Туған өлке жыршысы

0 23

Елордадағы Ұлттық музейде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Төлеуқазы Байғалиевтің «Туған өлке» атты жеке көрмесі өтті. Көрмеге талантты суретшінің жүзге жуық кескіндемелік, графикалық туындылары ұсынылды.

Төлеуқазы Баяндыұлы – пейзаж, графика жанрлары мен тарихтың тереңінен сыр тартқан туындылары арқылы өз қолтаңбасын даралаған суретші. Ол табиғаттың төрт мезгілінде кездесетін табиғи түстердің өзгерісін адамның көңіл күйімен үйлесімді үндестіре біледі. Әсіресе, автордың түрлі түсті бояумен бедерлі бейнелеген картиналарынан кіндік қаны тамған туған жеріне деген перзенттік парызын, махаббатын, сап-сары сағынышын көресіз. Абай, Мұхтар Әуезов секілді ұлылар туған топырақтың табиғаты мен қасиетін кенепке көркем түсіре білген.
Көрме иесінің бейнелеу өнерінде жеткен жетістіктері бір төбе. Ол 2009 жылы «Жыл патриоты» байқауының лауреаты және «Арт экспо Нью-Йорк-2011» халықаралық конкурсында Нью-Йорк биеннале реалистік өнерінің алтын және күміс медалімен марапатталған. Бүгінде қылқалам шеберінің суреттері Семейдегі Абай музейінде және Қырымдағы «Бахчисарай» мұражай-қорығында сақталған. Сондай-ақ оның жұмыстарын елімізде ғана емес, Ресей, АҚШ, Германия, Корея, Қытай және Украина секілді мемлекеттердегі жеке коллекциялардан кездес­тіруге болады.
Мәдени шараның ашылуында Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы Саялбек Ғизатов қылқалам шеберінің шығармашылығына тоқталып, қол жеткізген жетістіктерін атап өтті. Көрнекті суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кәміл Моллашев те әріптес інісінің ерекше қолтаңбасы туралы сөз өрбітті. Сонымен бірге Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Динара Нүгер Байғалиевтің бейнелеу өнеріндегі стилі мен техникасының ерекшелігін айтып, өнер иесіне Суретшілер одағының атынан алғыс хат табыс етті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =