ТӨРТ АЯҚТЫ САҚШЫЛАР

0 156

Қала тыныштығы, тұрғындар қауіпсіздігі, қылмыскерлерді құрықтау, заңсыздықты анықтау. Бәрі – полицейлердің мойнында. Тәртіп сақшылары бұл жүкті төрт аяқты жануармен бөлісе көтереді.  Себебі, есірткі мен жарылғыш заттарды табуда иісшіл иттер теңдессіз нәтиже көрсетеді. Оларды осындай іске кинолог мамандар баулиды. Біз Астана қаласы Ішкі істер департаментіне қарасты Кинологиялық қызмет орталығына барып, жануарды жаттықтыру жұмыстарымен танысып қайттық.

Келе сала иттерді көруге асықтық. Құлыпталған темір торлы үйшігінде үн-түнсіз жатқан иттер бізді бөтенсіп, келісіп алғандай бір-ақ мезетте абалап үре бастады. Байлаулы болмаса, бас салардай ызамен қарайды. Қорқынышымыз бекер болып шықты. Қызметтік иттер тәртіпке бағынады – иесінің нұсқауынсыз артық әрекетке бармайды. Кинологтың бұйрығы берілген бойда олар әп-сәтте тына қалды.

Осы кезде аға инспектор Рауан Дәулетов басыла қоймаған үрейімізді байқап, көңілімізді қалыпқа түсіргісі келді ме екен, әйтеуір, журналистік сұрағымызды күтпей-ақ, әңгімені бастай жөнелді:

– Біздің орталық иттерді 4 бағыт бойынша дайындайды: есірткі іздеу, жарылғыш заттарды анықтау, із кесу, одорология. Бельгиялық және неміс овчаркасы, лабрадор-ретривер, спаниель тұқымдас иттермен жұмыс істейміз. Әр кинолог өзіне тапсырылған итке ие болып, олардың айналасынан сезген иісті 5 жылға дейін ұмытпайтын қабілетін іс барысында тиімді пайдалануы керек.

– Қарапайым үйдің иттеріне есірткі түгілі, жоғалған затты да іздете алмайсыз ғой. Кинологтар «дәрісінің» құпиясы неде?

– Бұл қызметке кез келген ит жарамайды. Ойнағанды жақсы көретін, ештеңеден қорықпайтын, жүйкесі мықты 5-6 айлық күшіктерді таңдап аламыз да, оны, ең алдымен, ойыншыққа үйретеміз…

Дәл солай. Ойнауға құмар иттерден ғана із кезуші шығады екен.  Жануар міндетті түрде ойыншығын тастай қатып тістеуге талпынып, оны қасарыса қайтармауы керек. Кішкентай добына әбден үйренгенде, кинолог оны көп қораптың біріне жасырып қояды. Иісін жаттап алған ит қораптарды тінтіп жүріп, өз ермегін жазбай табады. Осыған әбден жаттыққан кезде, иттер дайындықтың екінші сатысына көшеді. Енді ойыншықтың қасына есірткі мен жарылғыш заттардың ұқсатқышы (имитаторы) қойылады. Доппен бірге  есірткінің де иісі шығады. Яғни, шынайы жұмыс кезінде ит дағды бойынша ойыншығын іздейді. Бірақ, мұрнына әбден сіңген иісті сезіп, есірткіні әшкерелейді. «Әлемдегі барлық кинологтың әдісі – осы» дейді Рауан Дәулетов. «Ал, «иттерге есірткі егеді» деген қаңқу сөз – бұл саладан хабарсыз жандардың қиялы ғана. Күмән болса, ойланып көріңіз: жарылғыш затты іздету үшін итке бомбаны жегізбейміз ғой!» дейді кинолог әзіл-шыны аралас уәжін айтып.

Шұғыл қоңырау түскен бойда орталықтың қызметтік иттері қылмыстың бетін ашуға қашан да дайын. Кинолог-мамандар иісшіл иттермен  оқиға болған жерге дереу жетіп, қылмыскерлерді ұстауға көп септігін тигізеді. Сондай-ақ, вокзал, әуежай, пошта сияқты адам аяғы арылмайтын жерлер, концерт ғимараттары, стадиондар иісшіл иттердің көмегімен тексеріледі.

«Өкінішке қарай» деуден аулақпыз, әрине, бірақ біз барған уақытта полиция бөлімшесінен жедел шақыртулар болған жоқ. Әйтпесе, оқиға орнындағы төрт аяқты сақшылардың қабілетіне куә болар едік. Десек те,  кинолог мамандар иттерді сынап көруімізге қарсы болмады. Маған героиннің имитаторы берілді. Оны көліктің ішіндегі «ит таппайды-ау» деген қиындау жерге жасырғандай болдым.

Тапсырмамызды Леди есімді ит орындады. Кинологтардың айтуынша, ол – бұл орталықтың «ардагері», ең үздігі, асықпай әрі тез қимылдайды, қызмет етуден жалықпайды. Ледидің көмегімен былтыр 12 қылмыстық факт тіркелген екен. Әуелі ол көліктің сыртын мұқият иіскеп шыққан соң, ішін барлауға кірісті. Бас-аяғы елу секундта героин имитаторы тығулы жерді  тырналап, ырылдап, иесінің назарын өзіне барынша аудартуға тырысты. «Таптым» дегені екен. «Тапсырманы ойдағыдай орындады, енді ойыншығын беріп, ынталандыру керек» деп түсіндірді де, қожайыны Ледиді мақтап, басынан сипап, ойната бастады. Жануар пайдалы іс тындырғанын ұғады дейді мамандар. Басқаша айтсақ, мақтауға ит те кет әрі емес.

Бір қызығы, есірткі мен жарылғыш заттарды іздестіруге жұмсалатын иттер мінезі жағынан екі түрлі болады. Мәселен, есірткі тапқан ит сол жерді қазып, ашуланып үретін болса, жарылғыш заттың тұрған орнын дұрыс белгілеген ит қозғалыссыз қатып қалады екен.

Жас кезінен осы мамандықты қалаған ІІД Кинологиялық қызмет орталығының аға инспекторы Рауан Дәулетовтің бұл қызметте жүргеніне 7 жылдың жүзі болыпты. Негізгі мамандығы – заңгер, әскери борышын өтеген соң, аталмыш салаға бет бұруды жөн көріпті. «Мамандық таңдаудан қателестім деп бір рет те өкінген емеспін. Қандай көңіл-күймен келсең де, ит әрқашан сені қуанып қарсы алады. Ыстық ықыласы ерекше жігерлендіреді» дейді ол.

Кинологтар тәрбиелейтін иттер бұзақылардың дұшпаны болса да, қашан да бейбіт адамның досы болып қала бермек.

 Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 7 =