Тоқаның күйлері жинақталды

0 26

Таяуда елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі күйші, композитор Ахат ­Байбосыновтың «Алқалы қосбасар» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл хрестоматиялық еңбекте Арқада өткен шертпе күй шебері, жалпақ жұртқа Сайдалы Сары Тоқа есімімен таныс Тоқа Шоңманұлының күйлері жинақталған.Өз заманында болыс болған Тоқа Шоңманұлын ел арасында ер Тотаң деп те атап кеткен. ХІХ ғасырдың ортасында ХХ ғасырдың басында өмір сүрген күйшінің артында 40 шақты күй қалған деп айтылады. Кітапқа соның 30-ы енген. Оның мұрасын бірден-бір насихатшылары – Мұхаметжан Тілеуханов пен осы Ахат Байбосынов. Алғашқысы таныс­тырылымға қатысып, Тоқаның күйлері туралы мағыналы әңгіме өрбітті. Жиналғандар оның және «Астана сазы» ансамблінің орындауында күй тыңдады.
Физика-математика ғы­лым­дарының докторы, «Ғасыр адамы» атанған Темірғали Көкетаев, Қазақстанның халық әртісі, профессор Қайрат Байбосынов, күйші, өнер зертте­у­ші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біләл Ысқақов кітаптың тұсауын кесті.
Сайдалы Сары Тоқаның ең көп таралған күйлерінің бірі «Төрт толғау» деп аталады. Мұны жоқтау немесе қазаны естірту күйі деп атауға болады. Күйшінің Жалмағамбет деген тұңғыш ұлы қайтыс болғанда қасіреттен туған күй. Тоқаның өзінің, әйелі Көрік пен күйші шешесінің қайғысы осы бір күйде жатыр.
Бұған қоса, күйшінің ел арасына «Сары жайлау», «Ерке қыз», «Бел шешер», «Жалғыз ішек», «Қосбасар», «Боз тор­ғай», «Терісқақпай», «Аққу», «Сары өзен», «Боз айғыр» атты күйлері таралды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды