ТОПАС ТӘРЖІМА ТІЛДІ ҚОРЛАЙДЫ

0 171

Ағылшынның Джонатан Ньювелл есімді журналисі бар. Өткен жылы көктемде Астанаға сапары кезінде сол кісінің елорда әуежайы басшылығын дүр сілкіндіргені есте. Әуежай есігіндегі үш тілде берілген «Өзіңнен. От себя. Push off» сөзінің ағылшынша нұсқасынан қате тауып, оның суретін әлеуметтік желідегі жеке парағына жариялап жібергені сол еді, басшысы бар, қосшысы бар, біздегілер «Жаздық, жаңылдық. Кінә бізден» деп, құлдық ұрдық. Табан астында қатені түзетіп, соңы БАҚ арқылы кешірім сұраумен тынды. 

Әлгі Джонатан кетерде «Әуежайларыңызға жаңа аудармашы қажет» деп өз талабын да қойғанға ұқсайды. Ал, біздегілер үнсіз бас изеген күйі қала береді. Негізі, Ньювеллдің талабы өте орынды. Ана тіліне жаны ашыған кез келген азамат осындай-ақ болсын. Сонда дейміз-ау, әлгі «Push off-тан» кеткен қатені құрдай жорғалап түзеткендер қазақ тілінде жазылған қаншама сақау хабарландыру мен жарымжан жарнаманы бетіне басып көрсетсең де қозғала қоймайтыны несі екен? Басқа басқа, сол әуежай есігіндегі бас-аяғы жоқ, орысшадан тікелей аударылған «Өзіңнен» деген сөздің өзі қате емес пе, көрер көз болса.

Ала-құла аударма тақырыбын қолына қалам ұстаған тілші қауымның қозғамағаны қалмады бүгінде. Айта-айта, жаза-жаза сөз де таусылады екен кейде. Осы таяуда ғана қаладағы «Шарм» атты шаштараздың терезесінде ілулі тұрған өрескел аударманы көзіміз шалғанда шалқамыздан түсе жаздадық. «Мужские стрижки» – «Аталық қырқым» деп тұр. «Әкесін сабағанды көрдік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды кім көрген?» О заманда, бұ заман, қазақ адамның шашын қиюды «қырқым» деуші ме еді? Шаштараз әкімшілігіне хабарластық. Обалы не керек, ұлты өзге қожайыны қатенің білместіктен орын алғанын мойындады. Аударманың бірнеше нұсқасын жасап, сонда қызмет ететін жалғыз қазаққа көрсетсе, ол сабазың ең дұрысы «Аталық қырқым» деп көрсетіпті.

Міне, бұл бізде аударма саласының дұрыс жолға қойылмағанын көрсетеді. Қазір кім көрінген аудармашы. Солардың кесірінен орашолақ тіркестер көше жарнамалары мен қоғамдық мекеме атауларында әлі күнге дейін де күпінің битіндей өріп жүр.

Мемлекеттік мекемелерде отырған аудармашылардың да оңып тұрғаны аз. Сенбесеңіз, қалалық емхана сайттарын бір сүзіп шығыңыз. «Қызмет көрсету өлкесі», «операциялық араласулар», «жаңашыл аппаратура»… Тізе берсең, мұндай түсініксіз ұғымдар тіпті көп. Ғимараттың екінші корпусына сілтеме жасау үшін «Второй корпус» сөзін «Екінші дене» деп аударғанын да көрдік кезінде.

Мәтінді аудару үшін аудармашы, ең алдымен, сол сөзді түсініп, оның дәлме-дәл мағынасын сақтай білуі керек.

Оның еңбегін жұрт аударма деп емес, тұпнұсқаның өзі екен деп қабылдауы шарт. Ал, мұндай деңгейге жеткізе алмайды екен, тәржімаға таласы болмасын.

Біздегі аудармашылардың «аудармашының міндеті аудару емес, қазақша сөйлету» деген қарапайым қағиданы ескере бермейтіні өкінішті-ақ.

Осындай шала сауатты «мамандардың» кесірінен қазақ тілінің аударма тіліне айналып бара жатқаны қауіпті бәрінен.

Бәрі де «Тіл туралы» заңның солқылдақтығынан ғой. Кезінде Әкімшілік кодекске өзгерту енгізу арқылы біздің билік барлық көлік жүргізушілерді бір сәтте қауіпсіздік белдігін байлауға мәжбүр етіп еді. Айыппұлдан қорыққандар көлігіне отырар-отырмастан қауіпсіздік белдігін тағатын болды қазір. Сондықтан, өркениетті елдердегідей заң талабын жүзеге асыруға құлықсыздарды жазалауға құқы бар Тіл полициясы немесе Тіл инспекциясы сияқты органдар құру қажет шығар. Мәжіліс депутаты, тіл жанашыларының бірі Оразкүл Асанғазы айтпақшы, «Көліктің белбеуі тәнді қорғаса, Тіл рухты қорғайды емес пе?»

Шынар ДОСАН,
shynar_85@mail.ru

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =