Төрт аудан түйткілдері

0 16

Елорданың төрт ауданының дамуына алдағы үш жылға қала бюджетінен біраз қаржы қарастырылған. Аудандардың басшылары 2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасында әртүрлі маңызды жұмыстарға негізгі сұраныстары ескерілген деп есептейді. Бірақ кейбір істерге қосымша қаржы керек екенін жасыр­мады. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары үш жылдық бюджет жобасын талқылауды қала аудандары мен бірқатар басқармалардың бюджетін қараумен түйіндеді. Негізгі баяндаманы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев жасады. Одан кейін аудандардың әкімдері мен тиісті басқармалардың басшылары тыңдалды.

«Железнодорожныйда»  мәселе көп

Алматы ауданының әкімі Бектенбай Есполовтың айтуынша, «Железнодорожный» тұрғын алабының мәселелерін шешуге қомақты қаржы керек. Кентте жолдарды салу мен жөндеу, инженерлік инфра­құрылым мен электр желісін ретке келтіру өте өзекті болып отыр. Бұл жұмыстарға аудан әкімдігі ғана емес, тиісті басқармалар жауапты. Аудан басшысы осы мәселелер ескерілсе деген өтінішін жеткізді. Мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мирас Шекенов депутаттар бұл мәселеде қолдау көрсететіндерін айтып өтті.
Мәслихат депутаты Аман Аюпов осы тұрғын алапта дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жайы не болып жатқанын сұрады. Бұл сұраққа жауап берген Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Макишев «Железнодорожныйда» осы нысанды салу бойынша конкурстық жұмыстар әлі жүргізіліп жатқанын айта келе, «Үркерде» кешенді салатын мердігер анықталғанын жеткізді.

Асан қайғы  көшесінде реновация  жалғаса ма?

Байқоңыр ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов ауданды абаттандыруға қосымша қаржы керек екенін айта келе, аялдамалар мәселесін көтерді.
– Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасы аялдамаларды біздің қарамағымызға береміз деген болатын. Басқарма оларды бізге тапсырса, соған сәйкес тиісті қаржы да аудан әкімдігіне бөлінсе, біз бұл мәселені бақылауда ұстаушы едік. Өйткені аялдамалар қазір біраз мәселені туындатып тұр. Мәслихат депутаттарынан осы мәселеде қолдауды сұраймын, – деді Н.Нұрсағатов. Анықталғандай, бұл мәселе таяу күндері шешілуі тиіс. Тиісті басқарма бұған қарсы емес.
Аудан әкіміне әлеуметтік желі арқылы Асан қайғы көшесінде реновация жасау бойынша сауал келіп түсті. Тұрғынның бірі осы жұмысқа бюджеттен қаржы бөлінгенін-бөлінбегенін сұрады. Бұл сауалды Мирас Шекенов оқып берді.
Н.Нұрсағатовтың мәлім­деуінше, Асан қайғы және оның маңындағы көшелердегі ескі және апатты үйлерді сүруге биыл 1 млрд теңге бөлінді. Тиісті жұмыстар атқарылды. Келесі жылы бұл жұмыс­тың жалғасуы республикалық бюджеттен қаржының бөлінуіне қарап отыр. Ал негізінен бұл көше жоспарға енгізілген.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Светлана ­Пивоварованың сөзінше, бұл көшеде реновация жасауға биылға бөлінген қаржы толығымен игерілген. Енді тиісті жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін сатып алуға тағы 4,4 млрд теңге керек.

«Тельманда»  жылы аялдама орнатылады

«Тельман» тұрғын алабына жылы аялдама қажет. Мәслихат депутаты Қарақат Абден осы мәселені көтергеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл жолы депутат мұны Есіл ауданының әкімі Берік Жәкеновтің қаперіне салды.
– Қазір Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы ауданымызда төрт жылы аялдаманы орнатып жатыр. Соның бірі «Тельманда» орнатылады, – деді аудан басшысы.
Қ.Абден аталған тұрғын алапта не мектеп, не балабақша жоқтығын айта келе, балалар оқу орындарына жету үшін аялдамада сағаттап тұратынын, сондықтан бұл мәселе құр сөз болып қалмай, іс жүзінде асырылса деген тілегін жеткізді.

«Үркерде» екінші  мектеп бой көтереді

«Үркер» тұрғын алабында бір ғана орта мектеп бар. Екінші мектеп құрылысы туралы сауалға Б.Жәкенов білім беру ошағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатынын айтып өтті.
– BI Group компаниясы тиісті жұмысты бастады. Қазір мектептің жобасын жасап жатыр. Компания келесі жылдың 1 қыркүйегіне дейін 900 орынға шақталған мектепті пайдалануға беруге уәде беріп отыр, – деді аудан әкімі.
«Бюджетке қатысу» жобасын жүзеге асыруды келесі жылы жалғас­тыру үшін қала бюджетінде қаржы қарастырылды ма? Осы сауалды М.Шекенов Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысына қойды.
Қ.Маңқараевтың айтуынша, желтоқсан айында бюджет бекітілген соң мәселе анықталады. Аудандардың әкімдіктері жоба бойынша ақпаратты аталмыш басқармаға ұсынуы тиіс.

Сүрілуі тиіс 60 үй бар

Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкеннің мәлімдеуінше, аулаларды абаттандыруға, қоғамдық кеңістіктерді салуға, көшелерді жарықтандыруға және осы сияқты басқа да жұмыстарға қосымша 2 млрд теңге шамасында қаржы керек.
– Биыл «Көктал-2» кентінде жол, сумен қамту, жарықтандыру және басқа да инфрақұрылым жұмыстары толығымен аяқталды. Енді дәл осындай жұмыстар «Көктал-1» мен «Агрогородокта» жасалуы тиіс. Бұл кенттерде көптеген бітпеген жобалар бар. Осыған қосымша қаржы қажет, – деді Е.Байкен.
Оның айтуынша, ауданда ескі және апатты үйлерді сүру мәселесі де өте өзекті. Қазір олардың саны 60-тан асып отыр. Осы үйлер бойынша мәселе ведомствоаралық комиссия отырысында қаралып, барлығы тізімге кірді. Мұның сыртында сүрілуі тиіс жатақханалар мен барак типтес үйлер де бар.

ЛПУ бойынша тиісті  тапсырма берілді

Мәслихат депутаты Зұлпыхар Ғайыпов ЛПУ деп аталатын елді мекеннің мәселесін көтерді. Оның сөзінше, бұл тұрғын алапты сумен қамту, онда трансформатор орнату кезек күттірмейтін мәселе болуы керек.
– Былтыр қала әкімі Алтай
Сейдірұлы ЛПУ, «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғындарымен кездесу барысында ЛПУ-да тұрып жатқан 300 адамның мәселесін қарап, тиісті басқармаға тапсырма берген болатын. Бұл тапсырмаға сәйкес бүгінгі күнде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жақын күндері оның сараптамасы жасалып, желтоқсан айының соңында дайын болуы керек. Бюджетті биылғы нақтылауға дейін мәселені шешуге үлгермедік. Келесі жылғы алғашқы нақтылауда қаржы салуды сұраймыз. Бұл – қала аумағына кіретін шағын ауыл. Экологиялық тұрғыдан өте таза. Соны сумен және кәріз жү­йесімен қамтамасыз етуге көп қаржы кетпейді. Бұл мәселе қала әкімінің жеке бақылауында, – деді Е.Байкен.

Ескі гараждар  қолайсыздық  тудырады

Мәслихат депутаты Зейнолла Шібкенов Сарыарқа ауданында өте көп ескі гараждар орналасқанын айта келе, оларды сүру жайын сұрады.
Аудан әкімінің айтуынша, олардың бәрін бірден сүріп тастау мүмкін емес. Себебі бұл жұмыс қомақты қаржыны талап етеді. Қазір осы мәселе Абай көшесінің жалғасы мен Ы.Дүкенұлы көшесінде өзекті болып отырғанын жеткізді.
– Бұл аумақтарда көпқабатты үйлер өте тығыз орналасқан. Жолдар да өте тар. Бағдаршам да жоқ. «Әсем», «Сарыарқа» базарларының маңайын білесіздер ғой. Былай қарасаңыздар, кішкентай ғана жер. Бірақ сол жерлерге ғана 400 миллион теңгедей керек. Ауданда осы мәселені көтеріп отырған гараж кооперативтері өте көп. Мұны кезең-кезеңімен шешпесе болмайды. Барлығын сүруге әзірге ақша жетпейді, – деді аудан басшысы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + seven =