Төтенше жағдай режимин бұзған 35 адам қамауға алынды

0 13

Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасының мәліметінше, елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап елордалық құқық қорғаушылар 159 адамды жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде 39 адам заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан, 119-ы – төтенше жағдай режимін бұзған және 1 адам төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекет жасаған.

Пайда таппақ болған

Әкімшілік материалдарды қарау нәтижесінде 124 адамға жалпы сомасы 3 883 715 теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынып, 35 адам қамауға алынды. Сонымен қатар сот шешімімен құқық бұзушылардан 2 24,7 литр антисептик, 17 946 дана медициналық маска мемлекет кірісіне тәркіленді. «Карантин талаптарын бұзу және адамдар жиналатын нысандардың заңсыз жұмыс фактілері бойынша 74 субъекті, оның ішінде 13 дәмхана, азық-түлік емес заттар сататын 14 дүкен, 8 асхана, 6 дөнер дүңгіршегі, 3 бильярд клубы, 3 тігін салоны, 5 компьютерлік клуб, 5 сұлулық салоны, 5 сауна, 1 СПА және 5 техникалық қызмет көрсету стансасы жауапқа тартылды. Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілік сотының қаулысымен азамат О.Р. 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол ұйғарымға қарамастан өзіне тиесілі «Достар» бильярд клубының жұмыс істеуіне жол берген» деп атап өтеді қалалық прокуратурадан.

Айналып өтемін деп құрықталды

Қалалық Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов карантин аумағын заңсыз кесіп өтпек болған 56 оқиғаның 10-ы карантин талабын автокөлікпен бұзуға қатысты тіркелгенін мәлімдеді. «Адамдар карантин аумағын айналма жолдармен, сондай-ақ жазық дала арқылы өтпек болған. Елордаға кіріп-шығудың ерекше режимін бұзғаны үшін 56 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 31 азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 9 азаматқа 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал қалған 16 тұлғаға қатысты материалдар соттың қарауына жолданды» деді Қалалық ПД басшысы.

1200 ерікті тәртіпті қадағалайды

Елде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап еріктілер рейдтік және алдын алу іс-шараларын жүргізуге жұмылдырылған. Арнайы кеудешелермен және радиостанциялармен қамтамасыз етілген еріктілер учаскелік инспекторлармен және патрульдермен бірге карантинге байланысты енгізілген шектеулер туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Еліміз бойынша 1200 ерікті полиция қызметкерлеріне көмек көрсетуде.
Жалпы ел бойынша бірлескен рейд барысында ТЖ режимі 322 рет бұзылғаны анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, онда ескерту немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 13 =