Целиноградтан Ақмолаға дейін

0 64

Ұлттық музейде «Суретшілер мен Целиноград. Тіршілік пен қала» атты шаһар тарихынан сонау тың астанасы аталған кезінен сыр шертетін көрме ашылды.Кешегі Ақмола, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы 1961 жылдың 20 наурызында Целиноград атанғаны белгілі. Дәл сол жылы қалада Суретшілер одағы құрылды. Оның негізін Ленинград, Львов ­сияқты қалалардағы өнерге баулитын жоғары оқу орындары түлектері қалады. Аталмыш көрмеге В.Бельтюков, М.Антонюк, В.Товтин, Л.Колотилина, В.Холуев, Ю.Буштрук, В.Толчинский, Э.Яблонская, В.Толчинский, О.Шлепугин, Л.Свитич, М.Порунин, В.Кучеровский, т. б. осы сияқты суретшілердің картиналары қойылды. Жалпы, 70-тен астам картинада 1961-1997 жылға дейінгі қаланың тынысы қамтылған. Әсіресе, Целиноград-Ақмоланың көріністері көпшілікті қызықтырды.
– Бүгінгі көрменің маңызы ерекше. Себебі ол ел астанасының тарихына арналған. Баршамызға белгілі, елордамыздың тарихы бірнеше кезеңге бөлінеді. Кешегі Целиноград – тың астанасы болса, бүгінгі Нұр-Сұлтан – тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы, – деді көрмені ашып берген Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатубалдин.
Музей бұл көрмені Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивімен бірлесіп ұйымдастырды. Осы мекеме директоры Мейрам Бектембаевтың айтуынша, архивте ҚазКСР Суретшілер одағы тың өлкесі бөлімшесінің №128 қоры бар. Көрмеге қойылған картиналар сол қордан алынды.
Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары қалаға келген суретшілер легінен қазір аз ғана адам қалды. Соның бірі – қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Тоқсейітов. Ол 1968 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, екі жыл Отан алдындағы борышын өтеді. Содан кейін Целиноград қаласына келді. Биыл оның осында келгеніне тура 50 жыл толады. Суретші сол кезді сағынышпен еске алды.
Сондай көзі тірі суретшілердің қатарында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті Виктор Кель бар. Оның картиналарында қаланың бұрынғы көрініс­тері, әріптестердің портреттері біраз қамтылған. Атап айтқанда, 1965 жылға дейін Спортивная көшесі аталған қазіргі Жеңіс даңғылындағы теміржол желісі, №4 Жамбыл ­Жабаев атындағы мектеп-гимназияның бұрынғы ғимараты, көпес Кубриннің үйі, т. б. ба­йырғы тұрғындарға таныс көріністер көзге шалынады.
Аталмыш көрме бір айдан аса уақытқа, 31 наурызға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды