«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тропикалық ағаштар жеміс салды

0 419

Алты ай ақырған қыс болатын Астанада Арқа түгіл, тұтас Қа­зақстан территориясында өспейтін ағаштар ақпан айында бүршік жарып, жеміс сала бастады.

Астанадағы ботаникалық бақта тро­пикалық ағаштар – банан мен апельсин алғаш рет жеміс салды. Сонымен қатар цитрустық кумкват үшінші рет жеміс берді. Өткен жылы шілде айында отырғызылған ағаштардың арасынан алдымен жеміс салған банан ағашы Италиядан әкелінген. «Ғылыми әдіспен басқарылып, температурасы автоматты реттелетін жылыжайда шетелден әкелінген ағаштардың алды 6-7 айда жеміс сала бастады. Олардың өсіп-өнуіне қажетті шарт-жағдай жасалғаннан кейін, вегетациялық уақыты бойынша жыл бойы жеміс сала береді» деді Астана қалалық ботаникалық бақтың кіші ғылыми қызметкері Айнұр Болатбекқызы.
Өсімдіктер бір мезгілде отырғы­зыл­ғанымен, олардың әрқайсысының жа­ратылыстық ерекшелігі мен жер­сіну жағдайына байланысты ұқсас ағаштардың бүршік жаруы, жеміс салуы бір-біріне ұқсамайды екен. Кейбір ағаштар баяу көктесе, кейбірі мәуелеп өсіп, жемісті де үлкен етіп салған. «Банан ағашын отыр­ғызған кезде өте кішкентай болды. Ал қазір екі есеге дейін үлкейді. Біз олардың бұтақтарын бөлек алып, көбейтіп жатырмыз» деді ол.
Ботаникалық бақты суару, климат­ты қадағалау жүйелері түгелдей ав­то­маттандырылған. «Тропикалық ағаш­тардың бір қалыпты көктеуі үшін температура 24 градустан, ылғалдылық 70 па­йыздан төмен түспеуі керек. Цитрустық кумкват жемісі сегіз айда үшінші рет жеміс беріп отыр. Бұл – жоғары деңгейлі күтім мен еңбектің нәтижесі» деді Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнар Ситпаева.
Ботаникалық бақ қызметкерлері бақ жанынан жартылай өндірістік жылыжай ашуды да жоспарлап отыр. Яғни қала тұр­ғындарына тропикалық өсімдіктердің қа­лемшелерін көшіріп апарып үй ішінде өсіру мүмкіндігі берілмек. Сәуір айынан бастап қала тұрғындарының жылыжайларды тамашалауына мүмкіндік жасау да жоспарланған.
2018 жылы елорданың 20 жылдығы қар­саңында ашылған ботаникалық бақта 2 жылыжай бар. Оның бірі тропикалық және субтропикалық өсімдіктерге арналса, екіншісі суккуленттерге арналған. Ал­дыңғысында 70-тен артық тропикалық және суб­тропикалық өсімдік түрлері отыр­ғызылған. Суккуленттер бөлімінде кактус пен алоэ өсімдіктерінің 60-тан аса түрі бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды