ТҮЙТКІЛДІ ТАҚЫРЫП ТАРАЗЫЛАНДЫ

0 113

карин

Былтырғы қараша айынан биылғы наурызға дейін «Қазақстандағы терроризм мәселесі» тақырыбында ауқымды зерттеу жүргізілген. Оның алғашқы қорытындыларын Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне келген саясаттанушы Ерлан Қарин мен «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының директоры Гүлмира Илеуова жариялады.

Саясаттанушының айтуынша, зерттеу үш кезеңнен тұрған. Бірін­шіден, 2004-2013 жылдары терроризм бабы бойынша қозғалған қылмыстық істер сарапталды. Екін­шіден, осы бап бо­йынша сот­тал­ғандардың туыстары мен жақын­дарымен сұхбаттар жүргізілді. Одан кейін Қарин бастаған топ колония­ларда отырған сотталғандардың өздерімен әңгімелескен.

Қазақстандағы террорлық топ­тардың бір-бірімен байланысы, ортақ қаржыландыру көздері болмаған. Негізінен бұл топтардың ықпалына 17-29 жас аралығындағы жастар мен 30-39 жасар санасы орныққан адамдар түскен екен. Олардың көбісінің орта білімі ғана болған. Тіпті, 4 сыныптық біліммен шектелген де адам табылған. Ал, 18 пайызы жоғары, 16 пайызы арнаулы орта білім алған. Соның ішінде 6 пайызының ғана діни мекемелерге қатыстылығы, яғни, көпшілігінің діннен мүлдем хабарсыздығы анық­талған. Террорлық топтардың ық­па­лына түскендердің 73 пайызы жұмыссыз азаматтар екен.

19 радикалды топ зерттеліп, олар­дың өзі – диверсиялық, діни және бандалық секілді үш топқа бөлінген. Бірінші топ елімізге сырттан ке­летін күштердің әсерімен әрекет етсе, үшіншісі таза криминалмен айналысқан.

«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы адам­дардың террорлық топтарға қосы­луының себептеріне үңілген екен. Қоғамда мұндай теріс әрекетке жоқ­шылық итермелейді деген пікір бар. Гүлмира Илеуованың мәлім­деуін­ше, зерттеу барысында бұл пікір толық дәлелденбеген. Себебі, сотталғандардың арасында дәулетті адамдар да болыпты. Алайда, осы ой жоққа да шығарылмаған. «Террорлық топтарға негізінен өміріндегі белгілі бір қиыншылықтарға тап болып, дағдарып қалған адамдар қосылған. Діннен хабары жоқтар, қай мәзһабқа жататындарын білмейтіндер де бар арасында. Сондай-ақ, құқықтық сауатсыздық та мұндай жолға итермелеген. Интернеттің де рөлін жоққа шығаруға болмайды. Елімізге сырттан келетін күштер де әсер еткен» деді бұл жөнінде орталық директоры.

Зерттеу әлі толығымен аяқтал­маған. Бірақ, алғашқы қорытын­дылары – еліміздің халқына тер­рорлық топтардан қауіптенудің қажеті жоқтығын  көрсеткен. Ерлан Қаринның бри­фингті қорыта айтқан сөзінен осыны ұқтық.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + eight =