«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Цифрлы  сот – заман талабы

0 251

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы қоғамға керек дүниелердің жүзеге асуына септігін тигізуде. Оның ішінде сот жүйесіне қатысты өзгерістерді де айтуға болады.

 Бұл бағытта сот  жүйесінде тың өзгерістер орын алды. Халықтың сот жүйесіне сенімін арттыру мен сот өндірісін айтарлықтай жеңілдету мақсатында бірқатар реформалар жүргізілді. Соттар цифрлық жүйеге өтіп, қағаз құжат айналымы электронды түрге кезеңмен өте бастады.  Қазіргі таңда электронды түрде талап арыздар жолданып, сот отырыстары да онлайн түрде өткізілуде.

Ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, ұмыт болып бара жатқан дана-би, ғұламала бабаларымыз қалдырған рухани мәдениетті ұрпақ санасына сіңіру арқылы ұлттық сананы кеңейту қажет. Сот саласында да көптеген дана билердің мән-мағынасы терең нақыл сөздері әлі күнге дейін қолданыста. Мысалы, Түркі қағанатында қолданылған құқық жүйесінің элементтері қазіргі қылмыстық және әкімшілік заңнамада көрініс тауып отырғанын атап өткен жөн. Қазақ хандығы тұсында билер биліктің атқарушы, заң шығарушы және сот тармақтары бойынша қызметтерді қатар атқарған.

Сол сияқты 1465 жылдан бастап, Керей мен Жәнібек хандардың Қазақ хандығын құруымен заңнамалық база қалыптасты. Ал «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ сот жүйесінің негізін қалады. Аталған жарғылар сол дәуірдегі құқықтық қатынастарды реттеумен қатар, қоғамдық келісімді сақтауға ықпал етті. Сондықтан да бұларды өз заманының Конституциясы деуге толық негіз бар деп айтуға болады.

Өз кезегінде халықты бірлік пен тәуелсіз мемлекет құруға шақырған  ұлы, орта және кіші жүздің басты билері – атақты Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің тікелей қатысуымен дәстүрлі құқық нормаларының жиынтығы ретінде «Жеті жарғы» әзірленді. «Жеті жарғы» әкімшілік, қылмыстық және азаматтық құқықтың нормаларын қамтыды.

Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының даналығымен 1885 жылы билер құрылтайында дәстүрлі құқық реформасын көздеген заң  – «Абайдың 96 бабы» немесе «Шар ережесі» қабылданды. Аталған ереженің көптеген нормалары тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заңдарымен сабақтасып келеді. Бұларға куәгерлердің айғақ беруі, жалған куәлік еткені үшін жауаптылық, сот шешімдерін бір айдан кешіктірмей орындау секілді нормалар жатады. Абай сонымен қатар дауларды әділ шешуге зор үлесін қосты. Съезде қабылданған ереже – сол заманның Азаматтық процестік кодексі болып табылады.

Бұл құндылықтардың барлығы туған жердің тарих қойнауынан  кейінгі ұрпаққа келіп жеткен дүниелер. Осы аталған рухани мәдениетімізді жолғалтып алмай,  ой-санаға құя отырып, ұлттық сананы дамыту арқылы рухани жаңғыру әрбір азаматтың парызы.

Ұлттық мәдениет пен ұлттық рухты сақтау арқылы ғана ел дамиды, болашағы жарқын, мықты мемлекет салтанат құрады.

Рухани дамудың әрбір себілген тұқымы отбасынан бастау алады десек қателеспейміз. Себебі, тіл, салт-дәстүр, мәдениет, ұлттых рух пен сана ана сүтімен балаға дари келе, кейін жасөспірімнің  отбасы ошақ қасында алған тәрбиесімен ұштасып, кемел елдің ер азаматы қанына сіңеді. Ал ұрпақтың отбасында салиқалы тәрбие алуына жауапкершілікті артатын ата мен ана.  Ұлттық рухы мықты, білімі халықаралық дәрежеге сай, жүрегі «туған жер» деп соққан патриот сезімі лаулаған ұрпағы бар елдің  алар асулары аз емес.

Ренат ТАУЫМБЕКОВ,
Астана қаласы Соттар әкімшісінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды