Циркті серік еткен

0 94

Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева Нидерландыда өткен халықаралық цирк фестивалінің бас жүлдесін иеленген елордалық гимнасшылар Дария Абдуахасова мен Дана Рысбекованы қабылдап, жеңістерімен құттықтады.

«Еліміздің атын асқақтатқан цирк әртістерінің бұл табысы құрметтеуге әбден лайық. Жап-жас бола тұра, бұл үздіксіз дайындалудың нәтижесінде жеткен жетістіктерің. Біз сендермен мақтанамыз» деп қала әкімінің орынбасары ризашылығын білдірді.

Ресей, Италия, Испания, Франция сынды оннан астам елден келген цирк әртістері бақ сынаған дода­да жерлестеріміз өз өнерлерімен көпшілікті таң қалдырған. Олардың қойылымдары мейлінше күр­де­лен­дірілген. Екеуі тамаша шпагат пен мінсіз дене еркіндігін көрсетіп қана қоймай, екі қолымен жер тірей тұрып, бір-бірінің басындағы кеселерді құлат­пастан алма-кезек ауыстырып, ептіліктің ерекше үлгісін көрсеткен. Бұдан басқа да қиын жаттығуларды орындаған қазақстандық өнерпаздар арнайы құрылғыдан тек тісімен ғана ұстанып тұрып, бастарын төмен қаратып, аяқтарымен садақты шірене тартып, жебені нысанаға дөп тигізген.

Қыздардың жұп болып өнер көрсетіп жүргеніне жеті жыл болыпты. Ал, бұл жүлде олардың бірінші жеңісі емес. Алғаш олар «Шабыт» фестивалінде Бал­табек Жұмағұлов атындағы сыйлықты иеленсе, 2010 жылы Ереванда Дельфий ойындарында алтын ме­дальді жеңіп алған.
Өз кезегінде жеңімпаз қыздар алдағы уақыттарда халықаралық байқауларда жеңіс тұғырына көтеріліп, биік белестерден көрінетіндіктеріне сенім білдірді.

Еркежан СӘТІМБЕК


Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =