©2020 Астана Ақшамы
Таяуда фейсбуктегі достарымның бірінің парақшасынан ұшақтан түскен бойда жата қалып жерді сүйіп жатқан бір ақсақалдың суретін көзіміз шалды. Айналасы – қаумалаған көпшілік. Бірі сәжде қылғандай жерді сүйіп жатқан ақсақалға таңырқай қараса, енді біреулер көңілі босап, тебіреніп, әлгі кісінің бойындағы сұрапыл сезімдерге, қайталанбас көңіл-күйіне ортақтасып отыр.
Сұрастыра білгенім, сурет авторы – қырық жыл бойы мойнына фотоаппаратын асынып, ел кезген журналист Болат Омарәлиев екен. Ол атамекеніне аңсап жеткенде сағынышы тулап, күміс сақалы мөлт-мөлт тамған көз жасына шыланған және өн бойын кернеген сол сезімін ірікпей, туған топырағына сәжде еткен ақсақалдың қайталанбас сәтін, тілмен айтып жеткізгісіз сұрапыл сезімдерін бір кадрға сыйдырған екен.
Автормен тілдескенімде: «1992 жылдан бастап шет елдегі қандастардың алғашқы легі келе бастады. Қызылорда жеріне де үлкен ұшақпен жүзден аса оралман келді. Ауғанстаннан. Мен олардың Отанымызға аяқ басқандағы сезімін суретпен жеткізгім келді. Сондағы Сағынай Қарабазар деген ақсақалға таяп: «Әкей, туған жердің топырағы қалай екен?» дедім. Сол-ақ екен, ақсақал тізе бүгіп жата қалып, жерді сүйе бастады. Мен сасып қалдым да, сыртылдатып суретке түсіре бердім» деді Болат аға.
Ол тұста Болат Омарәлиев Қызылорда облыстық газетінің фототілшісі болып істейді екен. Суреттегі кісілердің атажұртқа оралуына мұрындық болған отан,дасымыз – Памир Камалов деген азамат. Ол Ауғанстандағы ешқандай құжаты жоқ қазақтарды бір жерге жинап, бірнеше жүк көлігіне отырғызып, Түркия жеріне өткізіп, онда түріктердің көмегімен ұшақ жалдап Қазақстанға алып келген.
Бұл суретке қарап, атамекенге аңсап оралудың қандай болатынын сезінесің.