ТУҒАН ЖҰРТЫНЫҢ ТОЛАҒАЙЫ

0 113

Рымбек Жүнісов

Әдемі қартайған қариялар болады. Иә, әдемі қартайған, айналасына мейірімін ғана төгіп тұратын, аузынан айналайыны түспейтін, көңілі түскенге көл-көсір ақтарыла кететін, жаймашуақ күн секілді, жанға жағымды жыр секілді, әуелей қалықтаған ән секілді… Бұл теңеулерді көкейге оралтқанда, талай астаналықтың есіне Рымбек ақсақал түсеріне сенімдімін. Әңгімеміз жетпістен асса да, үзеңгісін босатпаған, еңсегей бойлы, ашық жүзді, әлі күш-қайратын шамаламаған осы кісі жайында өрбімек.

Рымбек Жүнісов. Іргедегі Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданының тумасы. Ғұмырында еңбектен қол үзбеген оның атақ-даңқы бір атанға жүк боларлықтай, ең алдымен өзі түлеген топырақтың Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ХII сайланған Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі(1999-2006), 2010 жылдан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Ал, бүгінде «Ақмола-Бетон» жеке шаруашылық серіктестігі компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы. Ата жасқа келсе де аттан түспеген қарияның айтары мол, ақылы – өнеге, заты текті екені жүздескен жанға бірден байқалады.

Рымбек атаның балдәурен балалық шағы сонау бір сұрапыл соғыс пен одан кейінгі ауыр жылдарға тұспа-тұс келеді. Сондықтан, бақытты дәурені қамсыз өтті дей алмаймыз. Мұны әркез айтып отыратын әңгімелеріне құлақ түргенде байқайсыз. Өзге балалардай шаруаға ерте жегілді, бұғанасы бекімей, қабырғасы қатаймай бейнеттің бел ортасында жүрді. Ойын баласы болып, асыр салып, үй көрмей қаңғыған жоқ. Өйткені, зұлмат жылдардың жеткіншектері ерте есейген, есейгендердің ойымен, мұңымен жетілген. Сондықтан болар, бала Рымбек те ертерек үлкен азамат болғысы келді, халқының керегіне жарауды мақсат тұтты, елінің бір кірпіші болып қалануды мұрат етті. Осының бәрі жігерін жанып-жанып, бозбала Рымбекті өрге сүйреді, биікке талпындырды.

Орта мектепті бітірісімен кеңшардың қатардағы жұмысшысы ретінде еңбек жолын бастады. Аз-маз болса да нәпақа тауып, ата-анасының әжетіне жарады. Алайда, ұлдарының таудай талабы мен талпынысын ерте таныған әке мен ана оның оқығанын қалады. Өзі де мақсат-мұратына тек білімнің күшімен жететініне әбден көзі жеткен-тін. Содан кейін тілеулесі әке мен аяулы ананың ақ батасымен арманын арқалап, түу алыстағы Алматыға аттанған.

Жастар шаһарының іргесінде орын тепкен Талғар қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумына құжат тапсырады. Бағы жанып, студент атанады. Қас қағымдай уақыт – үш жылда кіші агроном мамандығын алып, елге оралады. Рымбектің ендігі көздегені – кеңшарға қызмет ету, білімінің жемісін алдымен туған еліне көрсету. Жас агроном қандай шаруада да аянып қалған жоқ. Алайда, арнаулы оқу орнының тәлімі өмірлік нәр бола алмайтынын ұқты. Тағы да «Алматы қайдасың?» деп, Жетісуға аттанды.

1962 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне түсу оған қиынға соққан жоқ. Өйткені, саланың ұңғыл-шұңғылы алақанындағыдай таныс, тәжірибесі жетерлік, теориялық жағынан да біледі. Тек жоғары білім керек. Оны да табысты аяқтап, 1967 жылы туған еліне екінші мәрте оралды. Міне, осы кезден бастап ол алғашқы арманының үдесінен шықты. Еліне, жеріне, халқына пайдасын тигізуге білек сыбана кірісті. Кәнігі маман кіндік қаны тамған туған өлкесіне жарты ғасырға таяу уақыт қызмет етті.

Бойындағы жігер мен қайрат, мақсаткерлік, айналасының тілін таба білуі, шаруашылықты ұйымдастыру қабілеті оны бір орында тежеп қалдырмады. Алғашқыда кеңшардың бас агрономы болып жүрген жас маманның ширақтығын, жауаптылығын, іскерлігін байқаған аудан басшылығы Рымбекті партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушылығына тағайындайды. Аз уақытта-ақ өзін айналасына мойындатқан ол аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары қызметіне жоғарылайды. Ол кездегі аудандық партия комитетінің ұстанған саясаты сол, бұл қызметтегі кадр кеңшар директорлығына бірден-бір үміткер болу керек. Рымбек ісіне адалдығын, шаруаға бейімдігін, жұмысқа берілгендігін тағы көрсетті. Сондықтан, мұндай мамандар шаруашылығы ақсаған, экономикасы әлсіреген өңірлерге жіберілетін. Рымбек Жүнісұлы «Қызыларай» кеңшарына директор болды. Осы қызметтегі тоғыз жылында кеңшарды аяғынан тік тұрғызды. Осы тұста ғой, мақтау мен мадақтаудың, ордендер мен медальдардың астында қалғаны. Оған қоса, директорлардың ішінде бірінші болып, облыстық советте депутаттық мандатты үш рет ұстады.

Тәжірибелі маман кейін шегінбейді, өрге жүйткиді. Ол аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы, партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Яғни, ілгерілеудің барлық сатысынан өтті.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін де Рымбек қария абдырап қалған жоқ. Туған халқының азаттығына айрықша қуанды. Әр қазақтың әлеуеті мықты болса деп тіледі. Ұлтының әр өкілі асқақ болса деп армандады. Өзі де ел дамуына үлес қосты. Парламент депутаты болып жүргенінде Мемлекеттік әнұранның қабылдануына, ұлттық валютамыздың қалыптасуына, Конституциямыздың жоғары деңгейде жазылуына, ең бастысы, ел қолына егемендіктің өтуіне айтарлықтай ат салысты.

Республикалық салық комитеті мен жер қатынастары органдарында басшылық қызметтер атқарды. Қоғамдық құрылыс пен шаруашылық жүргізудің бұрын-соңды тәжірибеде болмаған ісіне де бел шеше кірісіп, ескі жүйенің жаңаша қайта құрылуына барынша атсалысты. Өйткені, Рымбек талай замандасына соққы болып тиген нарықтық экономиканың артықшылығын сезінген, тереңірек түсінген. Ел енді ғана ұғына бастаған орта бизнесті ол сол кезде-ақ шыр үйірген еді. Қазіргі «Ақмола-Бетон» зауыты – сол тұстағы еңбегінің жемісі. Бұл ЖШС-ның елорда құрылысының қарқынды жүруіне зор үлес қосып келе жатқанын айтуымыз керек. Жүз елудей адамды жұмыспен қамтығанын да естен шығармағанымыз жөн. Зауыт жұмыскерлері жатақханамен қамтылған.

Рымбек қарияны атымтай жомарттардың қатарына ойланбастан қосуға болады. Оның шапағатын көргендер жүздеп саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын әркез қолдап отыратын ол өз ниетін нақты ісімен де көрсетіп бақты. Айталық, иек астындағы қиын-қыстау жылдары туған ауылы Ақтоғайда дәрігер мамандарын тұрақтандыру үшін аудан орталығынан үш бөлмелі үй салып берді. Мектептердің, балабақшалардың, кәсіптік техникалық оқу орындарының материалдық-техникалық базаларын нығайтуға септесті. Жергілікті зиялылардың да талай қажетіне жарағаны бар. «Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақпаев секілді Алаштың ардақтылары дүниеге келген туған жерімнен ешқашан алыстап кеткен емеспін, қолымнан келсе көмектесіп тұрамын. Ақтоғай десе барымды ақтарып салғым келеді» дейді өзі. Осындай игі істерін елеген аудан басшылығы «Ақтоғай ауданының құрметті азаматы» атағын берді.
Сөз басында Рымбек атаның аузы дуалы, сөзі уәлі екенін айтқанбыз. Расында, оның әр әңгімесінен өнеге-өсиет аңғарылады. Мәселен…

«Менде көп адамдар сияқты біреудің көмектескенін жасырып, бар жетістікке тек өз күшіммен ғана жеткендей көлгірсіп жүретін әдет жоқ. Ақты ақ, қараны қара деген дұрыс. Көмектескен адам сізден басқа жан таба алмағаннан кейін ғана жақсылық жасап отырған жоқ, жақсылардың ішінен таңдап алып, қол ұшын беріп отыр. Оны ұмытуға бола ма?»

«Өзін-өзі сыйламаған жан өзін өзгеге де сыйлата алады дегенге мен сенбеймін. Біз өзімізді өзіміз сыйлай алатын халықтық және ұлттық деңгейде мінез қалыптастыруымыз керек. Мінезсіз адам да, ұлт та болмайды. Кезінде сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Мен қазақтың қазақ болғанына жетерлік ешнәрсе бар деп ойламаймын» деп айтқаны біздің ұрпақтарымызға ең қастерлі қасиет болып сіңуі керек».

«Білім мен ақыл бәрін де жеңеді. Ақша байлығымен рухани байлықты алмастыра алмайсың».

Осындай өрісті ойларды айта білген жанның артында ізі қалары ақиқат. Рымбектің «Көңілге түйгендерім», «Тоқырауын тоқырамасын» атты кітаптары осы сөзіміздің дәлелі. Қос туынды да талай оқырманның ой түюіне, өмірлік ұстаным қалыптастыруына ықпал еткені анық. Рымбек атаның кітаптарын республикалық, облыстық басылым жарыса сүйіншілеп, айқын бағасын берген. Осының өзі-ақ өнегелі дүниенің қымбаттығын растайды. «Көрнекті адамдар өз елінің бағына туады» деген сөз бар. Шындығы сол, Рымбек ата бағына туған, өз жұртының бір Толағайы.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді дана халқымыз. Ол өзі туған өңірден түлеген Жидебай батырдың 300 жылдығына арнап республика көлемінде Ақтоғай ауданында дүркіретіп ас берді. Батырдың атындағы округ орталығында сәнді ескерткіш орнатты. Белгілі басылымдар, республикалық телеарналар арнайы репортаждар беріп, елге батырды таныстырған.

Рымбек ата әр сөзінде «Жаманның жек көруі – жақсылықтың белгісі» дейді. Бұл шығыс шайыры Омар Хаямның «Адамдардың пайдалысы – адамдарға пайда келтіргендер» деген өсиетімен үндеседі түйсінген жанға. Біле білсек, біздің кейіпкеріміз басшылық ететін «Ақмола-Бетон» зауыты соңғы он жыл ішінде Астанаға 1 миллион 040 965 куб бетон, мыңдаған фундаментті блок, есік, терезе маңдайшаларын берген екен. Осы жылдар ішінде бас шаһар қазынасына 615 миллион 599 974 теңге салық төлеген. Ең бастысы, 12 миллион 694 845 теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. Әлбетте, бұлай қол ұшын созу үшін де ерен ерліктің иесі болу қажет, атымтай жомарттық керек. Мемлекет осындай қолдаудың нәтижесінде көркейеді, осындай азаматтарымен ілгерілейді емес пе?
Жаратушы адам баласына «Өзің қандай болсаң, жарыңды да сондай етіп қосамын» депті. Рымбек атаның жұбайы да өзіне сай. Апамыз Бәзиля Қалиқызының мамандығы – дәрігер. Ресейдің Кемерово қаласының тумасы. Қалың орыстың қақ ортасынан келсе де, қазақы қонақжайлығын жоғалтпаған, төрінен кісі үзілмейді. Маңдайын шытпай күтіп алады, асты-үстіне түсіп шығарып салады. Өзі де өте сұлу, реңді адам. Қос қария бүгінде сегіз немере, екі шөбере сүйіп, тәрбиелеп отыр.

Серікгүл СҰЛТАНҚАЖЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 11 =