Третьяков галереясындағы картина

0 122

Қазақстанның халық суретшісі, алғашқы кәсіби қылқалам шеберлерінің бірі Молдахмет Кенбаевтың ұлттық бейнелеу өнерінде алар орны бөлек. 1948 жылы Алматы көркемсурет училищесін, 1956 жылы Мәскеу көркемсурет институтын бітірген суретшінің шығармашылығы өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастау алады.Сол жылдары оның есімі «Әліби Жангелдиннің отряды», «Шопан әні», «Әңгіме үстінде» деген ел тарихынан сыр шерткен туындыларымен қалың көпшілікке танылды. Әсіресе Кенбаевтың тарихымыз бен танымымызды зерделеген «Тұскиіз» триптихы, «Киіз басу» секілді жұмыстары бейнелеу өнерімізді биікке көтерген шығармалар болды. Қылқалам шеберінің салған суреттерінде ерекше поэтикалық сарын басым. Айталық, бір ғана «Қашағанды қуу» картинасының өзі жылқыны айрықша қастерлеген қазақтың батыр болмысын, еркіндігін, өрлігін бейнелейді.
Осы туындысы жайында суретші өз естелігінде: «Бір күні менің шеберханама халқымыздың ардақты азаматтары Мұхтар Әуезов пен Орал Таңсықбаев келді. Сонда Мұхаң мені алғаш рет Орал ағамен таныстырды. Екеуі салып жатқан суретімнің тұсына келіп, ойланып тұрып қалды. Жүрегім алып-ұшып барады. Бір мезетте Мұхаң: «Пәлі, Орал, мінез деп мынаны айт. Молдахмет сенің аттарың асау ғой өзі. Осындай кеңістік керек бізге. Көкірегіміз ашылып сала берді ғой» деп Орал ағаға қарады. Ол кісі болса үнсіз қостап тұр екен. Бұл менің «Қашағанды қуу» деген жұмысым еді» деп айтады. Қазір бұл картина Мәскеудегі Третьяков галереясында тұр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 2 =