«ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒАСЫҢ…»

0 188

IMG_7211

«Ел екеніңді көрейін,  ерлеріңді  аташы» деген аталы сөз Торғай  елі үшін арнай айтылған сөз секілді көрінеді. Торғай топырағы ел бастаған  көсемдерге, қол бастаған ерлерлерге, сөз бастаған шешендерге кенде емес, оның үстіне, талантты ақын, жазушыларымен  де аты аспандаған ел екеніміз  белгілі. Солардың  бірі де бірегейі, жас кезінен «бала махаббаты» әнімен атағы алыс қа кеткен, отызында орда бұзып, «Халық ақыны» атанған, ел аузына ілінген ақын  ағамыз  Қонысбай  Әбілов  еді.

1980-90 жылдар аралығында Торғай ақын-жазушылары жаз айларында ел аралап, шығар­машылық кештерін өткізіп,  халықпен кездесулер өткізіп, үсті-бастарын құм басып, өздері шаң жұтып, әзіл-қалжыңдары жарасып жүрген кездеріне демалыс кезімді пайдаланып, біраз  атқосшы  болып едім.

Сол  кезде  ақын-жазушылардың  туралы арасында айтылған Қо­ныс­бай аға әзіл-шыны аралас әңгі­мелерді естіген елдің ауызында  жүрсін деп ортаға салып отырмын.

Алғашқы қос сыйлық

Қонысбай ең алғаш қатысқан  үлкен бәйгесі – 1980 жылы өт­кізілген облыстық ақындар айтысы. Сол айтыста Қонысбай  Аманкелді ауданының белгілі ақыны Ғазез Әмірхамзиннің баласы Батырболат Ғазезовпен сөз  сайысына шығады. Қонысбай  кезек тиіп, домбырасын қолына  ала  бергенде, өнеріне риза  болған  алдыңғы қатарда отырған, бір  қария қалтасынан алма алып кө­кірек тұсына басады  да, ақынға  қарай лақтырып жібереді. Оны  жерге түсірмей қағып алған  Қонысбай:

Шын жүйрік қай кезде де

алда  болар,

Жақсының жанкүйері

мол да  болар.

Әзірге  дәл мен  үшін  үлкен  сыйлық,

Ағасы, өзің берген алма болар,
деп басын иіпті. Тауып айтқан сөзге халық дүркірете қол соғып,  қошемет көрсетеді. Қонысбай  сол  жолы бас бәйгені  де жеңіп  алыпты.

Ғалибекпен айтыс

1983  жылы Арқалық  қаласында  Аманкелді ауданынан келген  Ғали­бек Деріпсалдинмен айтысып  жа­тады. Ғалибек өз өлеңін қағаздан  оқып айтып отырғанда, жарық жалт сөніп қалды да, амалсыз тосы­­лады. Әзер шыдап отырған Қо­нысбай домбырасын ала сала:

Өлеңді айтшы, кәне, кем  болмасаң,

Шортанға мен секілді

жем  болмасаң.

Қараңғы, жарық маған

бәрі  бірдей,

Өлеңін жаттамаған сен  болмасаң,
деп төкпелетіп, ұрымтал жерден ұстапты.

Қонысбайдың реніші

Бір жылы ақындар айтысында әнші жігіт бірінші орын алып  кетіп, Қонысбайға екінші орынның  біреуі әзер тиіпті. Көңіл-күйінің  түсіп, түтігіп тұрғанын аңғарған  бір досы:

– Еңсеңді  түсірме, өнерде  ондай-ондай  болады, – деп  жұбатса керек.

Сол кезде Қонысбай жұлып  алғандай:

Күншілдік топырағын

шашып алдан,

Қай кезде де шын таланттың 

қасы болған.

Неге  мен  өкпелейін  бәйге жолда,

 Бір кезде Құлагердің басы  қалған,
деп  бұрылып  кете барыпты.

Тонның іші-сыртындай

– Қонысбай, тонымды алып  берші, – депті Жұмағали.

– Тоныңыз қандай еді, – деп  сұрапты Қонысбай.

– Сырты  нашарлау, іші  жақсылау  болса менікі болады, – депті.

– Ондай болса тоныңызды неге  теріс айналдырып  киіп  жүрмейсіз? – деп тонын кигізіп тұрып ақыл  қосыпты ағасына Қонысбай.

… салғыласса сөз табатын

Жұмағали да, Қонысбай да жастау кездерінде етженділеу, қазақша айтқанда «салмақтаса,  кір басатын» жігіттер екен. Бір  кездескенде  Жұмағали  Қоныстың  дене  бітіміне  қарап  тұрып:

– Осы  сен  енді он  жылдан  кейін  қандай болар екенсің? – депті.

– Он жылдан кейін мен сіздей  боламын, ал  енді  он  жылдан  кейін  сіз  қандай  болар  екенсіз? – деп  сөз  тауып  кетіпті  Қоныс

Тамаққа жақсы-ау деймін тәбет, аға

Бірде Қонысбай сағат күндізгі екілер шамасында ақындардың  да­йындығына келсе, барлығы  келі­сіп алғандай бірауыздан дом­бы­раларын Совет деген ағала­ры­ның кабинетіне қойғанын, ол кісі түстіктен кешігіп жатқанын айтады. Барлығы сөйтіп үшке дейін  оты­рады  күтіп. Ақыры,  әлгі  кісінің  келе жатқанын көрген Қонысбай  алдынан  шығып:

Ассалаумағалейкім, Совет аға,

Үшке дейін не қылған обед, аға.

Осыншама кешігуге қарағанда,

Тамаққа  жақсы-ау деймін,

тәбет  аға,

деп жұртты ду күлдіріпті.

Уыз лебіз:

Міне, ақтаңгер айтыс ақыны  Конысбай  аға жетпіске аяқ  басты, одан кейін – 80, одан кейін  – 90, одан кейін…..

Өзіңіз айтқандай:

«Қарасынан шашымның

ағы  басым,

Бұйрығына тағдырдың 

бағынасың.

Кішілерге аға боп қалғаныңмен,

 Іні болған күндерді сағынасың», – деп,  жүзге  бір  жетіп  қалсаңыз, сол  тойыңызда бас қосуға жазсын,  аға!

 

Жасұлан Кенжеахмет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 11 =