Туған тілдің кетігі мен тетігі

0 98

Әр сөзі алтынға баланатын ұлы Абайдың мына бір ойы бүгінгі «Рухани жаңғыру» идеясымен сабақтасып жатқандай көрінеді. Тікелей сол жолдардан бастап кетелік:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп ойнап күлмес.

Менімен менікінің айырылғанын,

Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес.

2020.03.19_02

Өлетін – тән, өлмейтін – рух дейтін болсақ, жер бетіне кім келіп, кім кетпеді? Жеке адамдарды айтпағанда, адамзат тарихында қаншама қауымдар болды, бірақ қазір жоқ. Біреулері пайда болды, өркендеді, өсті, жетілді, ал рухын жаңғыртып, оның айналасына топтаса алмаған жұрт сыртқы жаулардан теперіш көрді, күштінің сойылын соқты, соларға барып сіңді, қырылды, ақырында өзін-өзі сақтай алмай жер бетінен жойылып кете барды. Ауырлау айтқанда, оларға бүгінгі жұрт артына өшпес із қалдыра алмады, ертеңін гүлдендіруге арналған стратегиясы замана дауылына шыдас бермеді деп қана баға береді. Ал алдағы уақыт талабы қазір өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың қаншасын, қалай сұрыптайтынын болжау қиын. «Біз соның қай жағында тұрамыз?» деген сауалдың жауабы «Рухани жаңғыру» идеясын қаншалықты жүзеге асыра алатынымызға байланысты болса керек.

Уақыт сыны өте ауыр, әсіресе ХХІ ғасыр бізді қай жақтан келетіні белгісіз, көрінбейтін күштермен арпалысуға мәжбүрлеп отыр. Тұрмыстық заттар, экономика, техника, технология әлем елдерінде ортақтасып бара жатыр, ол өз кезегінде тұрмыстық дәстүрлер мен ұғым-түсініктердің де бірдейлесуіне ықпал ететіні сөзсіз. Мұндайда бізді өткенімізбен жалғайтын жалғыз жіп ұлттық рух болмақ. Ол жіптің нәзік болуы да, берік болуы да өзіміздің еткен еңбегімізге байланысты. «Жеті атасын жетелеп жүрген» ел тарихта болған емес, сондықтан олардан қалған асыл мұраны бағалай білу, әр заманға лайық жаңғырту мен келесі ұрпақтың санасына сіңіріп, аманаттай білу – еңсесін жаза алған әрбір елдің қазіргі негізгі мұраты. Бізге де «менікін» емес, «менімізді» түгендеу аса маңызды. Сондықтан қазақтың «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген принципіне жаңа заманның көзімен қарасақ, өлгенді риза ету ғимаратын әсемдеп мола соғу емес, артында қалған ізді жаңғырту болып шықпақ. Ұлттық рухтың тірегі мен сақтаушысы – ұлттық тіл. Кез келген халықтың тұрмысы мен тіршілігінің баянын, жасаған ғылымы мен мәдениетін, мәңгілік арман-тілегін тек тілінен ғана көруге болады. Бүгінгі Қазақ елі үшін өз тіліне ие болу аса маңызды мәселеге айналып отыр. Өйткені ғылымы мен технологиясы дамыған айналадағы ірі елдермен тығыз байланыс жасап отырмыз және әлемнің басқа елдерінен де ағылшын тілінде келіп жатқан жаңалықтар мен терминдер «менің тілімде сөйле» деген ойды айтпай ұқтыруда. Мұндай жағдайда тіл мен ділді сақтап қалу үшін жеке адамдардан бастап, мемлекеттік деңгейге дейінгі аралықтағы кеңістікте бітіспес майдан жүріп жататыны белгілі.

«Тіл – адам қатынасының аса маңыз­ды құралы» деген анықтаманың тіл білімінде айтылып келе жатқанына біршама уақыттың жүзі. Қатынас құралы екені белгілі, алайда тек қана қатынас құралы болса, құралды өзгертіп, қолайлысына ауыстыруға болар еді. Адам баласы саналы өмірге қадам басқалы көптеген құралдарды пайдаланды, алайда олар үнемі дамып-жетілумен келеді. Бір ғана мемлекеттің немесе ұлттар мен ұлыстардың аумағымен шектелмей, өзі қатынас жасаған елдердің барлығынан жетілген құрал түрін қабылдап, сырларын үйреніп, өркениетке өзінше үлес қосып келеді. Тіпті киіп жүрген киіміміздің өзі түрлі өзгерістерге түсіп,

Қазіргі кезде ұлттық белгілерге мүлде сәйкес келмейтін жаңа түрлерін тұтынып отырмыз. Бұл – әрі жат, әрі жаңа тұтыныс. Уақыт өткен сайын өркениеттің жаңа шақырулары мен сұраныстары, ұлттық үлгілер мен бояуды солғындатып, жаңа бір құндылықтар аясында өмір сүруге бастап бара жатқандай. Есесіне ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық руханиятымыз, тұрмысымыз, адами болмысымыз, т. б. секілді ұлттық құндылықтарымызды тоғыстырып, өзіндік бейнемізді айқындап отырған белгілерімізге өзгерістер еніп жатқаны байқалады. Осы өзгерістердің барлығына қарамай, ұлттық тіліміз арқылы әуелгі бейнеміз бен болмысымызды сақтап, әлем елдерінің арасынан өзімізге тиісті орнымызды алып, өмір сүріп келеміз.

Сондықтан туған тілді ұлттық бірегейлігіміздің міндетті компоненті ретінде қалай болса солай ауыстыра алмаймыз. Осы ерекшелігіне байланысты қазіргі кезде «тіл – адам қатынасының маңызды құралы» болумен қатар, «тіл – ұлттың жаны» деген де анықтама беріліп жүр. Тіл бар жерде ұлт бар, демек осы құндылықты сақтап, үздіксіз жетілдіріп отыру – алдымызда тұрған ұлы міндет. Тілді сақтау мен дамытудың көптеген жолдары бар, себебі өмірдің қай саласын алсақ та, тілдік қатынас жасалмайтын жер болмайды. Тілді дамытудың қазіргі ғылымда теориялық және қолданбалық негіздері туралы мәселелер көп айтылады, соның ішінде бұл екеуінің өзара ерекшелігі мен сабақтастығы да аса маңызды мәселе ретінде қарастырылып жүр. Олардың барлығын мақала көлемінде қамту мүмкін емес, дегенмен тіл саласында жалпы баршаға ортақ бір-екі мәселе «Рухани жаңғыру» идеясының қазіргі талаптары үшін аса маңызды.

Тіл тарихына бір сәт көз жіберіп, «неден кетілді, неден жетілді?» деген сұраққа жауап іздеп қарасақ. Тіл ұлттық дәстүр өзгерістерге түскен кезде үлкен зардап шегеді екен. Ғасырлар бойғы ұлттың өмірі мен танымының аясында, оған қатысты ұғым-түсініктерді білдіріп келген лексикалық қор, байырғы дәстүрі аяқ астынан өзгеріске ұшыраған кезде еріксіз сырттан сөз қабылдап, өзінің құрамында көнерген сөздер көбейеді. Бұған әлемдегі басқа елдерді айтпағанда, Сібір түркілерінің тағдырын мысалға келтіруге болады. Ал қазақ тілі жағдайында екі кезеңді атап өтуге болады: бірі – өткен ғасырдың басы. Сол кезде болған саяси, экономикалық, сонымен қатар тұрмыстағы өзгерістерге байланысты біршама байлығынан айырылды. Көшпелі мал шаруашылығына негізделіп, ғасырлар бойы қалыптасқан сөздік қорымыздағы көптеген сөздер отырықшылыққа көшкен тұста сапасынан айырылып, көнерген сөздер қатарынан орын алды. Олардың көбі қазіргі тілдік санадан өшіп үлгерді, яғни ол сөздерді, олармен аталатын заттар мен құбылыстарды қазіргі жастардың көбі біле бермейді. Рухани жаңғырудың алдында тұрған бір міндеті – тарих қойнауындағы осы ұғым-түсініктерді қайта жаңғыртып, олардың атауларын тілдік айналымға түсіру. Тілдің даму заңдарына және жаңа замандағы оның принциптерін айқындауға қатысты мәселелерді ескере отырып, бір мысал ретінде киім кию мен тамақ ішу мәдениетіне қатысты мәселеге тоқталып көрелік. Көне дәуірлерде пайда болған алғашқы киім атауы мен қазіргі күнгі атаулардың арасында сандық жағынан да, сапалық жағынан да үлкен алшақтықтардың бары анық. Қазіргі кезде қазақтың ұлттық киімі десек, ойымызға этнографиялық экспонаттар елестейді. Оларды жаңа заманға сай жетілдіру әлі ойымызға келмей жатыр. Тамақ ішуде де өте үлкен өзгерістер бар. Мысалы, Құлжа, Үрімжі, Бейжің, тіпті Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы ұйғыр асханаларына тән ортақ стиль мен тағам түрлері еріксіз қызықтырады. Есесіне қазақ тағамын насихаттайтын, бірегей үлгісін таныстыратын «мынау» деп көрсететін орталықты, өкінішке қарай, әлі көре алмай келеміз. Киім мен тамақ кез келген адам үшін өте маңызды, сондықтан ұлттық дәстүр мен тіл осы өндіріс орындары арқылы ғана дами алады. Өткеніміз бен бүгініміздің арасындағы өзгерістерге байланысты тіліміздегі көнерген сөздер құрамында көңілден жат болған сөздер қаншама. Жаһандануың адамзат баласын бірдейлестіру үрдісі туралы тағы да қайталап айтуға тура келеді: киім үлгілері мен тамақ түрлерінде де әр ұлтқа тән өзіндік үлгілер солғындап, ортақ белгілер айқындалып келеді. Бұл үдеріс ұлттық санаға да ықпал етіп, адамдардың киім киюі мен тамақтану талғамында да ортақ көзқарастар белең алып отыр. Сондықтан, көптеген басқа салалармен бірге, ұлттық киім үлгілері мен ұлттық тағамдарымызды жаңа заман талаптарына сай жаңғыртып, байырғы атауларын сақтап қалу да лингвистикалық тұрғыдан жасалуы тиіс шаралардың бірі.

Қазақ тілінің қиындықтарға тап болып отырған екінші тұсы – қазіргі кез. Сырттан еніп жатқан жаңа техника мен технологиялар мыңдаған терминдерді өздерімен бірге ала келіп жатыр. Бұрын тұрмысымызда болмаған, мүлде жаңа заттар мен құбылысқа қатысты терминдерді игеру қазақ тілі үшін, әрине, жеңіл емес. Осындай жағдайға лайықтап, А.Байтұрсынұлы белгілеп берген терминжасамның принциптері қазіргі кезде лингвистер қауымына кеңінен танымал. Ол бойынша жаңа терминдерді жасауда ең бірінші ұлттық тілдің ішкі мүмкіндігін барынша пайдалану. Қазір жасалып жатқан қандауыр, тінтуір, пернетақта, құқық, ұялы телефон, әлеуметтік желі, т. б. көптеген сөздерді осы топқа жатқызамыз. Екіншіден, туыстас тілдердің мүмкіндігін пайдалану. Оған түрік тілінен алынған ұшақ, тікұшақ, автотұрақ, т. б. сөздерді жатқызуға болады. Үшіншіден, осы екеуін­де де болмағанда, дыбыстық тұлғасын тіліміздің заңдарына сәйкес өзгертіп, алыс тілдерден алу. Пошта, пойыз, үстел, жорнал, т. б. үшінші принцип бойынша қабылданған терминдер. Соңғы принцип қазіргі кезде аса маңызды орынға ие, көп қиыншылық та осы тұстан көрініп отыр. Сырттан енген сөздердің саны мен олардың игерілу көрсеткіштерінің ара салмағы алыс, өйткені оны игерудің тетіктері қазақ тілінің емле ережесінде әлі белгіленбеген. Сол себепті жаңа сөздерді көп жағдайда біздің сөздік қорымыздың «доноры» есептелетін орыс тілінің заңдарына бағындырылған формада қабылдап келеміз. Дыбыстық тұлғасында өзгеріс болғандықтан, бұл сөздер түпнұсқа да емес, қазақ тілінің де емес, орыс тілінің элементі ретінде көрінетін шындық.

Ұлттық болмыстың ауыр жүгін арқалаған тілдің ерекше қасиеті – жүк артқан сайын тыңаяды, қолданысқа түскен сайын жасарады, жаңғырады. Оны асыл түйген түйіншектей сақтап, сандыққа салып қоюға болмайды. Тіл халықпен бірге жасайды, оның өмірі мен тұрмысында кездесетін әрбір затты атап білдіріп, жүрегіне сезім болып құйылып, алуан түрлі көңіл күйге бөлейді. Сондықтан «Рухани жаңғырудың» негізгі талаптарының бірі тіл қолданысына барынша жан бітіру болуы тиіс. Дамыған тілдердің бай болу себебі де ол тілде сөйлейтін халықтар санының көптігінен. Мысалы, «ethnologue» сайтының 2019 жылы 20 ақпандағы мәліметі бойынша қытай тілінде 1296461000-1311000000 аралығында, 39 елде; испан тілінде 460000000 адам, 31 елде; ағылшын тілінде 379000000 адам, 137 елде; хинди тілінде 341000000 адам, 4 елде; араб тілінде 313177600-319000000 адам, 59 елде сөйлейді екен. Әлемнің дамыған алдыңғы қатардағы бес тілінде сөйлейтін халықтың саны мен ол тілдердің әлемге таралу көрсеткіштері көп нәрседен хабар берсе керек.

«Рухани жаңғыру» идеясының негізгі тұғыры – туған тіл. Өйткені рухани салалардың әрқайсысына тән терминдер мен ұғым-түсініктер туған тілінде ғана ішкі болмысын ашып, айғақтай алады. Аударма тіл өнер немесе ғылыми туынды туралы жалпы ақпараттар бергенмен, оның ішкі табиғатына үңілуге қауқарсыз. Қазақ тілінің сөздік қорындағы әрбір көнерген сөздің артында ұлттық санаға жат бола бастаған төл ұғым-түсініктер тұр. Оларды тілден мүлде аластауға болмайды, керісінше, әр қырындағы ұқсастықтары негізінде жаңа заманның қажетіне жаратылуы тиіс. Ұлттық рух төл сөздер арқылы кемелденеді, нығаяды, жаңа заманда өзі болып жаңғырады. Ұлы Абайдың «мені» – ұлттың рухы мен тілі. Оның мәңгі өлмеуін тілесек, өз заманымыз алдындағы жауапкершілігімізге мұ­қият болуға тиіспіз. Сонда бізге дейін болған рухани жаңғыру бізден кейін де жалғасын табады.

Бекжан ӘБДУӘЛИҰЛЫ,

 Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

профессоры, филология ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × one =