«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Туберкулезге – тосқауыл

0 14

«СТОП, туберкулез!» ұранымен өткізілген кең ауқымды қалалық шара биыл 23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында өтті. Бір ай бойы қала тұрғындарына құрт ауруының алдын алу, әр адамның өз денсаулығына қатысты белсенді жеке өмірлік ұстанымын қалыптастыру тұрғысында ағартушылық-насихат жұмыстары жүргізілді.Аурудың алдын алу мақсатында тұрғындар тегін флюорографиялық тексеруден өтті. Төрт бірдей жылжымалы флюорографиялық цифрлық қондырғылар күн сайын базарларда, сауда орталықтарында, қаланың тұрғын үй алаптарында қызмет етті. Сонымен бірге адамдар көп шоғырланған «Дәулет», «Артем», «Әлем», «Жаннұр», «Джафар», «Бахус», «Әсем» «Магнум», «Астықжан» сауда үйлерінде, сауда, ойын-сауық орталықтарының аумақтарында осындай тексерулер жүргізілді.
«Промышленный», «Тельман», «Күйгенжар», «Мичурин», «Заречный» «Пригородный», «Железнодорожный», «Өндіріс», «Көктал» кенттерінде жүргізілген жылжымалы флюорографта тексеру аса нәтижелі болды. Осы шара аясында 6000-нан астам адам флюорографиялық тексеруден өтті.
Бұдан басқа, туберкулездің алдын алу мәселелері бойынша дәрігер- фтизиатрлар кеңес беріп, құрт ауруының белгілерін түсіндіріп, сауалнама жүргізді. Бұл шараға жүкті әйелдер мен жастар орталықтары қамтылды. Айлық аясында қала мектептері де назардан тыс қалған жоқ. Мектеп оқушыларына осы тақырып бойынша 212 сынып сағаты ұйымдастырылды, 24 колледж студенттерін қосқанда 2000-дай қала жастарымен кездесу өткізілді. Қалалық ІІД-нің қолдауымен бейімдеу орталығындағы белгілі тұрағы жоқ 59 адам тегін тексерілді.
«Стоп, туберкулез» акциясын ұйымдастырушы – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласы ІІД, және Қалалық фтизиопульмонологиялық орталық.
Жалпы, еліміздегі осы дертке қарсы бағдарламаны жүзеге асырудың маңызды нәтижелері туралы айтуға болады. Соңғы бес жылда республикада науқастар саны 1,3 есеге төмендеді. Егер 2014 жылы республикада 11,5 мыңға жуық жаңа ауру жағдайы анықталса, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 8,8 мың оқиға орын алды. Сондай-ақ соңғы 5 жылда Қазақстанда құрт ауруынан болатын өлім-жітім 2 есеге төмендеді. Елордада өткен ауқымды шараның эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына әсері мол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды