Цифрландыру – заман талабы

0 205

Көп жылдар Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде ақпараттандыру мен инновацияларды қолдау, бюджеттік үдерістердің әдістемесі және функционалдық талдаумен, ішкі әкімшілік жұмыстарымен айналысқан ІТ-сарапшы Оңғарбай Дәнебековпен сұхбаттасуға себеп болған жағдай ел экономикасындағы болып жатқан өзгерістерге қатысты маман пікірін білу қажеттігі еді. Әсіресе, Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауынан туындайтын жаңа жобалар, соның ішінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешімге қатысты жаңа агенттіктің қызметіндегі цифрландыру мәселелеріне жауап алуға тырыстық.– Осыдан біраз бұрын, Facebook желісіне кезінде мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесін әзірлеудің басы-қасында жүргендіктен тек өз пікірімді ұсындым. Бұл маған белгілі сала. Қызметте жүргенімде қай құрылымдық бөлімшеде, қандай лауазымда болсам да министрлікте ақпараттық жүйелерді енгізу менің міндетіме жататын.
Тарихқа үңілсек, ең алғаш 1997 жылғы 4 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Президентке тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк орган ретiнде Стратегиялық жоспарлау жөнiндегi агенттiгi құрылған болатын. Сол жылғы қазан айында бұл орган Экономика және сауда министрлiгi функцияларының бiр бөлiгi берiле отырып, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөнiндегi агенттiгi болып қайта құрылды.
Бұл Агенттіктің еншісінде Елбасының Қазақстан халқына 1997 жылғы «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Жолдауында жария етілген «Қазақстан 2030» ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеуі еді.
Әрине, бұл Агенттіктің Стратегиялық жоспарлау жүйесін ақпараттандыру жайлы нақты жобасы болды. Мемлекеттік басқарудың ақуалды жүйесі жобасы деп аталынды. 2002 жылы аталған Агенттік таратылып, оның функциялары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне берілгенде осы жобамен танысуға тура келді. Өте көлемді, қызық жоба болды. Мысалы: елдің макроэкономикасын оның негізгі параметрлерін (мұнай бағасы, жалпы ішкі өнімді, бюджет т.б.) әртүрлі сценарийлермен өзгерту арқылы ұзақ, орта және қысқа мерзімдерде болжауға болар еді. Жалпы, Мемлекеттік басқарудың ақуалды жүйесі толыққанды іске асқанда еліміздің қаржы-экономикалық, әлеуметтік, әскери-стратегиялық, сыртқы және ішкі саясатының негізгі бағыттарын қалыптастыру үшін таптырмайтын құрал болар еді.
Бірақ белгісіз себептермен Министрлік басшылары бұл жобаны іске асыруға құлықсыз болды. Нәтижесінде жобаны іске асыру бөлінген қаржыны игеру мақсатында серверлік жабдықтар, үлкен видеоэкран және бағдарламалық өнімдерді сатып алумен шектелді.
Ал жаңадан құрылатын Агенттіктің ел басқару жүйесіндегі рөлін Президент өз жолдауында шегелеп айтып кетті, қайталап айтар болсақ, Агенттік қайтадан тұтас мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі орталығына айналады. Агенттік ұсынған реформалар нақты, іске асатын және ең бастысы, барлық мемлекеттік органдар үшін орындауға міндетті болуға тиіс.
– Жоғарыда аталған Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі құрылды, оның қызметінің басты бағыты қандай?
– Бұл жерде жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ. Жаңадан құрылатын Агенттiк бұрынғыша стратегиялық жоспарлар мен мемлекеттiк бағдарламалар жасау және iске асыру кезiнде жалпы ұлттық дамудың мемлекеттiк стратегиясын әзiрлеудi, мемлекеттiк органдардың қызметтерiн ведомствоаралық және салааралық үйлестiрудi жүзеге асырумен айналысады деп ойлаймын.
– Айналып келгенде, сұрақ мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесіне тікелей қатысты болып тұр. Оны жетілдіру үшін не қажет болады? Әлеуетіміз қалай?
– 2007 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесін әзірлеу басталды. Бұл жүйенің мақсаты болып стратегияларды, мемлекеттік, салалық, өңірлік бағдарламаларды бір бірімен байланыстыратын, әр бағдарлама үшін жауапты мемлекеттік органдарды, сонымен қоса әр мемлекеттік органның операциялық жоспарымен байланысып, жеке орындаушыға дейін анықтайтын ақпараттық құрал болып көзделді. Қысқа мерзімде оның техникалық тапсырмасы жазылды. Техникалық тапсырма бойынша жүйе екі бөліктен (модуль) тұратын болды. Біріншісі «Стратегиялық және инвестиция­лық жоспарлау» модулы, екіншісі «Бюджеттік жоспарлау» модулы. Жүйенің «Бюджеттік жоспарлау» модулін әзірлеуге 2007 жылдан 2010 жылға дейін 314 млн теңге қаржы жұмсалды.
Алайда Президенттің 2010 жылғы 12 наурыздағы № 936 Жарлығымен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бюджеттік, салықтық және кедендік саясатты қалыптастыру мен бюджеттік жоспарлау саласындағы функциялар мен өкілеттіктері Қаржы министрлігіне берілгеннен соң мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесін қолдану және жетілдіру тоқтатылды.
2017 жылдан бастап Қаржы министрлігі сол «Бюджеттік жоспарлау» модулін жетілдіріп, «Бюджеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі» деген атаумен жаңа ақпараттық жүйені іске асыруда.
– Осы күнге дейін нақты жүйеленген цифрландырудың, қажетті бағдарламалардың орындалу барысын қадағалайтын бірізділік, жалпы осы саланың олқылықтары көп, егер бұл шешімін таппаса алға жылжудың басқа жолы жоқ па?
– Цифрландыру орасан зор қарқынмен дамып келеді. Бұл сала озық ойды, жаңа білімді талап етеді. Бүгінгі қабылданған шешім (тіпті ертең емес, сол шешімді рәсімдеп болғанша) моральдық тұрғыдан ескіріп қалуы мүмкін.
Сонымен қатар бұл сала миллиардтаған инвестицияны талап етеді. Сондықтан осы саланың олқылықтары көп болып көрінеді. Өйткені жаратылған қаржы көп, қоғам күткен нәтиже жоқ. Бұл тек қана мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі ақпараттық жүйелер емес, кез келген саладағы ақпараттық жүйелер. Әсіресе, салық әкімшілендіру, білім саласындағы ақпараттық жүйелер.
Алға жылжудың жолын мен былай деп түсінемін. Мысалы, бір басшының кезінде бір ақпараттық жүйені әзірлеу қолға алынды. Келесі басшы келгенде ол жүйені жамандап, басқа жүйе жасауға кіріседі. Бұл өте жаман тәжірибе. Осы нәрседен айылуымыз қажет. Бұл тек ақпараттық жүйелерге байланысты емес, жалпы, кез келген жақсы идеяға байланысты. Мұндай тенденция мен соңғы істеген мемлекеттік қызмет саласында өте қатты көзге түседі. Баста мемлекеттік қызметке тұру үшін деген конкурстар біреу ғана болатын, кейін 3 кезеңдік (екі ішкі және жалпы конкурс) конкурстар болды, енді конкурс екі кезеңнен (ішкі және жалпы конкурс) тұрады.
Сондықтан өте қымбат ақпараттық жүйелер жасалғаннан кейін оны келесі басшы келіп ауыстырамын дегенге жол берілмеу керек.
Екінші мәселе – ақпараттық жүйелердің функцияларын қайталамай оларды интеграция­лау мәселесі. Сонда ғана біздер цифрландыру саласында алға жылжи аламыз.
– Бізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатады, оның нәтижесі қарапайым халыққа жете бермейді. Жаңа құрылатын агенттік осы кемшілікті толтырып, бағдарламалардың орындалуы барысын қадағалап отыра алады ма?
– Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесін жасау бойынша жұмысты қайта жандандыру керек.
Меніңше, жаңа Агенттік мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі цифрландыруға мән беру тиіс сияқты. Бізде әлі күнге дейін өзара байланысты бағдарламалық құжаттар жоқ. Стратегиялардың, мемлекеттік, салалық және аймақтық бағдарламалардың ортақ тұстары жоқ. Бағдарламалар «кейін есептеп алуға оңай белгілі мақсаттарға» жасалады. Оларда мемлекеттік бюджеттен бөлінуге қажетті нақты соммасы көрсетіледі. Бағдарлама қабылданғаннан кейін инвестициалық ұсыныстар енгізіліп, техникалық-экономикалық негіздемелер жасалады, ал ондағы сандар бағдарламада көрсетілген мөлшерге түзетіледі. Бұл бағдарламалар тек мемлекеттік бюджеттен ақшаны «қағып алу» үшін қабылданып жатқан сияқты әсер қалдырады.
Меніңше, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа тәсілдерін енгізуге ықпал ететін, тиімді механизмді құру нәтижеге бағдарланған және бірыңғай ақпараттық ортада мемлекеттік жоспарлау процесінің барлық қатысушыларының жауапкершілігін белгілей отырып, жаңа Агенттікке осы олқылықтардың орнын толтыруға көмектеседі деп ойлаймын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − two =