ТРАКТОР МОДУЛІН ТАРТУ ЕТТІ

0 132

агротрактор

Кеше С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Қазақстан-Беларус инженерлік кадрларды даярлау және қайта даярлау орталығында «Беларус-3522» тракторының оқу-әдістемелік макет-модулін салтанатты тапсыру рәсімі өтті.

Бұл – С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ мен «Беларусь тракторы сауда үйі» арасындағы жылдар бойы жал­ғасып келе жатқан ынты­мақтастық белгісі. Салтанатты рәсімге ҚР ІІМ вице-министрі, Қазақстан-Беларус сауда-экономикалық байланыстар мемлекетаралық комиссиясының тең төрағасы В.Божко, Беларус Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі А.Ничкасов, С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық универ­ситетінің ректоры А.Күріш­баев, «Беларус тракторы СҮ» директоры И.Морозов қатысты.

ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев бірлескен жобаларға сәйкес университет жанынан ғылыми-өндірістік кластер құру, Көк­шетау қаласында коммуналдық және ауылшаруашылық техникасын құрастыру бойынша индустриалды-технологиялық парк салу, сонымен қатар университеттің қосалқы шаруашылығында сынақ базасын дамыту жоспарланып жатқанын атап өтті.

Университетке тарту етілген трактор модулінің жалпы массасы – 7 тонна, ұзындығы – 5 метрге жуық, ені – 2 метрден астам және биіктігі 3 метрге тең. Оның көмегімен студенттер тракторлардың асай-мүсейімен жақыннан таныса алады. Бұл машинаның ауылшаруашылық нарығында болашағы зор, демек жас мамандарға оның құрылысы мен пайдалануын қазірден бастап үйрене беру қажет.

Беларус Республикасының Қазақстан Республи­касындағы Төтенше және өкілетті елшісі А.Ничкасов алдағы уақытта екі жақ­ты ынтымақтастығымыз одан әрі дами түсетінін айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 2 =