«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Цифрлы технология – заман талабы

0 7  169

Қазіргі уақытта заманауи ақпараттық-технологиялардың мүмкіндігі зор. Мамандардың айтуынша, оның ең сапалысы – цифрлы технология. Қай салада болмасын, бұл технология жұмысты жеңілдете түсуде.

«Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деген болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында.
Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін енді орта мектептердің бастауыш сыныптарына «Бағдарламалау негіздері» және «Робототехника» пәндері бойынша оқу бағдарламалары енгізілмек. Бұл туралы ҚР Вице-премьері Асқар Жұмағалиев «Нұр Отан» партиясының бас кең­сесінде өткен брифингте мәлімдеді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама бес бағытты қамтиды. Олар: Адами капитал, инновациялық экожүйе, сандық мемлекет, сандық экономика және инновациялық экожүйені құру. Мұнда ең бастысы – адами капиталды дамыту. Бірақ білімді адамдарсыз бұл бағдарламаны іске асыру өте қиын. Сондықтан біз орта мектептер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте бағдарламалау тілдері де жаңартылып, бұрынғылары Java, Python, Rust сияқты жаңа бағытқа ауыс­тырылады. Сол сияқты жоғары білім деңгейінде Data Science, Enterprise Architecture секілді талап етілетін өндірістегі мамандар даярланатын болады. Білім берудің барлық кезеңдерінде қағаз құжаттарды азайтып, қызметтерді электрондық форматта беру үшін жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты Үкімет жоғары оқу орындарының базасында факультативтік сыныптар мен 20 IT-орталықтарында 1000 тегін IT-сынып ашу туралы идеяны толық қолдайды, – дейді Асқар Жұмағалиев. – Сонымен қатар дамыған адам әлеуетін ескере отырып, біз өзіміздің инновациялық экожүйемізді қалыптастыруға тырысамыз. Бұл тұрғыда біршама жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана IT-орталығы құрылды. IT-мамандарды тарту үшін барынша қажетті жағдайлар жасалатын болады. Бұл дегеніміз – тегін кеңсе, тұрғын үй, дамыған техникалық инфрақұрылым. Сондай-ақ IT-Хаб базасы негізінде біз Эколь 42 бағдарламалау мектебін, Шеберхана жобасын ашамыз. Мұнда болашақта еліміздегі инновациялық экожүйені жасап шығаратын балалар оқып, жұмыс жасайтын болады. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап қызықты идеялар мен IT жобалары бар жастар компанияларға арналған бағдарламаларды іске қосты.
Вице-премьердің сөзінше, «Сандық технологияға көшу» және экономикалық секторларды цифр­ландырудың келесі бағыты – қызмет көрсету сапасын арттыруға, шығындарды төмендетуге және тұрғындар мен бизнеске уақытты үнемдеу. Осылайша, мемлекеттік қызмет көрсетудің 80 пайызы электронды форматта жүргізілмек. Бұл жыл сайын 40 млн-ға дейін қағаз түріндегі анықтаманы қысқартуға және электрондық нұсқадағы қызметтерді жылдам алуға, сонымен қатар 2021 жылға дейін 12,5 миллиардтан аса теңге қаржыны үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды