ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ ТҮЙТКІЛІ НЕДЕ?

0 154

Human-organ-transplant--008

«Трансплантация» деп бір адамның ағзасын, нақтырақ айтқанда, бауыр, жүрек, өкпе, бүйрек, сүйек майын немесе денесінің бір бөлігінің тіндерін келесі бір адамға салуды айтады. Медицинада мүшесін берген адамды донор дейді де, алушыны, яғни науқасты реципиент деп атайды.

Жалпы, Қазақстанда ағза ауыстыру оталары отыз жылдан бері жасалып келеді. Оның ішінде бір бүйрегін, бауырының шамалы бір бөлігін беріп, өзгеге ғұмыр сыйлаған жандар арамызда жүр. Сол сияқты сырқаттарға аса қажет органдарды қайтыс болған адамдардан да алуға болады. Алайда, осы донор жетіспеушілігі отандық трансплантология саласын өрге бастырмай отыр. Елімізде жыл сайын 50 адам донорлық ағзаға қолы жетпегендіктен көз жұмады. Қазірдің өзінде 4 мыңға жуық жан донор ағзасына зәру. Оның 3 мыңы бүйрек, 1100-дейі жүрек, мыңнан астамы бауыр, ал өзгесі өт, өкпесін ауыстыруға мұқтаж. Бірақ, өз еркімен донор болуға ниеттілер аз. Жыл басынан бері 77 ағза ауыстыру операциясы жасалса, оның 72-сіне туысқандары донор болыпты. Бар-жоғы 5 науқастың ғана ғұмырын өмірден өткен жандардың ағзасы сақтап қалған. «6 мыңдай адамның өмірін осы мәйіттік донорлар көбейсе ғана сақтап қалуға болады» дейді дәрігерлер.

Мамандар бір «донор» кем дегенде төрт адамның өмірін ұзартуға көмектесетінін айтады. Алайда, кез келген жанның донор бола алмайтынын да ескерген жөн. Мәселен, 60 жастан асқан кісілер донор бола алмайды. Өйткені, олардың ағзалары қартаяды. Тіпті, 40-тан асар-аспас жасында ішкі органдары жарамсыз болып қалатын кісілер  болады екен. Яғни, донор болатын жанның салмағы, қан тобы, өзге де медициналық көрсеткіштері реципиентке сәйкес келуі тиіс. Қазіргі кезде Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта тез арада жүрек трансплантациясын қажет ететін бірнеше науқас, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының диализ бөлімшесінде бүйрек трансплантациясын қажет ететін балалар тіркеуде тұр. Олардың барлығы ауруханада айлар, жылдар бойы жасанды бүйрек аппараттарына байланып өмір сүруге мәжбүр. Өкпе, ұйқы безі, ішек, жілік майы, көздің қасаң қабықшасы, бұлшық ет трансплантациясына тағдыры байланғандардың қатары да аз емес. Бәріне, донор тапшылығы қолбайлау болып отыр. Халықты бұл мәселеге діннің қалай қарайтындығы алаңдатады. Демек, бізге әлі де түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз. Әйтпесе, қазір Қазақстанда донорлықты дамыту үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Медицина мамандарын шетелде оқыту, әлем дәрігерлерімен тәжірибе бөлісу жолға қойылған. Трансплантация бойынша қажетті нормативтік құқықтық база дайындалған. Клиникалық орталықтар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бірақ, біздің қоғам бұл мәселеге әлі дайын емес. Біз донор болу арқылы қаншама адамдарды құтқаруға болатынын әлі де түсіне алмай келеміз. Трансплантация адам өмірін ұзартады, сырқатқа дертінен айығып, толыққанды өмір сүру қуанышын сыйлайды. Енді донор болу мәселесі арнаулы заңмен бекітілетін болады. Қазір заң жобасы Парламент қарауында жатыр. Сондықтан қай кезде де әрқайсымыз «Донор болуға дайынсың ба?» деген сауалға жауап беруге дайын болуымыз қажет шығар.

 

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 17 =