Тоқшылық жылы саналған

Жабайхан ӘБДІЛДИН, Ұлттық ғылым академиясының академигі

0 31

Наурыз – халқымыздың көнеден келе жатқан ғажайып мерекесі. Егер батысты немесе басқа елдерді алсақ, олар жыл басын Христостың туған күнімен немесе басқа іргелі оқиғалармен байланыстырып жатады. Біз үшін Наурыз – жыл басы. Жаңа жыл көбінесе қыс­тың қаңтарынан басталады деп ойлаймыз. Біздің Наурызымыз жазғытұрыммен байланыс­ты. Ескі деректерде Наурыздың тарихы парсы жұртынан таратылады. Қазақтың да Наурызға өз көзқарасы бар. Себебі біз Ұлы даланы мекендеген жұртпыз. Халқымыз қыстыгүндері тоғайлы жердегі судың жиегінде, не болмаса таудың бөктерін қоныс етті. Қазақтың негізгі малы – жылқы мен қой. Қыс бойы жылқы тебінде жүреді. Қаһарлы мезгілден малды аман алып шығу да оңай емес. Кейбір жылдары қатты жұт болып, байлардың малы қырылып қалған. Қазақтың «Байлық – бір жұттық» дейтіні содан. Сондықтан халқымыз Наурызды, әсіресе, сәуір келгенде «қыстан аман шықтық» деп қуанып, мерекені айрықша тойлаған. Осы уақытта ел қыс­таудан жайлауға көшіп, мал төлдеп, аққа аузы тиіп, мәре-сәре күй кешіп жатқан. Жайлауға көшкенде жас жігіттер мен қыздар әсем киініп, жүрісі жорға ат мініп, көзге түседі. Қыс бойы көрмеген ағайын бір-бірін қонаққа шақырып, шұрқырап табысады. Осының бәрі заңғар жазушы Мұхтар Әуезов­тің «Абай жолы» эпопеясында шынайы, көркем суреттелген. Абайдың өзі: «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі» деп керемет айтады. Расында, көктемде дала қызғалдақ, сарғалдақтармен құлпырып, жайнап тұрады.
Әне-міне дегенше тышқан жылы да келді. Тарихымызда тышқан жылында айтарлықтай қиыншылықтар болмаған. Оны халқымыздың көне жырлары мен эпостарынан байқайсыз. Қазір жұртшылықты алаңдатып отырған індеттен аман шығып, еліміз тыныш, халқымыз бақытты ғұмыр кешіп, жастарымыз өсе берсін деймін!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =