ТҰҒЫРЫ БИІК ТАУТҰЛҒА

0 471

Тұғыры биік тұл­ғаны терең зерттеу кезінде қан­дай тың деректер табылды? Ұлты­ның бағына туған аза­мат­­тың қайраткерлігін қалай бағаладық? Ел мен жер тарихында Тәшеневтің алар орны қандай? Артында қалған ұрпақ­тары аман ба? Осы жөнінде кітап авторларымен әңгімелескен едік.


1426273461_l

Жер тағдыры тартысқа түскен қиын кезеңде текті елдің ұрпағы екенін танытқан тұлға – Жұмабек Тәшенев. Оның есімі аңызға айналып, халық жадында сақталғанымен, ресми тарих ғылымында әлі жан-жақты зерттеле қоймаған болатын.Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Мемлекет тарихы институтының ғалымдары, педагогика ғылымдарының кандидаты Сейітқали Дүйсен мен тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов «Жұмабек Тәшенев» атты ғылыми-зерттеу еңбегін жазып шықты.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАҒЫНА ТУҒАН

Тілші: Шынын айту керек, өзіміз мектепте оқыған жылдары тарих оқулығында Тәшенев туралы естімедік. Ұлт жанашырын ұлықтау қай кезден басталды? Осы уақытқа дейін айтулы тұлға туралы зерттеген ғалымдар бар ма? Бұл еңбекті жазуға не түрткі болды?

Сейітқали ДҮЙСЕН:
– Жұмабек Тәшеневтің заманы Қазақ елінің аумалы-төкпелі кезеңдерімен тұспа-тұс келді. Бұл уақытта саяси қуғын-сүргін, соғыс, халық шаруашылығын қалпына келтіру, тың игеру сияқты науқандар жүргізіліп жатқан. Ол кісі осы науқандардың бәріне белсенді қатысқан. Сын сағатта қасқайып тұрып, қара жерге қорған болды, қайраткерлік танытты.
Осы уақытқа дейін Тәшенев жайлы зерттеу еңбектің жазылмай келгендігі ойланарлық жағдай. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ол жөнінде көз көрген кісілердің естеліктері мен газеттік шағын мақалалардан құралған бірнеше жинақ жарық көрді. Алайда оның бәрі бірдей мұрағат деректеріне негізделмеген әрі ғылыми нақтылығы шамалы дүниелер еді. Сондықтан да біз қайраткердің өмірі мен қызметіне қатысты бүкіл мұрағаттарды ақтара отырып, Қазақстан жерінің тұтастығын сақтап қалу жолындағы күресін ең басты еңбек деп бағаладық.

Қанат ЕҢСЕНОВ:
– Жұмабек Тәшеневтің қоғамдық-саяси қызметі туралы Дінмұхамед Қонаевтың естелігінде айтылады. Одан кейін ел ардақтыларының бірі Бәйкен Әшімов еліміздің оңтүстік және солтүстік өңірлеріндегі жер үшін болған тартысқа белсене араласып, соңында қызметтен қуылғаны туралы терең толғаныспен жазған. Тәшенев туралы алғашқылардың бірі болып қалам тартқан жазушы Әди Шәріпов болды. Ал профессор Бейімбет Ермұханов болса өзінің зерттеу мақаласында 1960 жылдары Қазақстанның бес облысын алып қалуға, халықтың бағына қарай ер мінезді қайраткер Жұмабек Тәше­нев шықты деп жазады. Осындай біраз танымал кісі­лердің естеліктерінде тұлға­ның аңызға бергісіз істері айтылады.
dujsenТілші: Тәшенев өзі туралы осындай бағаны көзі тірісінде естіді ме?

Сейітқали ДҮЙСЕН:
– Тәшенев туралы алғашқы естеліктер мен мақалалардың, негізінен, ол дүниеден өткен соң ғана жариялана бастағанын атап өткен жөн. Бұл істі ең алдымен Тәшенев 25 жыл қызмет еткен, халқының сүйіспеншілігіне бөленген Шымкент өңіріндегі өзімен қызметтес болғандар, ақын-жазушылар мен журналис­тер бастады.
Жалпы, айтулы тұлғаның ерлігін насихаттап жүргендердің қатарында Хайдар Арыстанбеков, Сағадат Нұрмағамбетов, Сағындық Кенжебаев, Ғарай Сағымбаев, Керімбек Сыздықов, Кәрішал Асанов, Сабыр Қасымов, Ұлықпан Бәшенов, Амантай Кәкен, Мейрам Байғазин, Жолдыбай Базаров, Ерікболат Қабылдин және тағы басқа ғалымдар мен зерттеушілер баршылық. Осы ұлтжанды азаматтардың араласуымен «Қазақстан» ұлттық энциклопедия­сына өмірбаяны енгізілді.

ЕСІМІ 2009 ЖЫЛЫ ОҚУЛЫҚТАН ОРЫН АЛДЫ

kanatТілші: Жұмабек Тәшеневке қатысты деректер бола тұра не себепті жөнді ғылыми-зерттеу жарияланбаған?

Қанат ЕҢСЕНОВ:
– Кеңестік дәуірде және тәуелсіздіктен кейінгі уақыттарда осы деректерге негізделген толыққанды еңбек жазылмай келді. Олай болуының өзіндік себептері бар. Сол кездегі жүйе басшылары өз айтқандарына көн­бегендерді жоғары қызметтен шеттетіп, тұқыртып тастауға дайын тұрды. Олар туралы жазуға, айтуға, тіпті атын атауға тыйым салынды.
Тек еліміз тәуелсіздікке қол жеткіз­геннен кейін ғана ғалым­дар, жазушылар, қоғам қайраткерлері ол туралы есте­ліктер мен мақалалар жариялай бастады.

Тілші: Жұмабек Тәшенев туралы мектеп оқулығына қашан енгізілді?

Сейітқали ДҮЙСЕН:
– Қазақстанның тәуелсіздігі кезеңінде Тәшенев есімін алғаш рет мектеп оқулығына, яғни 2009 жылы енгізген тарихшы ғалым Бүркітбай Аяған болды. Сол жылы «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» атты 9-сыныпқа арналған, өңделіп, толықтырылған екінші басылымында ол: «Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері 1955-1961 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі, Министрлер Кеңесі төрағасы қызметін атқарған Жұмабек Тәшенев қазақ жерінің ау­мақтық тұтастығының сақ­талуына көп еңбек сіңірді» деп жазды.

Тілші: Тәшеневтің Ақмола өңірінің тумасы екенін жақ­сы білеміз. Жалпы, Кеңес дәуірінде қандай қызметтер атқарды?
Қанат ЕҢСЕНОВ:
– Жұмабек Тәшенев 1915 жылы қазіргі Ақмола облы­сы­ның Аршалы ауданында дүниеге келіп, білім алып, еңбекке араласқан. 1938-1951 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында шаруашылық, кеңестік партия жұмыстарында болды. 1952-1955 жылдары Ақтөбе облысын басқарды. 1955-1960 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы, ал 1960-1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарды.

Сейітқали ДҮЙСЕН:
– Кеңес елін Н.Хрущев басқарған 1953-1964 жылдары Қазақстанды бірнеше өлкеге бөліп басқаруға, түбінде Қазақ Республикасын жоюға бағыт ұстағаны тарихтан бел­гілі. Қазақстанның жерін жырымдап, Өзбекстанға, Түркіменстанға, Ресей Федерациясына бөліп бермекші болды. Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын 1956 жылы Өзбекстанға беріп те үлгерді. Қазақ Рес­пуб­ликасының бас­шылығы жер беруге қарсы екенін білдіргенімен, КСРО-ның кеудемсоқ басшысы оларды тыңдамады. Келесі кезекте 1960 жылдың соңында Қазақстанның солтүстігіндегі 5 облысын (Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қостанай, Ақмола, Павлодар) Ресей Федерация­сына беруді талап етеді. Сол кезде Қазақстанның Премьер-министрі қызметін атқарған Жұмабек Тәшенев бұл КСРО мен Қазақ Республикасы Конституциясының баптарын бұзғандық, халық еркімен санаспағандық екенін, егер жерді заңсыз беретін болса, Қазақстан басшылығы халықаралық ұйымдарға шағымданатынын ескертіп, Хрущевті шегінуге мәжбүр етеді. Осы қарсылығы үшін оны қызметінен кетіреді.

Қанат ЕҢСЕНОВ:
– Ол – елінің, жерінің тұтастығы үшін басын бәйгеге тіккен ұлтжанды, батыр қай­раткер. Сол қайраткердің ер­лігі болмағанда, Қазақстанның бестен бірі 1960 жылы Ресейге берілгенде республикамыз тәуелсіздік алғанда ол жерлер қайтарылмай қалып қояр еді. Қазіргі Астана қаласы да болмайтын еді. Сондықтан Тәшеневтің ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Оның ерлігін жастарға насихаттау – бүгінгі ғалымдардың парызы.

Тілші: Тәшенев 37 жасында Ақтөбеге бірінші басшы болып келген екен. Ол кездегі ахуал қандай еді?

Сейітқали ДҮЙСЕН:
– Ақтөбе облысына же­текшілік еткен жылдары бұл аймақта қара металлургия, мұнай-химия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салалары дамыды. Облыста әлемдегі ең үлкен фосфор кендерінің бірі орналасты. Алға станциясында ірі химия комбинаты жұмыс істеді. Кемпірсайда никель, Новоресей ауданының Дөң ауылы маңында хром кен орындары болды. Бершөгірде көмір, Жақсымай мен Шұбарқұдықта мұнай өндірісі жұмыс істеді. Елімізде аң терісінен жасалған сыртқы киімдердің жартысынан астамы Ақтөбе кәсіпорындарының үле­сіне тиді. Тамақ өнеркәсібі сала­сында жылдан-жылға ет және ет өнімдерін өн­ді­ру арта түсті. Яғни, мық­ты ұйым­дас­тырушылық қа­білетімен танылғаны әлі күнге дейін айтылып жүр.

КІНӘСІЗ АДАМДЫ ҚҰТҚАРҒАН

Тілші: Ол кісінің әділдігі туралы көп айтылады. Тіпті, кезінде «өлім жазасына» ке­сілген бір ғалымды ақ­тап алған деседі. Осы тура­лы толығырақ айтып берсеңіздер…

Қанат ЕҢСЕНОВ:
– Қайраткер Тәшенев еш­кімді ұлтына қарап алаламаған. Әрқашан әділдікті жақтаған. Сіз айтқан мысалмен зерттеу барысында біз де таныстық. Мәскеудегі кезекті төрағалық қызметін атқару кезінде украиндық бір ғалымның «қылмысты ісі» алдына келеді. Қарт ғалымға бір жауапты қызметкерді өлтірді деген айып тағылып, өлім жазасына кесіліпті. Кешірім жасау туралы өтініші де қабылданбапты. Мәскеулік төраға К.Е.Ворошилов деген кісі демалыста болғандықтан, оның орынбасары Тәшенев қол қоюға тиісті болған екен. Жоғарғы Кеңес қыз­мет­­керлерінің бұл мәселе К.Е.Вороши­ловпен келісілген деген қарсылық­тарына қара­­мастан, адам тағ­дыры бол­ғандықтан, ол өлім жазасы туралы үкімге қол қоймай, түрмеге өзі барып, қарт ғалымға жолығады. Кінәсіз екеніне көзі жеткен соң, істі қайта тергеуге жібертіп, ақтап қалады. Кейін кісі өлтірген қылмыскер де анықталып, жазасын тартқаны туралы деректер бар.

Тілші: Тәшенев пен Қо­наевты бір-біріне айдап сал­ғандар болды деген пі­кір­­лер жоқ емес. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

Сейітқали ДҮЙСЕН:
– Дінмұхамед Қонаев пен Жұмабек Тәшенев сияқты екі ірі тұлғаның сыйласып, ынтымақтаса жұмыс жасауына тағдыр жазбады. Екі азаматтың ел игілігі үшін жарасымды жұмыс істеуіне жеке бастарының пендешіліктерімен қатар, сол кездегі «күншіл қазақтардан» түсетін «домалақ арыздарды» Кремль билеушілері оларға қарсы шебер пайдаланды. Бір-біріне қарсы айдап салуға тырысқан. Бұл отаршылдардың ертеден келе жатқан «бөліп ал да, билей бер» әдісі болатын. 50-60 жылдары қызметтес болған замандастарының есте­лік­теріне зерделеп қарасақ, Қонаев пен Тәшеневтің жұмыс істеу, басқару стильдерінде айырмашылық болған. Қонаев сыпайы, сабырлы, барлық істі асықпай, байыптап шешуге ұмтылатыны көрініп тұрады. Ал Тәшенев мінезі тік, шапшаң, қызбалау, өзіне қатысты мәселені кейінге қалдырмай, сол уақытында шешуге ұмтылатын болған. Әскер қатарында болмаса да, бұл жағынан әскери тәртіпке дағдыланған адамға ұқсайды.

