Тұғырлы тұлға тағылымы

0 60

Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы бірлесіп, көрнекті әдебиеттанушы ғалым, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рымғали Нұрғалидың туғанына 80 жыл толуына арналған «Қазақ руханиятының ардакүреңі» атты онлайн академиялық сұхбат өткізді.Бұл сұхбатқа Қазақстан Жа­зушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, жазушы-драматург ­Ермек Аманшаев, жазушы Әлібек Асқар, қаламгер-публицист Сұлтан ­Оразалин, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов, профессор Құнапия Алпысбаев, ақын Дәулеткерей Кәпұлы және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысып, ардақты азаматтың өмірі мен оның қызметі жайында естеліктер өрбітіп, ғибратты ғалымның артында қалған мол мұрасын насихаттау жайында өзекті мәселелерді қозғады.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет көрнекті академикті қазақ әдебиетінің үлкен білгірі екендігін жеткізді.
– Ол кісі парасатты азамат, қайраткер ретінде ғана емес, оның әдебиеттегі орны да соншалықты биікте деп ойлаймын. Мен оның дәрісін тыңдаған шәкірті болған жоқпын. Бірақ өмірде ағалы-інілі жақын сыйластым. Әсіресе, Рекең драматургияның жілігін шағып, майын ішкен, оның күретамырын тап басқан, сыншы болды десем, артық айт­қандық емес. Ол драматургияның зерттеу саласында ірі тұлға болып қалыптасып, соңынан мектеп қалдырды, – десе Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінде оқып жүргенде шәкірті болған Ермек Аманшаев ол кісінің алаш арыстары ақталмай тұрғанда олардың шығармалары туралы қаймықпай айтатындығын сөз етті.
«Рымғали аға энциклопедия­лық білімі бар ғалымдардың бірегейі еді. Бізге 2-3 курста әдебиет теориясынан сабақ берді. Мысалы, сол жылдары Ахмет, Мағжандардың есімдері айтылмайтын. Бірақ ұстазымыз ретін тауып, сабақ үстінде Ахаң мен Мағжанның шығармалары туралы айтып отыратын. Бірде емтихан болып, алған билетіме 20-шы жылдардағы қазақ әдебие­ті деген сұрақ келді. Емтиханды Рымғали аға алды, сосын ол кісіге: «Жауап арасында Мағжанның мынадай бір өлеңі бар» деп қосып жібердім. Ол маған қарап: «Оны қайдан оқыдың?» деп сұрады, мен: «Қай жерден оқығаным есімде жоқ, бірақ оқыған кездегі алған әсерім есімде» деп жауап беріп едім, басын шайқап күлді. Рымғали аға Алаш зиялыларын ғана емес, әлем әдебиетін де жетік білетін еді» деді жазушы-драматург.
Сондай-ақ сұхбат барысында басқа да ғалымдар тұғырлы тұлға туралы толымды ойларын ортаға салып, тағылымды естелік айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + six =