ТҮЙТКІЛДЕР ТҮЙІНІН ТАРҚАТА МА ОДАҚ?!

0 98

ортком 1

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алқа мүшесі Талғат Доскеновтің пікірінше, Еуразиялық интеграцияның жаңа, маңызды, өрісті кезеңі басталды. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталмыш үдеріс жайында ой толғаған ол отандық шағын және орта бизнес саласы интеграция жағдайында мол мүмкіндікке ие болғанын да айта кетті.

«2009 жылдан бері қарай Қазақстан мен Кедендік одақ елдері арасындағы тауар айналымы 88 пайызға өсіп, 24 млрд долларға жетті. Экспорт, оның ішінде өңделген тауарлардың сыртқа шығарылуы екі есеге ұлғайды. Интеграцияға қатысушы елдердің экономикасы жалпы алғанда 2,2 трлн долларды құрады. Соның ішінде өнеркәсіптік тауарлардың үлесінде 1,5 трлн доллар. Интеграциядан кәсіпкерлеріміз мол пайдаға кеңеліп отыр» деді Талғат Қазыкенұлы.

Сөзін нақты мысалдармен әдіптеген ол былтыр қазақ­стандық электр трансформаторларының экспорты – 7,4, тракторлардың – 5,7, металды жұқарту станоктарының – 5,5, тоңазытқыш пен мұздатқыштардың – 4,5, жүк көліктерінің 3,7 есе ұлғайғанын жеткізді.

Т.Доскеновтің айтуынша, жағдайды пайдаланып, Еуразиялық нарыққа шығу мақсатын көздеген инвес­торлардың легі де көбейіп келеді. Сөзін дәлелдегісі келген ол былтыр Қазақстанға «Toyota» мен «Peugeot» сынды әлемдегі ірі автоконцерндер келгенін алға тартты.

Сонымен қатар, ол кейбір түйткілді мәселелерді де атап өтті. «Былтыр «Астана Моторс» компаниясы Ресейге 2,5 мың автобус жеткеруді жоспарлаған. Алайда, бір жеткерілетін көлікке сол ел тарапынан салынатын салық мөлшері 5-6 мың доллар болғандықтан, бірде-бір көлік жеткерілмеген. Беларусь Республикасымен арада мұндай проблема жоқ. Ол елде де тиісті салық бар. Бірақ, бұл Кедендік одақ және Еуразиялық экономикалық кеңістіктегі серіктестеріне қолданылмайды. Ал, Ресей көліктері Қазақстанға еш кедергісіз әкелінуде. Сондықтан, Ресей жағына бұл мәселе бойынша басымдық берілген деп ойлаймыз» деді Т. Доскенов.

Сонымен қатар, оның ойынша, Еуразиялық эконо­микалық комиссия шаш ал десе, бас алып отыр. «Бұл комиссия осы күндері 34 техникалық регламент қабылдаған. Соның санын әлі де азсынып, 66-ға жеткізбек. Ал, Еуропа одағында тек 20 техникалық регламент қана бар» деді ол.
Қазіргі таңда Еуразиялық Одақтың жаңа Кедендік кодексін әзірлеу де кезек күттірмейтін мәселе екен. Ұлттық кәсіпкерлік палатасының есептеуінше, оған қазақстандық және озық әлемдік практикадағы про­грессивті элементтер енгізілуі шарт. «Біз қазақстандық Кеден заңы ең үздік заңнамалардың қатарына жатады деп есептейміз» деді кәсіпкер.

Оның хабарлауынша, 20 мамыр күні Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілдері Астанаға келіп, бірқатар мәселелерді талқылайды. Соның ішінде диплом­дардың өзге елдерде мойындалуы да болмақ. Бұл еңбек миграциясы мен білім саласы үшін қажет екен.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 4 =