Цифрландыруды жетілдірген жөн

0 31

Коронавирус пандемиясы пациенттер мен дәрігерлерге өзара жақсы байланыс керектігін көрсетті. Қазіргі жағдайда бұған жұмысымызды цифрландыру арқылы қол жеткізе аламыз. Бүгінде саламызда цифрлы алаң жоқ емес, бар. Оның атауы – медициналық ақпараттық жүйелер (МАЖ). Бұл жүйелерге онлайн кеңес беру деп аталатын өте пайдалы сервис енгізілген. Бірақ жүйе жетілдіруді қажет етеді.Әзірге бізге, дәрігерлерге, пациенттермен өзара байланысты тиісті деңгейде орнатуға МАЖ көмектесе қойған жоқ. Ал пандемия кезінде бұл аса ма­ңызды. Коронавирус инфекция­сын жұқтыр­ған пациенттердің 80 пайызы үйлерінде жатып емделіп жатыр, 20 пайызы ғана медицина мекемелеріне жатқызылуда.
Медициналық ақпараттық жүйелерде екі негізгі проблема бар. Оның алғашқысы қолжетімділік болса, екіншісі – жү­йелерді біріктіру. Қолжетімділік бойынша бәрі түсінікті, бүгінде байланыстың нашарлығы немесе мүлдем жоқтығы салдарынан, тиісті қондырғылардың болмағандығынан кейбір медициналық мекемелер мен пациенттердің қолы цифрлы қыз­метке жете бермейді. Әсіресе, ауылдық жерлерде бұл – үлкен проблема. Екінші мәселе, медициналық ақпараттық жүйелер тиісті дәрежеде біріктірілмеген.
Мәселен, бастапқы медициналық-санитарлық көмек қыз­меті 15 ақпараттық жүйеде жұмыс істейді. Атап айтқанда, учаскелік дәрігерге кепілді тегін медициналық көмек аясында дәрілерді жазып беру үшін алдымен дәрімен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесіне кіру керек. Бұл – бірінші жүйе. Диспансерлік науқастың қабылдауға келгенін тіркеу үшін ауруларды басқару бағдарламасының онлайн-регистріне кіріп пациенттің келген күнін, денсаулығын тексеру мен емдеудің қорытындыларын жазу керек. Бұл – екінші жүйе. Пациент күндізгі стационарда ем алып болған соң, мұны стационарлық науқастың электронды регистрінде растау керек. Бұл – басқа жүйе. Аяғы ауыр әйелдердің мәліметтері жүктілердің регистріне енгізіліп, медициналық ақпараттық жү­йеге көшіріледі. Адамның өмірден өткені туралы куәлік келесі жүйеде рәсімделеді. Осылайша дәрігердің пациентке қатысты әр қимылы бірнеше жүйеге тіркеле береді.
Медициналық бағдарламалар­дың бөлек-бөлек орналасуы пациент пен дәрігердің өзара байланысын жақсартпайды. Соның салдарынан науқастарға жедел қызмет көрсету мүмкіндігі төмендейді. Бүкіл құжат қолымен толтырылады. Осылайша қаптаған бағдарламалар дәрігерге белгіленген 15 минут ішінде жұмысын аяқтауға мұрша бермейді. Ал қазіргі жағдайда жеделдік өте қажет және аса маңызды.
Қазіргі қысылтаяң шақта, пандемия жайлаған уақытта бүкіл ақпараттық жүйелерді біріктіру – заман талабы. Дәрігерге бірыңғай медициналық жүйесіз жан-жақтан келіп жатқан ақпараттар ағынымен жұмыс істеу қиын. Егер онлайн жұмыс істеудің қажеттілігі сақталса, бірыңғай жүйе өте керек. Жаңа жүйе дәрігерге ғана емес, пациентке де ыңғайлы болуы қажет. Қажеттілік туындағанда пациент қайда хабарласу керектігін білгені жөн.
Коронавирустың алғашқы тол­қыны кезінде пациенттер жедел жәрдемге хабарласып, ұзақ кезек күтті. Телефон қоңырауларына емханалар жауап беруге үлгермеді. Пациенттер біресе емхана нөмірлеріне, біресе колл-орталықтарға, біресе дәрігерлердің ұялы телефондарына хабарласты. Сол себептен соғылған қоңырау­лар туралы ақпарат әр жерде сақталып, тиісті бағдарламаға кешігіп енгізілді. Бұлай болмауы керек. Коронавирус бізге жұмыс­тың жаңа форматы керектігін көрсетіп берді.
Бұл мәселе техникалық және заңдық тұрғыдан қалай шешіле­тіні маған белгісіз. Бірақ бізде осындай жүйелерді әзірлейтін және жақсартатын талантты студенттер, жас ғалымдар мен тәжірибелі мамандар көптігіне еш күмәнім жоқ. Тиісті министр­лік осы мәселеге жіті назар аударса деген тілегім бар.

Алтыншаш ТАБУЛДИНА,
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының
депутаты, №5 қалалық емхананың
бас дәрігері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + nineteen =