Туған тілін тұмар еткен

0 47

Ғылыми ортада өз қолтаңбасы бар «Қазақ тілі» пәнін оқыту жүйесін жетілдірудің бағыт-бағдарларын ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан ғалым, елордадағы Назарбаев университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Тұрарбекқызы Дәулетбекованың кісілігі мен кішілігі, ғалымдығы мен ұстаздығы туралы толғамымның басында оған: «Жанат Тұрарбекқызы, сіз – ісіңізбен де, сөзіңізбен де, ғылымдағы жаңалығыңызбен де ел мүддесін күзеткен, ұлтын сүйген ғалымсыз!» дегіміз келеді. Неге? Енді осы сұрақтың жауабын айтып көрелік.

Жанат Дәулетбекова – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, білікті ұстаз. Ал оның бастауы тұнық болмаса, ортасынан, ата-анасы мен ұстаздарынан алған нәрі сұйық болса, көрген өнегесі әлсіз болса, ол жүз жерден ғалым болса да, «Ел күзетшісі» бола алмас еді. Жанаттың бастауы – оның елі, туған жері! Жанат – қарапайымдылықтың абызындай болған Тұрарбектей текті әкесінен, мейірімнің дариясындай болған Жәмиладай анасынан, «менің ұстазым» деп сағына еске алатын мұғалімі Шекер Оразымбетов ағайынан, «өмір-көштегі құбылам» деп ардақтайтын Бек ағасы мен Ханипадай асыл жеңгесінен алған тәлімін өз болмысына шырақ етіп жаққан адам. Оны ғылымға, отбасылық бақытқа, адамдармен риясыз қарым-қатынасқа адастырмай алып келген де жүрегіндегі осы шамшырақ тағылым болса керек.
Жанатты ауылынан ұзатып шығарған арманның аты талап болатын. Абай айтқандай, «талаптың тұлпарын ерттеп мінген» қаршадай қызды сол талап Алматыдағы маңдайалды университетке, қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің филология факультетіне алып келді. Жанатты студенттік кезден танимын. Есімде қалғаны, ол қатардағы, сабаққа барып-келіп жүретін студент болған жоқ. Қашан да айтар ойын барынша сараптап, салмақтап барып, жүйелі жеткізетін еді. Оның бұл қасиетін ҚазМУ-дың арыстары, ұстаздарымыз да жоғары бағалап, ғылым жолына тартқан болатын…
Студенттік жылдар артта қалып, жан-жаққа кеттік. Біраз жылдардан соң тарихтағы «тоқырау жылдарының соңы, тәуелсіздіктің басы болған» тоқсаныншы жылдары тағдыр біздің жолымызды қайта тоғыстырды. Біздің жолымыз Ы.Алтынсарин атындағы педагогика ғылымдарының ғылыми-зерттеу институтында түйісті: Жанат «қазақ тілін оқыту зертханасында», мен «қазақ әдебиетін оқыту зертханасында» ғылыми қыз­меткер болып ұзақ жылдар бірге қызмет жасадық. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ғылым жолына «аш қасқырдай» белсенділікпен кірістік. Бізге ғылым әліппесін үйреткен ұстаздарымыз да бір керемет жандар еді.
Жанат Тұрарбекқызының ұлттық білім саласына сіңірген еңбегін жұрты білуі тиіс деп санаймын. Бүгінгі техника дамып, жаһанданудың алып машинасы ғарыштық жылдамдықпен адам санасын да, санасы арқылы болмысын да өзгертіп жатқан қатал заманда ең үлкен қауіп-қатер адамзаттың тіліне төніп тұрғаны анық. Мәселені қызу талқылап, болмаса кездесіп қалған адамдар бір-бірінің қал-жайын сұрап, жастар мәре-сәре болып қауқылдасып, әзілдесіп жататын жағымды үрдістер көзден ғайып болып барады. Тіпті, қатар отырған адамдардың өзі бірі-бірімен сөйлесуден қалды. Қалта телефонымен алысып, хабарлама жіберіп, келіссе, «ок» деп жатады. Жанат Тұрарбекқызы осы қауіптің боларын о баста сезген тәрізді. Ол кандидаттық зерттеу жұмысында мектеп оқушыларының ана тіліне деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін оятудың жолын зерделеді, баланың тілге деген мотивациясын жетілдірудің әдістемесін зерттеді. Оның нәтижелері «Қазақ тілінің» 5-6-сыныптарға арналған жаңа буын оқулықтарында көрініс тапты, педагог жұртшылық тарапынан жоғары бағаланды.
Тоқсаныншы жылдардың соңына дейін жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарында «Қазақ тілі» пәні мүлде оқытылмайтын. ҚР Білім және ғылым министрлігінде осы саланы ширек ғасыр уақыт бойы басқарған ұлтжанды тұлға Роза Батталдың тікелей бастамасымен 1998 жылғы типтік оқу жоспарында алғаш рет 10-11-сыныптарға арналған «Қазақ тілі» пәні міндетті оқытылатын пәндер тізіміне енгізілді. Білім академиясының жетекші қызметкері ретінде Жанат Тұрарбекқызы 10-11-сыныптарда сөз мәдениеті мен шешендік сөздерді оқытудың тұжырымдамасын дайындап, басылым бетінде жариялады. Алғашында өзге түгілі пән мұғалімдері тарапынан бұл жаңалыққа үрке қарағандар аз болған жоқ. Өйткені кеңестік саясатпен құрсанған идеология жас ұрпаққа сөз мәдениетін оқытуға мүдделі емес еді. Тілдің грамматикалық жүйесінің өзін таптаурындылықпен меңгертуден ары асырмайтын-ды. Кеңес заманында туған тілдің бар ғылымның анасы екендігі, тіл болмаса ұлт маманы да өз дәрежесінде қалыптаспайтыны туралы айтылмады. Тіл заманалардың тарихын жеткізуші, рухани мұралардың ең асылы деп түсіндірілген жоқ. Жанат Тұрарбекқызының ғылыми ізденісінің бағыты да, жаңалығы да тынысы, өрісі тарылып бара жатқан қазақ тілін жаңа бағытта оқытып, жас ұрпақтың санасына сіңіру, жарқыратып жарыққа шығару, сұлу да жүйрік тілді бәйгеге қосу болған Алаш арыстарының арман-тілегімен қабысып жатты. Ғылымға осындай айқын мақсатпен ден қойған Жанат Тұрарбекқызы – өз тәжірибесінен ғылым, ғылымынан жаңалық ашқан нағыз ғалым. Ол өз зерттеу еңбегінде сөз мәдениеті мен шешен сөйлеуге қатысты ұлы тұлғаларымыздың ұлағатты ой-пікірлеріне сүйенді, олардың тұжырымдарын сөз мәдениеті мен шешендік сөзді оқытудың ұлттық-философия­лық негізі ретінде ұстанды. Қазақ тілі білімінде біртуар тұлғалар қалыптастырған қағидаларды басшылыққа алды.
Қазіргі зиялы қауым арасында Жанат Тұрарбекқызы туралы қалыптасқан пікір бар. Жанаттың шешендігін де, ғалымдығын да мойындаған ғылыми орта онымен санасады, ізденіс жұмыстарында еңбектеріне сілтеме жасайды. Ал Жанаттың алдынан дәріс алған шәкірттері ұстаздарының әр сабағынан қанаттанып шығады. Жанат Дәулетбекова магистранттары мен докторанттарына ұлтын сүйген ғалымның үлгісін көрсетіп келеді. Оларды өзінің ұстаздарынан алған тағылыммен тәрбиелеп, тәуелсіз елдің білімі мен ғылымына бірге үлес қосуда.
Қорыта айтқанда, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Дәулетбекова – бар адами таза болмысымен ғалымдық, ұстаздық, отбасылық миссияларын мінсіз атқарып, ғылым биігіне көтерілген әзиз жан. Ол – сөйлесе кетсең, мейіріңді қандырар, қасында жүрсең терең ойымен жаныңды толтырар, достыққа адал, сенімге лайық тұлға.

Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ,
Н.Назарбаев университетінің профессоры,
педагогика ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =