«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Төрағалық табысты өтті

0 179

Қазақстан Президенті Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Астанада өткен сессиясы­ның қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйы­мының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі ая­сындағы кездесулердің достық әрі сындарлы сипатта өткенін атап өтті.
– Біз мемлекеттеріміздің қауіпсіздікті нығайту жолындағы өзара іс-қимылының барлық дерлік мәселелерін қарастырдық. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ халықаралық және өңірлік саясаттың өзекті проблемалары жөнінде сындарлы пікір алмастық. Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалық етуіне орай басымдықтардың қалай іске асқанын қорытындыладық, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қа­уіп­сіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттер тарапынан Қазақстанның осы халықаралық ұйымға төрағалық етуі кезінде атқарған жұмыстарына жоғары баға берілгенін атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіруге бағытталған маңызды шешімдердің қабылданғаны жөнінде айтты.
Қазақстан Президенті сессия қо­ры­тындысы бойынша Заңсыз миграцияға қарсы тұру жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің мүддесі үшін үйлестірілген ақпараттық саясатты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында БАҚ өкілдеріне келесі сессияаралық кезеңде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қырғыз Республикасының төраға болатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына Қырғыз Республикасының жоғары деңгейде төрағалық ететініне және осы ұйымның одан әрі жан-жақты дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды