ТОҚАЛ – АНА

0 320

Оқырмандар арасында қызығушылық тудырған тоқал алу дәстүрі туралы пікірімді көпшілікке ұсынуды жөн санадым.

Әке дәстүрі өз басымда да бар

Әрине, бұрынғы аталардан көп білемін деу – әбестік, бірақ, тоқал мәселесі күн тәртібіне бекер шығып отырған жоқ. Қазақ келін алғанда “малың адал болсын” дейді. Адалынан жолыққан екінші, үшінші әйел перзенттерінің ешкімнен кемдігі жоқ. Кемітіп жүрген – “тоқал талқылауын” күлкі-мазаққа айналдырған өзіміз. Сондықтан, қазақ қана емес, пайымы шолақ орыстілді басылымдарда, теледидарда Ұлтты Сақтаудағы Ұлы Күрес – Баба дәстүрі көп әйел алушылық дәріп­теліп, түсінік жұмыстары діндарлармен бірге жүр­гізілуі қажет, Ұлттың сапалы Дәстүрі ретінде мадақталуы тиіс. Мұның өзі, жесірлікті, жетімдікті, кәріқыздануды, халық өсімін арттыруды өз-өзінен шешетіні мәлім. Ұрпақты көбейту үшін “Мерседес” міну – шарт емес. Ең басты мәселе – еркектің құдай алдындағы жауапкершілігі.

Өз әкем бір қазаннан жиырма адам ауқаттанған шаңырақта өсіп, аштық, ауру және соғыстың бәлесінен әпкесі екеуі қалған. “Ұрпақ көбейтем, жалғызбын” деп, екі әйел алды, қазір, Аллаға шүкір, бір рулы елміз. “Бірдің түбі – мың” деген сол. Әке дәстүрі өз басымда да бар.

Жақында нағашым Жексенбай шабандоз дүниеден өтті. Артындағы екі әйелден он жеті-он сегіз перзенті қалды. Бәрі де бір-бір отбасының берік ұстындары, мықты қазақтар. Мұны айтып отырған себебім, тоқал – Канар аралдары мен Босфор теңізі жағасындағы алтын жағалауда шешіндіріп, мүсінін қызықтайтын “жаңа ­қазақтардың” уақытша “жас иісі” емес, мүлік бө­лісіп соттасатын оппоненті де емес. Дәл осылай түсінген соң ғана Парламентте мырс-мырс күлкі естілді. Тіпті, “бірнеше күйеуге тиюге болатын заң шығарамыз” деушілер де табылды. Ол заң шыққанда да пародия болып қалмақ. Себебі, көп күйеудің бірі болуға көнетін еркек ез, қазақ тәрбиесінде бір отбасын асырай алмаған жігітің мігіт саналады.

Бұл – біздің қазіргі ділі қатты қоғамда Ана, әйел орнының аса төмендеп кеткенінің көрінісі. Алла кешірсін, қозы туатын саулықты аналық қой деп, торайдың шешесі мегежінді білмей, аналық шошқа деп жазып, кандидаттық қорғаған ғалымның “еңбегін” мына шықпағыр көзімізбен оқыдық. Әйел-Ана босанады (сиыр бұзаулайды, қой қоздайды, түйе боталайды, ит күшіктейді, ешкі лақтайды, бие құлындайды) деудің орнына “туды” дейтін болдық. Ал, сәбиханада, дұрысы, адам өзі босанады және дәрігерлер босандырады.

