Цифрландыру: Игерсек, игілігі мол

0 20

Мемлекет цифрландыру, цифрлық технологияларды пайдалану арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды, экономиканың даму қарқынын жеделдетуді көздейді. Онлайн төлемдер, электрондық қызметтер ең алдымен уақыт үнемдейді. Цифрлық сауатың болмаса, күнделікті өмірде және жұмыста ақпараттық технологияларды қолдана алмайсың.ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің мәлімдеуінше, цифр­лық экожүйеге 67 млрд теңге сомасында инвестиция тартылып, халықтың 97 пайызы кеңжолақты интернетпен қамтылады. 2019 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген 18,7 млрд теңге толығымен игерілген. «Жалпы, респуб­ликалық бюджеттен 2 жыл ішінде 35 млрд теңге жұмсалды. Цифрландыру бо­йынша жүргізілген жұмыстың экономикалық тиімділігі 803 млрд теңгені құрады. Инновациялық экожүйеге 32,8 млрд теңге тартылды» деген министр 250-ден асатын тұрғыны бар елді мекендердің барлығы осы жылдың соңына дейін жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамтамасыз етілетінін айтты.

«Smart City» жобасы

Нұр-Сұлтан қаласы – еліміз бойынша цифрландыру саласы дамыған бірден-бір қала. «Smart City» жобасы бойынша смарт-емхана, смарт-мектеп, смарт-билет­тер, смарт-төлемдер, смарт-көшені жарықтандыру, тұрғынның бірыңғай картасы, қауіпсіз қала жобалары біртіндеп жүзеге асырылып, өз тиімділіктерін көрсетуде. Көлік санына, кептеліске байланысты жұмыс істейтін «ақылды» көше қиылыстары, автобус­тар қай уақытта келетінін хабарлайтын «ақылды» аялдамаларымыз бар. Алғашқы жобаның бірі – «Сергек» жүйесі Big Data талдауларын пайдаланады (кептелістер, төтенше жағдайлар, жолдардың тозуы). Жүйені іске қосқаннан бері 500 мил­лионнан астам бейнематериал жинақталған. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің iKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығы коммуналдық кәсіпорындардың барлық байланыс орталық­тарын біріктіреді және 24/7 тәртібінде жұмыс жасайды.

«Ақылды қала» қаншалықты ақылды?

Цифрлық жобаларды іске асыру бойынша соңғы кездері елордада атқарылған жұмыстар жайында қала әкімі А.Көлгінов былай дейді: «Инженерлік желілерді цифрландыру бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Айталық, 3D және BIM технологиялары арқылы инженерлік желілерге түсетін жүктемені көруге болады. Цифрлық жобаларды жүзеге асыру қаланың бас жоспарындағы қала құрылысы процестерін көруге, болжауға және модельдеуге мүмкіндік береді». Қала әкімінің айтуынша, бас жоспардың кеңістіктегі үш өлшемді макетін құру қаланың және жеке объек­тілердің 3D-голограммасын көруге, табиғи және техногендік жағдайларды, қала ­инфрақұрылымының ­ахуалын (кәріздің жарылуы, апаттар, дауыл және басқалар) модельдеуге, жалпы құрылысын жобалауға мүмкіндік береді.
Қала тұрғыны ретінде цифр­ландыру үрдісінің жақсы дамып жатқанын байқаймыз. Мысалы, карантин кезінде ХҚО-лардан қажетті мәліметтерге онлайн байланыс және интернет мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қол жеткізіп отырдық. Мысалы, осыдан он жыл бұрын баланы балабақшаға орналас­тыру қиын болғаны белгілі. Ал қазір ата-аналар баласын балабақшаға онлайн режимде кезекке қояды, бұл өз кезегінде сыбайластық әрекеттерді азайтуға көмектесуде.
Қала әкімі А.Көлгіновтің бұған қатысты пікірі бар. «Бүгінгі таңда «Азаматтар­ға арналған үкіметпен» қатар проактивті жүйе әзірленді. Жеке өзіме бір жыл бойы көптеген шағым мен өтініштер келіп түсті. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңызды бөлігі адами факторды азайту болғандықтан, оған цифрландыру арқылы қол жеткізе аламыз. Барлық мемлекеттік сатып алуды онлайн бастағанда, бәрі ашық әрі әділ көрінеді, осыдан ке­йін ғана нәтиже туралы айта аламыз. Біз білім саласындағы сенімді нығайтқымыз келеді, өйткені балаларға қатысты салада оңай олжаға жол бермеуіміз керек. Ең алдымен балалардың қауіпсіздігін, тамақ сапасын және әділдікті қамтамасыз етуіміз керек» дейді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Сауданы цифрландыру

Бүгінде елімізде 2 мыңнан астам интернет-дүкен бар. Былтыр республика бойынша қолма-қол ақшасыз төлем 14 триллион теңгеден асқан. ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, азық-түлік саудасын дамыту мақсатында «Onay Bazar» және «HappyFood.kz» электрондық платформаларын дамытуға қолдау көрсетілген.

Мемлекеттік қызмет алу жеңілдей түскен

Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы онлайн қолжетімді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Мұрат Жұманбай цифрландырудың арқасында мемлекеттік қызметті алу жеңілдей түскенін келтіреді. «Кейінгі бір жарым жылда мамандандырылған ХҚО-ға барып уақыт жоғалтпай, egov.kz порталы арқылы автокөлікті есепке қойып, жүргізуші куәлігін ауыстыруға болады» дейді Мұрат Жұманбай.

1,5 жыл ішінде 430 млн теңге үнем

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, қанатқақты жоба іске қосылған сәттен бастап 1,5 жыл ішінде ҚР Еңбекмині 430 млн теңгені үнемдеген. Мысалы, қазір жұмыс берушілерге ХҚО-ға келудің де, бос жұмыс орын­дары бар бума қағазды тапсырудың қажеті жоқ, енді ХҚО штатында бұрынғыдай осы деректерді қолмен енгізетін бірнеше адам да қажет болмай қалды. Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі оны ба­зада сақтауға мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаевтың айтуынша, жыл аяғына дейін тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою үшін ең жемқор мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды аяқтау қажет. «Егер жыл аяғында біз мемлекеттік қызметтерді жергілікті деңгейде де, орталық деңгейде де автоматтандыратын болсақ, онда біз ішкі сыбайлас жемқорлық проблемаларын жоямыз. Бірлескен іс-әрекеттер арқылы жемқорлықты іс жүзінде жойдық деп айта аламыз. Аз қалды» деді Шпекбаев.
Сондай-ақ оның айтуынша, ашық бюджеттердің интерактивті картасына ақпаратты орналастыру бойынша мемлекеттік мекемелердің жұмысын жандандыру қажет. Егер өткен жылы 323 мемлекеттік мекеме 408 млрд теңгенің бюджетін жариялаған болса, биыл 246 департамент барлығы 165 млрд теңгенің бюджетін жариялаған.
«Дәстүрлі форматтан ашық кеңістік форматына көшуге қатысты мемлекеттік инс­титуттардың қайта құрылуын жеделдету қажет. Менде елордадағы 326 мемлекеттік мекеменің 61-і туралы мәлімет бар, мен бұл жағынан дамымай жатырмыз деп санаймын» деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің төрағасы.

Кеңжолақты интернетсіз өмір жоқ

Шынында, карантин бізге біраз жайдың бетін ашты. Білім саласының проблемаларын көрсетті. Карантин жағдайына байланысты онлайн оқуға көшкенде интернет желісінің қуаты нашар екені байқалды. Бұдан бұрын интернет елдің 90 пайыз аумағын қамтиды деп жүргенде шын мәнінде олай емес екеніне көзіміз жетті. Интернеттің сапасы нашар, ата-аналар жүйкелеп, e-mail ашудың өзіне қиналып жатты, сондай-ақ көптеген мұғалімдердің IT-технология­лармен жұмыс істеуге дайын еместігі байқалды.
«Еліміздегі 118 қала мен 4235 ауылдық елді мекеннің тұрғындары, бұл шамамен 18 млн адам, қазірдің өзінде 3G/4G байланысын пайдалана алады. Ол үшін ел басшылығының тапсыр­масы бойынша байланыс операторлары бүгінде 2 ірі ауқымды жобаны жүзеге асыруда» деген Асқар Жұмағалиев 2021 жылдың соңына дейін еліміздегі 5 мың елді мекеннің кең ауқымды интернетке қол жеткізе алатынын айтқан болатын. Онлайн оқу кезінде белгілі болғаны – жаңа заманның ақпараттық технологияларын таратушы кеңжолақты интернет же­лілері ауылдарымыздың бәріне бірдей жетпепті, елде 6 мыңнан астам елді мекен болса, оның тек 3300-і кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілген.
Карантин кезінде онлайн оқуға көшкен кезде халық­тың әлеуметтік жағдайы да анық көрінді, «осы кезге дейін үйінде смартфоны, теледидары жоқ отбасылар бар екен ғой» деп таңғалдық. Бір бөлмелі жатақханада тұратын отбасылардың балаларына бір бөлмеде бірнеше оқушы сабақ оқу қиындық тудырған. Осы жерде Германияны мысалға алайық, Германия үкіметі мектептерін цифрландыруға жыл сайын 5 миллиард еуро бөледі деген мәліметті көрдік. Бұл қаржы планшеттер мен компьютерлер сатып алып, ғаламторға қосылу үшін жұмсалады екен. Немістің балалары осынау игіліктің арқасында физика мен химия пәнін оқығанда халықаралық зертханалардан тәжірибелер көре алады, ал астрономия сабағында обсерваториялардан жұлдыздарды зерттейді. Ал бізде әр үйде бір компьютер, бір ноутбук болса соның өзі тамаша жетістік, бірақ қазақ отбасында кемі 3-5 бала барын ескерсек, оның бәрін смартфонмен қамтамасыз ету ата-анаға кәдімгідей жүк. Аузымызды қу шөппен сүрте бермейік, елордадағы 88 мектептің (барлығы 109 мектеп) барлығы дерлік кеңжолақты интернет желісімен және компьютерлермен жабдықталған. Кей мектеп STEM бойынша оқытады, STEM лабораториялар керекті жабдықтармен жабдықталған. Бастауыш сынып оқушыларына арнайы скретч бағдарламасы енгізілген.

Карантин кезіндегі көмек

Цифрлық даму вице-министрі Абылайхан Оспанов­тың айтуынша, ТЖ кезінде көптеген IT-компаниялар азаматтарға жаңа өмір салтына бейімделіп, қызметтерді қашықтан алуға қажетті түрлі әзірлемелер жасауға белсенді қатысқан. Бұған ЭЦҚ-ны қашықтан алу қызметін айтуға болады, 215 мыңнан астам қазақстандық ЭЦҚ-ны онлайн ресімдеген. Одан бөлек, Ұлттық сараптама орталығында зертханалық зерттеулер жүргізу процесі автоматтандырылып, COVID-19 деректерін басқару жүйесі құрылған, блокбекеттерден өту рәсімін тездету үшін iQala.kz порталында Qorgan сервисі, сондай-ақ жүк тасымалдаушыларға берілетін рұқсатты электронды тексеру қызметі және т. б. іске қосылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + ten =