Түбі бір түркілік сарын

0 129

Биыл бесінші рет Сарыарқа төсінде ескелі тұрған түркілік саз сарынына елтитін күн де алыс емес. Құлақтың құрышы қанып, бой сергіп, жан-дүниең тебіреніп… ой-хой, бір рахат күйге бөленерсің-ау, керемет әсерге кенелерсің-ау, елорда жұрты!

«Астана-Арқау» деп аталатын бұл мәртебелі музыка мерекесі – 2008 жылы Астана қаласының он жылдық мерейтойынан бастау алған болатын. Сол мерейтой барысында дүниенің әр түкпірінде тұрып жатқан бауырлардың елордаға келіп, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында «Астана-Арқау» мерекелік кешін тамашалағанда, екі күн бойы зал ішінде ине шаншар бос орын болмап еді. Сонда Саха елінен келген Александр Саввинов «Тойук алғыс» атты әнді орындаса, алтайлық Евгений Улугбашев мықты мақамға салып «Алыпхан» жырын айтқан. Этно-музыкалық шараның концерттік бағдарламасына сол сәтте алғаш рет ислам өркениетін насихаттайтын әуендер де енгізілгенін айта кеткен жөн. Содан бері жалпы түркі халықтарының мәдени өмірінде қалыптасқан орны бөлек шараға 400 музыкант пен ғалымдар қатысып келді. Былтыр да Еуропаның трубадорларына, Англияның сказительдеріне, әзірбайжанның ашуктеріне, арабтың бәдәуилеріне және қырғыздың манасшыларына дес бермеген жыраулық өнердің жампозы Алмас Алматов бүгінде көмей жырдың көшін бастап тұр.

Жалпы, қазақтың дәстүрлі музыкасы – кезінде Қытай, Үндістан, Батыс Еуропа, Ресей музыкасына ықпалы болған, ұлы түрік музыка мәдениетінің бөлшегі ғой. Енді халықаралық деңгейдегі өрісі одан бетер кеңейіп, Астана қаласы әкімдігінің кезекті қолдауымен «Астана – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткізілетін фестиваль барысында Бейбітшілік және келісім сарайы залын 100-ге жуық орындаушы 3 күн бойы (5-7 шілде аралығы) дүбірлетпек. Олар өнерсүйер қауымды әдеттегідей эпикалық жырлармен, көнеден келе жатқан түркі аспаптары арқылы орындалатын күйлермен тәнті етеді. Вокал шеберлері, тәжірибелі аспапшылар сынды құрамды қамтыған тұрақты қонақтардың осал еместігі айқын. Бәрі де түркі мәдениетін жоғары бағалап, келісті өнерді кеңінен насихаттауға бейіл.

Атап айтқанда, Түркия, Әзірбайжан, Тыва, Якутия, Таулы Шория, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия және Ресейдің Алтай, Башқұртстан, Татарстан, Гагаузия, Хакасия, Саха автономиялары сынды елдерден келетін өнерпаздардың осы жылғы ең маңызды тақырыбы – «Фольклордағы өмір» болғалы тұр. Өз ішімізден Рамазан Стамғазиев, Ұлжан Байбосынова, Айгүл Елшібаева, Ерлан Рысқали, Жақсыкелді Маясаров, Шолпан Даржанова, Абылай Тілепбергенов, Нұрболат Әбілханов, Болат Долдашов, Зульфия Баймұрзаева, Айзат Қарабекова, кәсіби сыбызғышы Талғат Мұқыш, қобызшылар Раушан Оразбаева, Мақпал Манасбаева, күйші Сәрсенғали Жүзбаев, Ақтоты Дүйсебаева, Ардақ Елеусіз, сырнайшы Жанқожа Аяпов және тағы сондай қазақтың дәстүрлі музыкасының хас шеберлері де ән-жырдан шашу шашып, театр әртістері түрік халқының қалыптасу тарихын бейнелейтін «Түрік әлемі» атты сахналық қойылым көрсетуге әзір. Демек, біз өзге жұртпен мәдениет мәні негізінде тәжірибе алмасып, халық бірлігін нығайтатын ұл-қыздардан кенде емеспіз.

«Қазақ елі» момументі алдында өтетін гала-концертпен қорытындыланатын байқау шарты жеке орындаушы шеберлігімен басталып, түрлі жанрдағы эпикалық шығармалар ұсынылатындықтан, қызықтан құр қалмаңыздар, ағайын!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 18 =