«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Түйіні шешілмеген түйткіл көп

0 168

Есіл ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Үркер тұрғын алабы тұрғындарының алдында есеп беру жиынына қалалық мәслихат депутаттары, мемлекет­тік қызметкерлер, құқық қорғау саласының өкілдері мен түрлі сала мамандары қатысты.

Ермағанбет Бөлекпаевтың сөзіне сүйенсек, өткен жылдың қараша айындағы есеп бойынша Есіл ауданы тұрғындарының саны 189 мың адамды құраған. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 21 пайызға артқан. Әкімнің баяндамасынан соң тұрғындар аталмыш тұрғын алабындағы қордаланған мәселелерді көтеріп, аудан басшысына бірқатар сауалдарын қойды. Сөз алған тұрғындардың көбісі мектеп маңайын электр жарығымен жабдықтау қажеттігін, көше бойына жаяу жүргіншілер белгісін орнатып, тіпті кейбір жерлерге жол бойына төселген арнайы белгілер қою керектігін айтты. Сол сияқты тұрғындардың айтуынша, соңғы уақытта электр энергиясы үшін бұрынғыдан 2-3 есеге көп төлеп жүргендерін де жеткізді. Сонымен қатар, аталмыш аумақтағы банкоматтардың санын көбейтуді сұраған тұрғындар Үркер тұрғын үй алабында кәріз жүйесі қарастырылмағандықтан, тұрғындар лас суды көше бойына төгетінін айтып шағымданған-ды. Сөз алғандардың бірі аудан әкімінен кейбір мәні жоқ көшелердің атын өзгертуді де қолға алуын өтінді. Сұрақ қойғандардың тағы бірі қаладағы Оқушылар сарайына бару «үркерлік» балаларға тым алыс екенін, сондықтан жасөспірімдер бос уақытын тиімді өткізу үшін сондай мекемелердің филиалы ашылса деген өтінішін білдірді. Ал өз кезегінде Сәбит Қасым деген ақсақал:
– Тротуарлар көлік жолынан төмен орналасқандықтан, үнемі қар басып қалады. Сонымен қатар, осындағы 612-көше бойында су жоқ. Сол сияқты аурухананың да жағдайы мәз емес. Соның барлығын реттеу керек, – деп аудан әкімінің алдына бірқатар мәселелерді қойды.
Тұрғындардың сауалына жауап берген Ермағанбет Бөлекпаев:
– Лас суды, қоқысты көше ортасына төгу әркімнің ішкі мәдениетінің қандай деңгейде екенін көрсетеді. Бірақ тәртіп сақшылары бұл мәселені алдағы уақытта жіті қадағалап, қатаң жұмыс жүргізетін болады. Бірқатар үлкен көшелерде тротуарлар салынады. Көшелер жөнделеді, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал электр энергия­ның мәселесі жөнінде арнайы жиын өткізетін боламыз. Сонымен қатар, биыл мектеп маңынан спорт кешенін салу жоспарда бар. Онда спорттық секциялар, түрлі үйірмелер ұйымдастырылады. Мектеп оқушыларын тасымалдауға 4 автобус берілген болатын. Алдағы уақытта осындағы мұғалімдер мен дәрігерлерге жатақхана салу жағын да қарастыратын боламыз, – дей келе, барлық мәселелер назарынан тыс қалмайтынын жеткізді.

 

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды