Төрт мектепке – бір инспектор

0 68

Кеше Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев «Промышленный» тұрғын алабындағы №57 орта мектепте есепті кездесуін өткізді. Жиынға қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Кездесуде тұрғындар аудан басшысына күнделікті өмірде өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жеткізді. Мәселен, «Промышленный» алабының тұрғыны Клара Мұхтарқызы: «Шарбақты көшесіне жылы аялдама қойылса деймін. Өйткені адамдар күн суықта авто­бусты көп күтеді. Содан кейін осы тұрғын алапта демалыс алаңы болады деп еді. Ол қашан салынады? Сосын, біздегі отбасылық дәрігерлік амбулатория өте тар. Соны кеңейтуге бола ма?» деген сұрақ қойды.
Алғашқы екі сауалға аудан әкімі Әділбек Сәрсембаев: «Жылы аялдама қою мәселесі бойынша осыған жауапты мекемелермен бірлесіп отырып қарастырамыз. Ал саябақ биыл салынады» деді. Ал дәрігерлік амбулаторияны кеңейту бойынша Ермек Аманшаев: «Былтыр осындай 8 отбасылық дәрігерлік амбулаторияға кеңейту шаралары жүргізілді. Биыл бұл жұмыстар жалғасын табады. Бұл мәселені назарда ұстаймыз» деп жауап берді.
«Күйгенжар» кентінің тұрғыны: «Біздің ауылымызда бұрын балабақша болған ғимарат бар. Соны қайта қалпына келтірсе екен. Осы мәселені 3-4 жылдан бері көтеріп келемін. Ешқандай нәтиже жоқ. Балаларымызды балабақшаға бергіміз келеді. Қазір теледидардан жасөспірімдер арасындағы бұзақылық оқиғаларды естіп жүрегіміз ауырып жүр. Біз тұратын тұрғын алаптағы төрт мектепте бір ғана полиция инспекторы бар. Керек кезінде ол инспекторды орнынан таба алмаймыз. Сондықтан әр білім ордасына жеке инспектор болса деймін» деген мәселені көтерді. Қалалық Білім басқармасының маманы осы балабақша мәселесімен айналысатындығын айтты. Ал Алматы аудандық ішкі істер бөлімінің өкілі: «Қазір біздің ауданда 17 инспектордың орны бос. Енді соған Қарағанды мен Алматыдан келетін курсанттарды күтіп отырмыз» деді.
«Күйгенжар» ауылының тағы бір тұрғыны «Достық» тұрғын алабындағы Ашутасты көшесінің проблемасын көтерді. «Бұл мәселені көптен бері айтып жүрмін. Тіпті «Астана ақшамы» газетіне ол туралы мақала да жаздым. Бірақ ешқандай қорытынды жоқ» деп бір күрсініп алды. Бұған Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының маманы: «Биыл бұл көше жоспарға кірді. Жол жөнделеді» деп сендірді. Сондай-ақ «Промышленный» тұрғын алабының тұрғындары №22 қоғамдық көліктің уақыт аралығы тым ұзақ екендігін, тіпті автобусты аязды күндері бір сағат күтетінін айтып шағымданды. Қысқасы, есепті кездесуде тұрғындар қойған сұрақтарға Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев тия­нақты жауап беріп, сөз болған мәселенің бәрі аяқсыз қалмайтындығын жеткізді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × four =