«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ТҰҒЫРЫҢ БЕРІК БОЛСЫН, ТӘУЕЛСІЗДІК!

0 296

Еліміздің ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні мәңгілік жасай бергей. Көк байрағы желбіреген, Елтаңбасы ерекше кестеленген, Әнұраны әлемге әуелеген, Қазақстан, көгіңде қыран қалықтай берсін!

ҚАЗАҚСТАН

Алланың асқарынан аласарман
Адайдан,
Үйсін,
Арғын-Қара Шордан,
Атырау-Арқа-Алатау-Асқар-Алтай!
Армысың, Ұлы Далам – Алашордам!

Көкірегің сенің де – арман,
менің де арман,
Өзіңдей – менің де ерек елім болған.
Ақсұңқар – әкем сенде күйеу болып,
Һалифа – шешем сенде келін болған.

Ез демей,
Туған күні-ақ ер дегенсің.
Қамшымды күміспенен зерлегенсің.
«Серік» – деп,
Есімімді өзің қойып,
«Әлди»-леп,
Бесігімді тербегенсің!

Жүрекке жұрттың
мұңы барып қонған,
Алашта менің алдым жарық болған.
Құдықтан құлайын деп тұрған кезде,
Құлақтан, Сенсің
Ұстап алып қалған!

Меруерт, алтын, гауһар –
алқаң болған,
Кіндіктен топыраққа арқандалған, –
Мен Сенің Жамбылыңмен
мағымұрланып,
Мен Сенің Абайыңа аң-таң қалғам!
Айдыны – аққу қонған Ғажапстан,
«Қазақ!» деп қаңқылдайды
қаз алыстан.
Аспанда Алла – Жалғыз,
Жер бетінде –
Сен – Жалғыз,
Жаппар Ием, Қазақстан!
… Баяғы дүние жоқ, баяғы ауыл,
Қонатын алтын бекет таяды-ау бір.
Келеді арып-ашып ат үстінде,
Толғатып Алаш – Анам –
Аяғы ауыр!
Көкте – Күн,
Көңілімде – қанағатым,
Жаһаннан жан берісіп, жан алатын,
Мен іздеп келем Бекзат Әлиханның,
Түсіне кірген Түрік Қағанатын…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды