«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Транзиттік- көлік әлеуеті артады

0 31

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын іске асыру мәселесі қаралды. Отырыс барысында пандемияға және сыртқы саяси жағдайлардың әсеріне қарамастан, ҚР аумағы арқылы транзитті қоса алғанда, тасымалдау көлемі өсіп келе жатқаны атап өтілді.

7699e1c08502b9fa8e7675fd4694a5cd_original.435727

Атап айтқанда, 2022 жылғы қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қазақстанда теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 10%-ға артып, 70,8 млн тоннаны құрады. Транзиттік жүктерді тасымалдау көлемі 20%-ға өсіп, 4 млн тоннаға жетті. Контейнерлермен транзиттік тасымалдау көлемі 174,7 мың ЖФЭ көрсеткішімен 12%-ға өсті. Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік транзит көлемі жыл сайын оң динамика көрсетуде және 2021 жылы 732 мың ЖФЭ-ге дейін ұлғайды. Жалпы, өткен жылы Қазақстан арқылы 1 млн-нан астам контейнер немесе 23,8 млн тонна транзиттік жүк жөнелтілді.

Геосаяси және экономикалық жағдай ушығып тұрған қазіргі кезеңде Еуропаға бағытталған транзит көлемі мен жүк тасымалын азайтып алмау үшін тез арада балама бағыттар ашу ісі қолға алынды. Қазіргі кезде жүктерді Әзербайжан мен Грузия арқылы өтетін Транскаспий халықаралық трансшекаралық бағыты мен ТРАСЕКА арқылы жіберу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Бұл отандық жүк тасымалдаушылар үшін бірыңғай тарифтерді белгілеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазақстандық инфрақұрылымдағы кейбір шешілмеген мәселелер жаңғыр­ту және құрылыс жұмыстары есебінен реттелуі мүмкін. Жылжымалы жүк вагондарының паркі жылдан жылға тозып келеді. Ал толыққанды теңіз сауда флотының болмауынан, теңіз логистикалық инфрақұрылымын толық қуатында пайдалана алмай отырмыз.  Транзиттік-көлік тасымалы әлеуетін арттыру үшін шекарадан өту кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайтып, көлік инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыру қажет.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Премьер-министр Әлихан Смайылов мемлекеттік органдар мен ұлттық компания­лардың басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды