ТУ ҚҰЛАДЫ ДЕГЕНШЕ, ЕЛ ҚҰЛАДЫ ДЕСЕҢШІ

0 106

Жуырда Ақордада Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырысы болып өтті. Онда, мемлекеттік органдар еліміздің рәміздеріне қатысты заң бұзушылықтар бойынша БАҚ, қоғамдастық өкілдерінің немесе депутаттардың қалай әрекет ететінін күтіп отырмауы керектігі, заңнама нені талап етсе, соны жасауы қажет екендігі айтылды…

Биік мінберлерден міндеттелетін мұндай кезекті тапсырмаға назар аудармас та едік, бір ≪бірағы≫ ішіне бүгулі болмағанда. ≪Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде ≪Біз Тәуелсіздігіміздің рәміздерін көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені, олар біздің ең киелі құндылықтарымыз≫ деп атап өткен болатын≫ – деді комиссия төрағасы Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед сөйлеген сөзінде. Ендеше, ерек құрметке ие қастерлімізді қадірлеу керектігі неліктен бізге (Қазақстан халқына деп оқыңыз – Н.М) ≪тәйт≫ көрмеген баладай тәптіштеп түсіндіріле беруі керек?! Бұл – сайып келгенде, біздің тәуелсіз ел екенімізге сендіріп отыру- мен бірдей дүние секілденеді. Өйткені, рәміздеріміз – сол Тәуелсіздігіміздің бірден-бір дәлелі сияқты еді ғой?!

…Бағзы жаугершілік замандарында әр қалың қолдың арасында ту көтеріп жүретін арнайы жауынгер болады екен. Оны ≪байрақтар≫ депатаған. Сол ту көтерген адамның төрт жағында төрт оққағар-нөкері болады екен. Қандайма ұрыс болмасын, барын беріп, жанын беріп, әлгілер байрақтарды қорғаған. Өйткені, ≪ту құлады дегенше, жаудан жеңілдім десеңші≫ дегенге саятын ұғым болған. Әм әлдебір сакральды мағынаға тек ту емес, елтаңба да ие-тұғын. Мәртөбе, Ордабасы, Күлтөбедегі жиындардың айғағы ≪Таңбалы тасқа≫ рулар таңбасы бекерден-бекер қашалмаса керек-ті. Ал, ұранның тылсым құдіретін, ≪ия, әруақ≫ дескен әр қазақ білетін шығар, тегінде. Ата бабаларымызға ұлтты бүгінде қазақ қалпында осы уақытқа аманаттауға бірден-бір себепші де осы үшеуі – Ту, Таңба, Ұран болса керек-ті.

…Ілгерідегі сарказмның табы байқалатын риторикалық сауал- дарымыз да, алдымен, өзімізге бағытталған болатын. Әйтпесе, аталған тапсырмалардың қандай жағдайяттардан туындап отырғанын біледі деп ойлаймыз, құлағы түрік оқырман. Әйтпесе, ≪ту құлады дегенше, ел құлады десеңші…≫

Нұрберген Мақым

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four − 1 =