Төрттағандар

Желіден жалқы жыр

0 30

Несіпбек АЙТҰЛЫ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Атылып, қырылса да аш-жалаңаш,
Ұлт үшін қанды майдан ашқан Алаш!
Сағынған туған жерін қазақ түгіл,
Жылайды топырағынан көшкен ағаш.
***
Кісіге қолы таза күдік болмас,
Ұры жоқ жылқы көрсе құрық салмас.
Тартылған Арал қайта толғанменен,
Жалғанда «құлқын» деген құдық толмас.
***
Сақтасын апатынан елді құдай,
Күн қайда еркін жүрген кер бұғыдай?
Кең-байтақ жердің үсті былай қалып,
Жер астын тонап жатыр ендігі бай.
***
Бес тиын алшаңдаған ердің құны,
Болмаса арқасында елдің жүгі.
Аспаны аударылып-төңкерілер,
Тұрса да табанында жер кіндігі.
***
Қонады қанды көрсе құзғын жерге,
Япыр-ау, жем болмадық біз кімдерге?
Шығарып зұлымдықты ат үстіне,
Құдірет, қиянатқа тізгін берме!
***
Жемқорлық шаршамайтын құлдай шапты,
Көрем деп кім ойлаған бұл найсапты?
Атып-ақ тастар едім мылтығым жоқ,
Найзаның заманы емес ырғай сапты.
***
Аяңдап жетпіс деген жастан астық,
Табанды қиядағы тасқа бастық.
Жоқ екен жетпейтіндей ештеңе де,
Жастықта әр нәрсеге бос таластық.
***
Көп дүние көшіп кетті белден асып,
Сандалдық сүрлеуінен енді адасып.
Діндарлар жәннат бар деп жамырайды,
Есігін кім бар бірақ көрген ашып?
***
Айғайлап, аласұрып тынды бәрі,
Көшеді басымыздан бұл күн әлі.
Уақыттың әділ соты айқындайды,
Кімдікі дұрыс болды, кім кінәлі?

1.03.2021

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 3 =