Бүгін еуропаланып кеткен ауқымы тар санада батырларды туған тоқал – екінші сортты, қызметші есебінде түсініледі. Оны қазақ күң дейді. Қазіргі орысшылдық тонынан шыққан шала қазақтар, таза орыстармен қосылып “көңілдес” мағынасында, күлкі, мазақ ретінде қабылдайды. Мысалы, орыс тілді газеттің бірінде Парламент депутаты (ұлты – орыс) «үйге барғанда әйелім “токалчигің қайда, неге маған шай бермейді?” деп әзілдеді» дейді. Яғни, тоқалды үй шаруасын істейтін қызметші деп түсіну қалыптасқан. Бұл – ұлттық менталитетті түсінбеу.
Тоқал – Ана. Қасиетті аналар тарихта көп. Ең бастысы, атам қазақ және қазіргі екі-үш отбасы барлар перзент үшін үйленген. Оңтүстіктің оңтұстығындағы Мақтаралда менің бірнеше досым бар. Әр үйде екі әйелден, жеті-он қара­до­­малақтан. Тоқал туралы түсінік дұрыс болған соң халық айып көрмейді. Тоқал да, одан туған балалар да адамдық қасиеттерді аяқасты етпей, ата дәстүрімен өсіп келеді.
Жалғыздың – шығар-шықпас жаны бар,
Екеудің – қолға ұстаған талы бар,
Үшеудің – желкесінде жалы бар,
деп, бабалар қалай дәл, әдемі айтқан. Жауынгер Махамбет:
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік,
демей ме?! Баласы көп қазақ – әруақты қазақ. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ол кеше еді…

Еркектер құқы ескерілмей жүр 

Көп әйел алушылық, қазақы неке жасының ерекшелігі, ұлы қазақтардың тоқалынан туған балалар туралы оқырмандар тарихтан мағлұмдар шығар.

Бір аңқау татар ботаны көріп, “кішкентайлығы болмаса, құдды түйе ғой” депті. Соған ұқсап, қазір қатарын менсінбей, күйеуге шықпай жүрген жас бойжеткендер – қатты айтсам, кешірерсіздер, болашақ тоқалдар. Бірақ, оған бойжеткендер ғана кінәлі емес.

Баспасөзде, телерадио хабарларында алдан­ған қыздар, көкек аналар мен тастанды балалар туралы мәселе қозғалып, әртүрлі жастағы қатысу­шылар пікір білдіріп жатады. Нәтижесінде өмір тәжірибелері мен жастарына, тіпті, мамандығына қарай, әркімнің пікірі әртүрлі болып шығады. Ол заңды да. Көп ойдың бір түйіні болмай жүр. Мысалы, алдаған жігітті жазалау, алданған қыз­ға жатақхана жағдайын жасау, екіқабат болу­дан сақтану, зорлап үйлендіру, ата-ананың жауап­кершілігі… Ойлар мен пікірлер шашыранды айты­лып, айтылған жерде қалады. Жетім бала, жесір “қыз”, алдамшы жігіт мәселесі шешімін таппай, ұсыныс нақты айтылмай, аспанда ілініп қалады. Қырықтан асқан қырқылжыңдар мен алпысқа жақындаған “жас иіс” іздеушілерге де біраз сын айтылып жүр. Үлкен қызметтегі ағалар жас қыздар жұмыс сұрап келгенде жағдайды төсек әңгімесіне бұратыны, қазақы үлкендік, әкелік қамқорлық, “қарындасым, қандасым” деп қарау кемшіндігі, басқа ұлт өкілдерінен қаракөздерімізді қорғай алмайтынымыз туралы да аз айтылмай жүр. Жеңілтек қыздың сарыүрпек бозбаланы алдап тұрмыс құруы, «екіқабат болдым» деп қоқан-лоқы жасап, «зорладың» деп ақша талап ететіні, заң алдында қашан да қыздікі “дұрыс” боп шығатыны – қышыған тілге тиек.

… Мен бірінші кезекте қоғамды кінәлаймын, оның неке туралы заңдарын өмірге икемсіз “өлген” заңдар деп есептеймін.

Неке жасы туралы. Бойжеткен мен бозбаланың пісу процесі әр елде әрқилы. Қалаңыз, қаламаңыз, ол тікелей ауа райына байланысты. Пісу жағынан табиғат-құдайдан мал, жеміс, адамның алатыны бірдей. Біз алма, қызанақ, буылдық (картоп), қырыққабат піссе, шірітіп алмай, тез жинап алуды ұмытпаймыз. Бар жұмысты қойып бәңкі жаба­мыз. (Күлмей тұра тұрыңыз!) Сиырың күйлесе, мөңіреп қораның іші азан-қазан болған соң, күйтін басатын бұқа іздейміз. Айғырдың “бәйбіше-тоқалдарының” да жағдайын дер уақытында қарастырамыз. Африка, Үндістанды білмеймін, Түркіменстан мен Өзбекстан, тіпті Тәжікстанда бойжеткендер он алты жаста оқу-біліміңді ойлай қоймайды. Нені ойлайтынын, қалай армандайтынын, неге ашуланшақ болатынын ішіңіз сезіп отырған шығар. Басқаша айтқанда, ана болуға дайын, пісіп жетіледі. “Әлі жас қой” деп, ақыл-ес туралы айтыспай тұра тұрыңыз.

Бұрынғы ардақты әжелеріміз де, менің өзімнің рахматлы Анам да он алты жастарында ана атан­ған. Ал, жастай, табиғи жағдайда, уақытымен перзент көргендердің қанының алмасуы, көркінің жаңаруы жиі жүретіндіктен, қартаймай, жас сақталатынын медицина ғылымы дәлелдеп қой­ды. Әйтпесе, ауылдағы бес бала тапқан отыздағы әйел мен бір бала тапқан сол жастағы қалалық құрбысын салыстырып қараңыз, бесеудің Анасы сұлу, дені сау көрінеді.

Жарайды, бірді айтып бірге кетпейік, сонымен, Қазақстандай, ауа райы ыстық республикаларда неке жасын төмендету керек! Мен он сегізден төмендетуді айтып отырмын! Ал, теңіз жағасындағы Балтық елдерінің, Норвегияның таулы аймақтарының ұзынтұра бойжеткендері

21-22 жаста 14-15 тегі біздің ауылдың қызда­рындай, “анау-мынау” әңгімеңе түсінбейді, сал­қынқанды қалып танытады. Өлген балықтай мұздай болып тұра береді. Расында, солай. Құдай, кеше гөр, аңқау күркетауықтың икемсіз, ұзынтұра, шибұт балапаны мен аса құрметті тауық ханымның пысықай шібилері сияқты – салқын жер мен ыстық өлкенің перзенттері де әр қилы. “Әр таудың шөбі басқа, киігі секіреді тастан тасқа” деген сол.

Хош, «сонда Қазақстан не бүлдіріп қойды?» дейсіз ғой. Бес-жеті жылға дейінгі жоғары оқу орындарындағы, яғни, институттар мен универ­ситеттердің студент қыздары білім алуды да, күйеуге шығуды да қатырмайды. Себебі, екеуі бір-біріне “мешайт” етеді. Пісіп жетілу кезеңін сапалы орындау үшін қыздардың (!) оқу мерзімін екі жыл он ай немесе үш жылдан асырмау керек. Демек, арнайы және жалпы мамандық беретін дәрежедегі білім ордасы көп қажет болады. Магистр болам, министр болам, депутат болам (көп күйеуді қоралағысы келетін Сыздықова сияқты) дейтін қыздар өз жолымен жүріп, білімін жетілдіріп, үш жылдық дипломмен университетіне түсе берсін! Мәселен, бір оқу тобындағы жиырма бес-елу қыздың бес-алтауы ғана ғылым жолын қуатын үздіктер сапында. Басқа қыздар – ма­мандығын алып, отбасы құрып, тыныш өмір сүргісі келетіндер. Демек, мектептегі үздік оқу­шыларды, талантты балаларды бөлек оқыту әдісін (табиғи іріктеуді) қолдану қажет. Мектепті он алты жасында бітірсе, он тоғызында мамандық алған бойжеткен бақытын табуға да, денсаулығын сақтауға да, алдағы күнге ашық көзбен қарауға да уақыт жеткізер еді. Бес-жеті жыл оқып, курстас жігіттердің үйленіп кеткеніне қарап отырмас еді…
Аборт жасату туралы. Өмірдің қанбазарынан мысал алайық. Ер мен әйел некеге тұрғанда әртүрлі міндеттер мен құқықтарға жол ашылады. Әйел ажырасқан жағдайда мүлікке, алиментке бала-шағасымен ие болу заңдастырылған. Сондай-ақ, біздің қоғамда ең масқарасы, некелі әйелге туған күйеуін әке болу құқығынан айы­руға толық мүмкіндік жасалған. Мысалы, бес түрлі адамды алайық: а) алданып қалған жас қыз; ә) “өзім асыраймын, әке керегі жоқ, уақытым өтіп барады, бір бала туып алайын” деген кәрі іскер, оқымысты қыз; б) абайсыз көтеріп қалған “көбелек” қыз; в) бөтен еркектен көтеріп қалған некелі (опасыз) әйел; г) некесі адал, өз күйеуінен екіқабат әйел.

Осының бәрі әрқилы себептермен түсік тү­сіруге (заңды, заңсыз, ақылы, ақысыз, ашық, жасырын) баруға мәжбүр болды дейік. Заңды күйеуі бар соңғы әйелден басқасының бәрі емін-еркін, ешкімнің рұқсатынсыз, өз бойындағы абайсызда біткен “артық жүктен” – жүректен арыла алады. Жүрек деп отырғанымыздың себебі – ұрық жалқаяқтанып жатырда бала пайда боларда Алланың бұйрығымен жүрек бірінші жасалады екен. Сондықтан, анасының қылмысын түсік сезеді. Бұл енді мораль әңгімесі ғой, әншейін сөз кезегінде айтып отырмыз…
Сонымен, соңғы аталған (г) некелі әйел де дәл сол абортты күйеуінің рұқсатынсыз істей алады! Сонда АХАЖ (ЗАГС) куәлігі, еркектің әкелік құқы, перзент көрем деген ниеті, асыраушы жақсы адам екені далада қалмай ма?! Дәрігер-гинеколог некеде бар болса, “күйеуіңнің жазбаша рұқсатын алып кел” деп айтса қалай болар еді?! Неге аборт жасау некелі күйеуден (әкеден) жасырын жасалады? Мен, маскүнем, арамтамақ, отбасын асырамайтын, қаңғыбас, ауру, нашақор әкелерді қорғап тұрған жоқпын. Мен нағыз әке, некелі еркек туралы айтып тұрмын. Дәрігерде пациенттің мекен-жайы анық бар, демек, оның некелі күйеуі бар екенін біле тұра, жартылай рұқсатсыз, тіпті, ескертусіз аборт жасаушы гинеколог – қыл­мыскер! Демек, әйелінің қылмысын нақты анық­­таған некесі бар ер кісінің (әйелі рұқсатсыз аборт жасаған құрбан перзенттің әкесінің) гинекологты сотқа беруге құқығы болуы қажет! Күйеуімен ұрсып қалып, баласын алдыра беру – халық өсімін реттеуді еркектен “екіесті” әйелдің қолына бере салу, яғни, халық тағдырын екі әйел­дің – ымырашыл “некелі” әйел мен парақор, келісімпаз гинекологтың қолына беру деген сөз. Сонымен, некелі күйеуінің жазбаша рұқсатынсыз, аборт жасатқан некелі әйел “ұрлығы” дәлелденсе – АХАЖ куәлігі, сонымен қабат, некелі әйелдің мүлікке ортақтық үлес құқы, әйелдер дүниеге жақын болатындықтан, сол сәттен жойылатын (анулировать) заң тармағы керек! Егер, олай болмаса, некелі әйел алақиғаш шауып, адал әкенің болашақ перзентін қалағанынша “лақтыра” беретін болса – неке неме керек?

О бастағы табиғат берген міндетіміз – ұрпақ қалдыру, басымызды көбейту емес пе еді?! Ауру, нашақор еркектерді (белсіздікті) мысалға келтіріп елді үркіте бермей, сау-саламат Еркек абыройын неге көтермейміз. Өзіңіз көріп жүргендей, әйелдің “ақылшысы” көп – “екі бала жетпей ме, неге керек? Бәденің (фигураң) бұзылады” деген сияқты қысыр кеңес айтушылар қасыңызда өріп жүр. Ал, “бес-алты, он бала көргім келеді” дейтін сау-саламат Адам-Еркек шүкір бар ғой. Сонда Хауа-Ана міндетін атқарудан ашық бас тартатын әйелге (егер олай атауға болса…) нендей қарсы шара жасау қажет?! Әрине, екі әйел алушылық мәселесі өз-өзінен ойға түседі. Бірақ… заң жоқ!
Ал, нағыз Еркектер заңды күтпей-ақ тоқалда­ры­нан перзент өсіруде.

Тоқалдан туған ұл топырақ салған

Тоқалдан туған ұлдардың әңгімелерін халқы­мыздың ұлы қаламгерінен бастайық… Өзінің жазуынша алғашқы әйелімен некеде бақытсыз болды. Қателеспесем, ұлы ақынның бәйбішесінің сіңлісін алып, одан қыз көрді. Одан орыстан әйел алып, қыздар көрді. Бірақ, қыздардың аты қалмай, тоқалынан туған жалғыз ұл атын шығарып жүр. «Заңсыз туды!» дегендей сөз де жоқ. Елді елу жыл басқарған құдасы сол ерлікті жасай алмай, әйелінен аса алмай, перзент көрмей өтіп кетті.

…Естелікке сенсек, сезімтал Құлагер ақын «жеңгеңе, балаларға көз қырыңды сала жүр» депті. Бұйрабас жігіттің қылықты, сұлу жеңгесіне көзі түскенін сезбеді дейсің бе?! Жылдар өтті. Бәрі кетті. Уақыт таразысына барды салатын кез жетті. Асыл перзентінің қызығын көрмесе де, тура жолға түсіріп, оқытып, ұлы жазушы ізбасарына өмірін жалғап кетті. Бұл – ұлы шығарма жазғаннан да артықтау, нағыз еркектің ерлігі дер едім мен!!

Қазақтың тағы бір марқасқа қаламгері, ұлы жазушы өмірден өткенде, перзенттеріне (қыз­дарына) дүниесін бөлетін комиссия бастығы болған екен. Сонда, бәйбіше қыздары тоқал ұлынан, ақша, үй, мүлік, машина сияқты дүние­лерді қызғаныпты дейді. Һәм жұмысқа жолатпай, Алматыға жақындатпай, дөкей қайна­ғасын пай­даланып, жас жігітке қыспақты жасап-ақ баққан. Комиссия бастығы қазақы мінезбен, «Әке мұрасынан ұлға да бөлейік» десе керек. Сонда, әпке қабағына қараған әрі ақылды ұл «Әкем беретінін беріп қойған» депті. Шошына
қарап, байлықты ойлаған орысшылдау әпке «Не берді?» десе керек. Сонда асылдың сынығы, ұлы: «Ол маған фамилиясын берді, сол да же­теді» депті. Дәл осылай ма, басы-қасында бол­ған жоқпыз, бірақ, данышпанның асыл қаны­ның көрініс бергені, тот баспас алтындай жарқ ете қалғаны анық қой. Қане, енді реті келсе, сұрап біл­сек қой… Ұлы адам да пенде. Жаз­багер жа­дау көңілмен өз баласын – тәңірден тілеп алған тұяғын медеу көріп, сан түндер жазу жаз­­ғанда, соның жер бетінде бар екендігіне шүкір­шілік етіп, тәуба қылып, «армансызбын!» деп күбірлеген шығар. Ол да адам баласы ғой, мендей…

Ұлылар өз жөнімен қала тұрсын, ал, орташа қазақ Бектепов туралы атамның әңгімесі мынау: Қазір Жетісайда Бектепов атында көше бар. Ол қателеспесем, ауданның қаржы бөлімінің бастығы болған. Коммунист, перзенті жоқ. Әйелі тоқал алдырмайды. Молотов базарының асханасында бөлек бөлмеде тамақ жеп, арақ ішкенде, арманын айтып, ұл перзентті аңсап көңілі босайды екен. Қырықтан жаңа асқан әлгі асханашыға біраз сырын да айтқандай: «Әйел алайын десем, жұмыстан босап кетем, комунистпін, әйелім арыз жазып, құртып жібереді» деген сияқты. «Оның оңай жолы, осында бір ыдыс жуушы жас әйел бар, бір қызы бар, соған жасырын үйленіңіз. Жан баласына тісімнен шығармаймын» депті пысық асханашы. Сөйтіп, кембағалдау, ыдыс-аяқ жуатын, бірақ, таза тәбетті келіншектен Бектепов ұл перзент көріпті, қарасып жүріпті…

…Арада он алты жыл өтеді. Бектепов те, кемпірі де қартаяды. Үлкен жұмыс, қызмет креслосы жоқ, кеңес өкіметіне адал қызмет етіп, байлық жимай өткен қалтыраған қос зейнеткер – мұңлықтар ғой. Күндердің күнінде кемпірге құдай сана беріп: «Баяғыда бажылдай бермей біреуді қосқанымда, бір шикіөкпені туғанда, осы уақта соқа басымыз сопайып отырмас едік. Өлсек, топырақ салатын да адам жоқ. Мен ақымақ болыппын!» деген-мыс. Сондай сөздер араның ызыңындай мазаны алып қайталана берген соң, өмір қосағына жаны ашыған Бектепов: «Бізді көметін адам бар, құр қол емеспіз» деп «ұрлығының» сырын ашыпты.

Қысқасы, әңгімеге қанған кемпір қоржын-қосқалағын дайындап, Жетісай қаласынан осы аттас совхоз бөлімшесіне, бұрынғы Молотовқа қуана барып, күндесімен табысқан. Оның қызын ұзатуға да қатысқан. Он алтыдағы бала екі үйге бірдей келіп жүрген. Тағдыр солай да! Арада
көп өтпей ұлдың анасы, тағы біразырақтан соң ұлды үйлендіріп шал да қайтыс болады. Құдайдың жазуымен, Бедірей кемпір мен Тілектес бала қалады. Ол үйленіп, кемпір одан немере сүйіп, кейінірек ақ жуып, арулап, кемпірді сол бала жөнелткен. Ұмытпасам, атам «Бектепов молдадан некесін қидырып алды.
Ол кезде мұсылманшылық таза ғой, дұрыс істелген» деп еді.

«Асылдан туған алтыным!»

Бөтен еркектен некесіз бала тапқан әйелдің хаты: «Барлық балалар ана құрсағынан баспен шығады екен, мен аяқпен келгенмін, яғни, теріс туғанмын. Сондықтан, сөзім, қылығым, мінезім теріс құсап тұрады, біреудің көңіліне қарап, тірлік қыла алмаймын. Келгім келді, келдім, көргім келді, көрдім. Айтқым келгенді айтып, жеңілдедім, туғым келді, тудым.

Ақ «Волганы» мініп, келіп-кетіп жүрдің. Қол жетпес арман болдың. Мені менсінген де жоқсың. Тойда шапан жауып, сияпат жасағанда, өзім ас-суыңды дайындап, асты-үстіңе түсіп, көзіңе ілінгім келді. Күйеуімнен де, атамнан да қысылмадым. Көзіңе түскім келді, өзіме қаратқым келді. Қарадың. Көзіңе түскенімді байқадым.

Сол көзқарасыңнан бастап менен тыныштық кетті. «Сені келіпті» десе, қол-аяғым дірілдеп, денем мұздап, дегбірім қашатын болды. Күйеуіме суынғаным сонша, көзіме де ілмейтін болдым. «Қыздарымның әкесі ғой, аман болсын, момын ғой, қайтейін» дейтін болдым. Негізі, жолымыз болмай жүрген, ол ішіп, мені кінәлайды, басы ауыратынымен жұмысы да жоқ, «ұлым жоқ!» дейді. Сен маған жолықса екен деп, жандасып, төсектесіп, жабысып қалсам деп, құдайдан күндіз-түні тіледім. Байлығың да, көркің де керегі жоқ, ақылың ғана керек еді маған, «Жаманның қойынында жатқанша, жақсының аяғында жат!» деген ғой.

«Азамат асыл нәрін бойыма жіберіп, бір-ақ рет жандасса екен, құдай-ай!» деп тіледім. Арманыма жеттім, бақыттан жыладым. Артыңнан қумаймын, іздемеймін, «Волгаңа» мініп кеттің, асыл құ­тыңды сусаған құтыма құйып алдым, тілекті мың қайталап, үміт еттім! Дүниеге бал­панақтай ұл келді! Алтын тауып алған адамдай, есім шығып кетті. Атамның қуанышында шек
жоқ, атын өзі қойды. Атам ескіше оқыған молда ғой. Отыз жетінші жылы қудалаған Кен­жеқожаның өлеңі деп айтады:
Бір тамшы қара судан болдық пайда,
Тоғыз ай, он күн жаттық ошал жайда.
Жарбиып жарғанаттың баласындай,
Келіппіз дүния деген кең сарайға,
деп, көңілденіп, ыңылдап, шалғысын шауып, сексен жасында сергіп жүре берді. Әкесі маған екі дүниеде риза екенін айтып, жалғызын жанынан тастамайды. Қайдан білсін, қайдан?! Қазақтың бәрі ұқсас.

