, қондырғы 120 кВт қуат береді. Математика­лық есеп бойынша, 100 метр су тереңдігінен секундына 700 кВт-қа жуық қуат алуға болады. Сөйтіп, бір тәулікте бұл қондырғы 16800 кВт энергия өндіре алады екен.

Жылдар бойы жанын салып, үздіксіз ізденіп өмірге әкелген өнер­тапқыштың бұл қондырғысын Бүкіл­әлемдік интеллектуалдық мен­шік иесі ұйымының халық­аралық патенттік бюросы «нағыз жа­ңа­лық» деп қабылдап, 2004 жы­лы «WO2004/053329 A1» нөмі­рі­мен халықаралық жарияланымға шығарды.

Ғалымның бұл еңбегін Ресейдің Челябі мемлекеттік агро­инженер­­лік университеті, еліміздегі Қ.Сәт­баев атындағы ұлттық тех­ни­калық университеті мен Л.Гумилев атын­­дағы Еура­зия Ұлт­тық уни­вер­си­тетінің жетекші ғалым­дары арнайы кеңесте лайық­ты баға­сын берген.
Жаңалықтың ерекшелігі – әлем­дік тәжірибеде қайталанбаған тең­десі жоқ нұсқа екендігі.

Қолда бар алтынның қадірі бар ма?

Бақытжан Әлменов он жылдан бері осы құрылғыны сынақтан өткізуге қаржы таппай келеді. Жазбаған хаты, бармаған мекемесі жоқ. Өзінің айтуынша, Алладан басқасының бәрінің алдына барған. Мардымды жауап алмақ түгілі, түсіністік танытқан емес.

– Менің «гидравликалық қоз­ғалт­қышымды» энергетика сала­сын­дағы жаңалық деп таныған Австрия мен Ресей сияқты елдер құ­рыл­­ғыны өздерінде жасауға ке­лісім­шарт жасасуға дайын. Ал, не­містің Штутгарт қаласынан әлемдік жаңалық ашқандармен әріптестік жасайтын швед азаматы Антон Джек­тен хат алдым. Джек осы жо­ба­­ның өндіріске енгізу жайын, ең бас­­ты­сы, менің меншігімдегі дү­­ние­нің басқа біреудің заңсыз пай­­да­­лан­­бауын қадағалап отыруға ұсы­­ныс білдірді» дейді ол. Бірақ, өнер­­­тап­­қыш ағаны алаңдатып отыр­­­ған басқа жәйт. Ғылыми не­гізі мойын­­далса да, іске асуына қар­­сылық таны­татын­дарды еш тү­сіне алмайды. Бұдан қазақ елі мен хал­­қына келетін пайда орасан. Мәселен, бүгінгі таңда энергия көзі ретінде қол­данылып келе жатқан шикізат мұнайды алайық. Оны өндірудің машақаты шаш етектен. Алдымен, оның қордаланған жері мен қорына барлау жүргізіледі. Содан кейін жер қазылып, бұрғы орна­ты­ла­ды. Шикі­зат жер бетіне шығарылғаннан кейін, өн­діріс орнына тасымалданады. Қа­жетті өңдеуден өткізілгеннен кейін, ол жылу-электр орталығына жөнелтіледі. Тікелей мазут жа­ға­тын, жоғары технологиялық құ­­­рыл­­­ғы­ларда электр энергиясын өн­ді­ріп, үнемі бақылауда ұстайды. Алын­­­ған электр қуа­тын 35, 110 және 220 кВ-ға жеткізу мақсатында транс­фор­ма­ция­лайды. Содан кейін жоғары кернеулі энергия электр тасы­малдау жүйесі бойынша қала немесе аудандардың шағын стансаларына жеткізіледі. Мұнымен де іс бітпейді. Қаншама технология, қан­шама еңбек күші жұмсалады, ең бастысы, қоршаған ортаға тигі­зер зия­ны­ның өзі жетіп артылады. Ал, Әлме­новтің жаңалығы, эколо­гия­лық тұрғыдан таза әрі артық шы­ғынсыз энергия алуды діттейді. «Егер осы тәсілді қолданысқа енгіз­сек, нан бағасы шамамен 10 тең­геден аспас еді» дейді ағамыз әң­гіме барысында.

Астанада қолдансақ қайтеді?

Елордамызда халық саны көбейіп келеді. Соған сәйкес тұтынушылар тарапынан энергия көзіне деген сұраныс артпаса, азаяр емес. «Бұл тәжірибені бас қалада қолдансақ, қалай болады» деген сауалымызға, Бақытжан аға: –Бұл қондырғының тиімділігіне көз жеткізу үшін былайша түсіндірейін. Астана қаласының электр тұтынушыларына қажетті секундтық электр қуатының жиын­тық мөлшері шамамен 1000 мВт-ты құрайды. Бүгінгі жағдайды бағам­дасақ, сонда сағатына 120 тонна көмір немесе 180 000 текше метр газ жа­ғы­лады екен. Ал тәулігін есеп­те­сек, 9000 тоннаға жуық кө­мір немесе 2,5 млн текше метр газ жұм­са­лады. Алай­да, тап осы электр қуа­­тын ағысы баяу Есіл өзенінің 800-1000 метр­лік ендігі­нен, мазут, газ немесе кө­мір жақ­пастан, яғни, артық шығын­сыз-ақ өндіріп алуға болады» деп жауап берді.

P.S. Ғылым жолы – ауыр жол. Теориялық жағынан отандық ға­лым­дардан мін таппаған бұл жаңа­лығын Бақытжан Әлменов ендігі жерде шетелде жүзеге асыруы мүмкін. Өйткені, он жылдан бері талай есікті тоздырған ағамыз әб­ден қа­жыған. Осы уақытқа дейін ел несі­бесіне, қазақтың игілігіне айнал­­са деген ниетпен жүріп, сы­нақ­тан өткізуге қажет 15 млн тең­ге­­ні бе­ре­тін бір қа­зақтың табыла­­ты­ны­на сенген еді. Бір емес Үкі­мет­тің бір­неше жобасына қаты­сып, қолдау таппа­ғанына қазір күйінеді. Жарай­ды делік. Егер бұл жоба шетелде жүзе­ге асса, ғалым­ның өзі ғана пай­даға батары сөзсіз. Ал, өз Отанымызда қол­дау тапса, күллі қазақтың игілігіне айналар еді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 7 =