«ШЫНЖЫРДАҒЫ ДАЛА ЖОЛБАРЫСЫ»

Тілші: Айтулы тұлғаның аты берілген оқу ордасы бар ма?

Қанат ЕҢСЕНОВ:
– Астана қаласында Жұмабек Тәшенев көшесі бар. 2009 жылдан бері қарай ұсыныстар жасалып, қалалық Ақсақалдар кеңесі, қоғамдық ұйымдар, мектеп ұжымы және ата-аналар ынталы болғанымен, №10 мектеп-гимназияға аты әлі берілмей келеді. Тағы бір айта кетерлігі, елордада қазақ халқының қай­раткер тұлғасының еңселі ескерт­кіші жоқ. Бұл – ойландыратын мәселе.
Қазіргі жаһандық жағдайда елдікті сақтап, тәуелсіздікті баянды етуіміз үшін тарихи тұлғаларымыздың өмір жолы мен өнегелі істерін жас ұрпаққа неге насихаттамасқа?! Былтыр 2015 жылы тұлғаның 100 жылдығы аталып өтті. Бірқатар ұсыныстар жасалды. Бірақ жүзеге аспай келеді. Кезінде ел басына күн туғанда астындағы тағынан да бас тартып, туған жері мен елі үшін құрбандыққа барған айтулы тұлғаның рухына тағзым етіп, қолдан келгеннің барлығын жасауымыз керек қой.

Тілші: Тәшенев туралы зерттеу үшін еліміздің бүкіл облысына барып, мұрағат құжаттарымен танысып, көз көрген жандармен пікірлесіп, құнды деректер жинадыңыздар. Тәшенев тағылымын қалай бағалайсыздар?

Қанат ЕҢСЕНОВ:
– Саясатты жасаушы адамды саясаткер дейміз. Тәшеневті Кеңестік замандағы ұлтжанды қазақ саясаткері деп бағалауға болады. Біріншіден, ол сол уақытта «ұлтшыл» деген жаладан қорықпай, жоғары басшылықта қазақ ұлтынан басшы кадрлар қалыптастыруды батыл қолға алды. «Қазақтан­дыруға» күш салды. Екіншіден, ауыл шаруашылығы экономикасы саласының білгір маманы. Осы сала бойынша екі рет диссертация жазған ғалым. Әсіресе, жер өңдеу технология­сын қатаң сақтауды жақтаушы болды. Үшіншіден, қазақ өнері мен мәдениетінің үлкен жанашыры және ұйымдастырушысы болды. Ол басшылық еткен жылдары қазақ қаламгерлеріне ерекше қамқорлық танытты.

Сейітқали ДҮЙСЕН:
– Ол заманда бетбұрыс кезеңдерге байланысты бас­шылық қызметте жүрген мемлекет қайраткерлеріне деген көзқарас үнемі құбылып отырды. Бұған Қазақстандағы саяси оқиғалар нақты дәлел. Кеңес үкіметінің басшылары ұлтжанды Жұмабек Тәшеневті бір облыста оқшаулап ұстады. Әрбір қадамы бақылауда болды. Сондықтан ғалым Кәрішал Асан атаның Тәшеневті «шынжырдағы дала жолбарысына» теңеуі өте орынды баға.

Тілші: Жұмабек Тәше­невтің ұрпақтары кімдер?

Қанат ЕҢСЕНОВ:
– Жұмабек Тәшеневтен Саян, Саят, Болат, Мұрат және Алла деген төрт ұл, бір қыз өрбіген. Саят деген баласынан басқалары өмірде бар. Алматыда және Шым­кент қалаларында тұрады. Бәрі кезінде білім, ғылым саласында еңбек еткен және қазіргі күнде зейнетке шыққан.
Тілші: Тұлға жайлы тағы­лымды әңгімелеріңізге рақ­мет!

Әңгімелескен:
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − six =