Мына бала келген соң, сенің шалқыған несібең азайып, менікі көбейді. Ауырғаның, машинаң, үйің сатылғанын естіп, көріп, жаным ашып жүр. «Тентегім тегін білмей кетер ме екен? Әкесі өл­мей, аман жүрсе екен» деп жолыңа қарап, ха­ба­рыңды күтетін болдым… Сен бізді ойладың ба екен?! Бала дүниеге келген соң, жетпіс тоғыз мың теңге жөргекпұл алдым. Сол жылы ісім оңалып, миллион теңге ұстадым. Қазір де, кейде миллионға жетем, кейде жетпей қалам, ұстап келем, қолым құр емес. Оңалдық, көйлек бүтінделді. Қарнымыз тойып, өзімізден артылып, өзгеге көмектесе бастадық. Жақсы атым шығып жүр…
Дастархандымын, имандымын, сөзім үлкен­дерге өтімдімін. Баланың аузы үлкен – несібесі мол. Құдай сенің несібеңді жұлып беретін шығар?! Ізімді жасыру үшін күйеуімнен тағы көтер­дім. Тағы қыз тудым. Өзіне тағы дәлел болды. Сөйлеуін де, ішуін де қойды. Енді жалғыз ұлдың басынан құс ұшырмайды, үстіне шыбын қондырмайды. Ал, мен сені ойлаймын. Сағынамын. Осындай алтын баланы көрсе екен, қуаныш көріп қараса екен деймін. Оның жүргенін, сөйлегенін қандай қуаныш көрдік, бәрі той-думан. Сен менімен де, онымен де бөліскен жоқсың. Сенің ақшаңның керегі жоқ маған… Келгенімді де, телефон шалғанымды да жақтырмайсың. Тыныш қояйын ба? Қашқалақтай бересің? Неге? «Мен тыныш қоя алмаймын ғой» дедім. Неге? Өйткені, алтын тауып алған адам бақыттан басы айналып, не істеп, не қойғанын білмей қалады, сол секілді, мен саған ақша сұрауға, ұрсуға келген жоқпын ғой, бақытымды бөлісуге келдім. «Бақытты болсын, дені сау болсын, аман болсын, жауда қалған батырдың баласындай өзі іздеп табар, менің қаным бойында бар болса» дегеніңде ақылды адамнан туғаныма тағы тәубә қылдым.

Ол жоқ болса, жоқ деп жыладым, бар болса, енді қайттім деп жылаймын. «Бақытты боламын, бәрі де алда, қызығын көремін, ең бастысы, дені сау, білімді, жақсы азамат етіп өсірем. Оңай еркектің қаны емес» деп оңашада мәз боламын.

Мен бақыттымын ба? Дәл бүгін, дәл қазір, әрине, «бақыттымын» дер едім. Қазақтың мықты, аты шыққан ардақты азаматынан ұлым бар. Бадырайтып жазсам ба екен атын аспанға! Ұл көрдім! Ұсақ өсек, майда әңгіме артта қалады! Өмір алға баса береді! Менің туымды көтеретін Ұлым бар! Ол ерте ме, кеш пе, өзі туралы айтады! Сол кезде менің атым бірге жүреді. Қателігім ша­йылады! Мен қартайып барып, бақыт құшамын! Ол аса мықты, анау-мынау адамның маңдайына бітпейтін бақыт! Тек, аман болсын, құдайдың көзі тура болсын!»
Қай елдің де ардақты азаматтары бар ғой.

Неге, көп ардақтылар, айқасқалар жалғыз әйел, жалғыз ұлмен өмірден өтіп барады?! Батыл әйел­дер кездеспей жүр ме екен?

P.S. …Бәрібір, көп әйел алушылық туралы заң керек құсап тұрады. Көп баласы бар үйде табиғи іріктеу, таңдау оңайырақ. Бірнеше әйелі бар еркекке де солай ғой, «өмір өте қысқа» дейді білгіштер.

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − fourteen =