Цифрландыру барлық саланы қамтиды

0 51

Цифрландыру үдерісі елорданың тіршілігін қамтамасыз ететін барлық салаларға енгізіліп жатыр. Кеше «ANTIKOR ORTALYGY» алаңында ANTIKOR.LIVE жобасы аясында онлайн сұхбатқа қатысқан қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова осылай мәлімдеді. Сұхбатты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева жүргізді.

ЖАҢА ГЕОПОРТАЛ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

– Осыдан екі-үш жыл бұрын цифрландыруды қауіпсіздік саласына енгізіп, дамытқан болсақ, қазір оған барлық сала кірді. Жаңа геопортал іске қосылады. Біздің пікірімізше қаланың ең маңызды салаларының бірі – архитектура. Күнделікті қаншама адам тиісті басқармаға мемлекеттік қызмет алу үшін жүгінеді. Және бұл әлі де қағаз форматында жүзеге асырылады. Осы жағдай адамдарға мәселені шешуде қиындық тудырады. Сондықтан осы салада ауқымды жұмысты бастадық. Оның мақсаты – қаланың барлық инженерлік инфрақұрылымын цифрландыру, оның дұрыстығын, дәлелдігін тексеру және геопортал арқылы қала тұрғындарына архитектура бойынша бүкіл қызметтерді көрсету, – деді ­М.Бектұрова.
Білім саласын цифрландыруға тоқталған қала басшысының орынбасары соның шеңберінде мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздікке көп көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. «Қазіргі жағдайға бұл өте маңызды. Сол себептен биыл «Қауіпсіз мектеп», «Қауіпсіз балабақша» жобаларын толығымен іске қосуды жоспарлап отырмыз» деді ол.

КАРАНТИНДЕ ҚЫЗМЕТ ОНЛАЙН КӨРСЕТІЛДІ

Оның айтуынша, медицинаны цифрландыру әрі қарай да жалғасады. Әлеуметтік саланың цифрландырылуы ерекше қадағалауға алынады. Соның ішінде қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы 19-ға жуық әртүрлі қызмет түрін осы жылдан бастап электронды форматта көрсетіп жатыр.
– Карантин уақытында қаланың барлық басқармаларының адамдарды тікелей қабылдауға мүмкіндігі болған жоқ. Бірақ қызмет көрсетуде ешқандай түйткілдер туындамады. Өйткені барлық қызметтер онлайн платформада көрсетілді. Соның ішінде әлеуметтік көмекті алу, оған бүкіл керек құжаттарды тапсыру электронды түрде, дайын тұрған база арқылы жүргізілді, – деді М.Бектұрова.

БАС ЖОСПАР: ЦИФРЛЫ ФОРМАТТЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Қаланың бас жоспары да цифрландырылып жатыр. Қала әкімінің орынбасары соны да жан-жақты түсіндірді. Бұл жобаны іске асыру биыл басталды. Оның негізгі мақсаты – жер телімдері және инфрақұрылым бойынша ашық та, нақты ақпаратты тарату.
– Астана құрылысының қарқыны қатты болып жатқандықтан, кейбір маңызды мәліметтерде қателіктер кеткен. Мұндай қателіктер көбейген сайын істі шешуде қиындықтарды келтірді. Бір мысал айтайын: құрылыс компаниясы жерді қазуға рұқсат алды дейік. Сол үшін олар қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен құбырдың тереңдігі туралы мәлімет алады. Ал жұмысты бастағанда оқыстан құбыр жарылып жатады. Бұл жағдай неге орын алды? Себебі құбырдың тереңдігі дұрыс көрсетілмеген. Осындай оқиғаларды болашақта болдырмас үшін және қателіктер орын алмас үшін біз желілердің геосканерлеуін жасап жатырмыз. Яғни, мәліметтерді дұрыстауды қолға алдық. Бұл – үлкен жұмыс. Оған Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, «Астана Горархитектура» ЖШС, Цифрлық және мемлекеттік қызметтер басқармасының барлығы дерлік қызметкерлері қатысып жатыр, – деді қала әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, бас жоспарды цифрландыру үш кезеңмен жүреді. Соның бірінші кезеңі аяқталды. Сол арқылы қаланың көрінісі электронды форматқа көшірілді. Онда «қызыл жолақтар», инженерлік желілер көрсетілді. Екінші кезеңде қосымша нысандар – автомагистральдар, жасыл желек саны, құдықтар саны тиісті мәліметтер базасына енгізіледі.
– Құдықтардың нақты санын білмесек, оларды қалай бақылауда ұстаймыз? Оның бәрі енді есепке алынады. Үшінші кезең келесі жылдың көктемінде аяқталады. Онда қалаға қатысты барлық мәліметтер көрсетіледі. Яғни, инженерлік желілер бойынша қателіктер орын алмайтын болады. Бүкіл мәліметтер 100 пайыздық дәлдікпен геопорталға орналастырылады. Монополистер мәліметтерінде де сәйкессіздіктер болмайды. Кәсіпкерлерге де тиісті рұқсатты алу мен жұмыс­ты жүргізу жеңілдейді, – деді М.Бектұрова.

«ҚАУІПСІЗ АУЛА» ЖАҒЫМСЫЗ ЖАҒДАЙЛАРДЫ БОЛДЫРМАЙДЫ

Қауіпсіз қалаға жету мақсатын көздейтін «Сергек» жобасына тоқталған қала әкімінің орынбасары бұл жоба кеңейтіліп жатқанын жеткізді. Бұл аулаларда қауіпсіздік мониторингін енгізу арқылы жүзеге асырылып жатыр. Оның атауы – «Қауіпсіз аула».
– Орталық магистральдер, орталық алаңдар, адамдар көп жиналатын аумақтардың бәрі бейнемониторинг жүйесімен қамтылған. Бірақ аулаларда жағымсыз жағдайлар болып жатады. Мәселен, біреу екіншінің көлігін соқты, велосипед жоғалды, бұзақылық жасалып, ауладағы орындықтар сындырылды дейік. Осындай жағдайларды болдыр­мас үшін тиісті жобаны қолға алдық. Біз бейнекамералардан бейнескрин аламыз. Бұл жағдай қаланың қауіпсіздігін жақсартады деп ойлаймыз. Түптеп келгенде, осындай жұмыс қала тұрғындарының жайлылығы үшін, тәртіп сақшыларының жұмысын жеңілдету үшін жасалып жатыр, – деді М.Бектұрова.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − 12 =