«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Топас екеніңді жарнамалау дұрыс па немесе интеллектуалдық шоуларға неге тек «оқымағандар» тартылады?

0 734

Заманымыздың заңғар жазу­шысы М.Әуезов­тің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген әрі терең, әрі мәнді нақылын жиі айтамыз. Кейінгі кездері осындағы «бесіктің» орнына «экранды» қойып, «Ел болам десең, экраныңды түзе» деп жүрміз. Әлбетте, бұл да орынды тіркес. Өйткені рейтинг қуған отандық телеарналар көбіне анайылық пен жабайы­лықты, даңғазалық пен дарақылықты насихаттаудан әрі аспай тұр. Жылдар бойына жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан жұмыс­тың жемісі қандай болмақ сонда?

Бұл сұраққа жауап беру әсте оңай емес. Оған іргелі ізденіс, тұтас зерттеу қа­жет. Алайда біз көрге­ні­мізді айтайық.
Көпшілігіміз күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке болсын жеңілдеп, тұрмыстық сипаттағы мәселелерге толы санамызды сергіту үшін төріміздегі теледидарға телміреті­ні­міз рас. Бұл ретте жоғарыда айтқанымыздай, отандық телеарналар қаны сор­­ғалаған жаңалыққа, я бол­маса «жылауық» се­риалға немесе шоу-бизнес аталып кеткен эстрада әлемінің қызығы мен шы­жығына шырмалған.
Сарайыңды кеңейтіп, көкірек көзіңді аша түсе­тін жобалар саусақпен санар­лық. Солардың бірі – көрер­­меннің көңілінен шығып үлгерген «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасы. Әр сенбі сайын «Хабар» телеарнасынан шығатын интеллектуалдық жо­ба­ны тамашалай отырып, білімімізді бір сынап алатын тұрақты көрерменнің біріміз.
Ойын ережесі бойынша ал­ғашқы сұрақтар оңай, тіптен мектеп жасындағы балалар да ойланбай жауап беретіндей жеңіл келеді. Алайда… Алайда сол жеңіл сұрақтарға жауап таба алмай, қара тер болған қатысушыларды көргенде аң-таң болатынымыз жасырын емес. Мәселен, «Миллион кімге бұйырадының?» соңғы санын алып қарайық. Бұл ойын «Хабар» арнасының эфирінен қазанның 20-сы күні көрсетілді. Іріктеу кезеңінен өтіп, жүргізушіге қарсы тұрған орынға жайғасқан мамандығы мұғалім алғашқы ойыншы «Пушту қай елдің рес­ми тілі?» деген сұраққа тек қосымша жеңілдіктің арқасында ғана жауап берді. Күніне сан мәрте көрсетілетін жаңалықтарда соғыс өрті өршіп тұрған Ауғанстандағы ахуал туралы жиі, тіптен көп айтылады. Ал пуштундар сол елде мекендейтін халықтың 50 пайыздан астамын құрайтынын кезінде сол жаңалықтардан білген едік. Бұл сұраққа базарда арба сүйреген, далада мал баққан адам жауап бере алмаса үндемес те едік. Бірақ білдей ұстаздың білмеуі – еліміздің тұтас білім беру саласына сын.
Қызықтың көкесі келесі сұрақ­та болды. Қазақтар мекендейтін, күнделікті ақпараттарда сан мәрте аталатын, әлемдік есірткі тасымалының ең ірі орталығы атанған, кезінде талай қандастарымыз ерлікпен қаза тапқан Ауғанстанның негізгі халқын білмеген ойын­шымыз «2007 жылы ха­лықаралық «Жаңа тол­қын» байқауына қатысып, «Алла Пугачеваның арнайы сый­­лығын алған қай топ?» деген сұраққа тосылмай жауап берді. Күндіз-түні даңғаза музыка мен әнші-әр­тіс­тердің өміріне толы ел эфирі аза­матта­рымызды неге үйретіп жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Біз сөз етіп отырған бағ­­дарламаның екінші ойыншысы да қарапа­йым сұрақтардан қиналып, ұзаққа бармады. Өзін әс­кери дәрігермін деп та­ныстыр­ған жас жігіт бір өркешті түйені қалай атай­тынын білмейтін бо­лып шықты. Дәл сол сәт­те Ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлының: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деген керемет сөзі еске түсті. Тілінен бас­­тап, тұрмысына дейін төрт-түлікке қатысты атауларға толы қазақтың бүгінгі ұрпағы «Нарды» білмесе несіне ұлт болып жүрміз деген ой өзекті бір өртеп өтті.
Осы орайда Польша һәм Австралия лингвисі Анна Вежбицкая «Семантика, мәдениет және таным» атты іргелі еңбегінде әр халықтың жанына жақын келетін сөздер бар деген байлам жасайды. Тіптен ол сөздер ұлт пен ұлыстардың болмысын сипаттап, олар туралы көптеген мәлімет береді дейді. Мәселен, «тағ­дыр», «жан», «қайғы» секілді сөздер орыс халқы үшін ерекше маңызды болса, «дәлдік», «нақтылық», «тәртіп» сияқты ұғымдар немістер үшін ыстық екен. Корей халқы «күріш», «ұйымшылдық», «қайсарлық» деген сөздерді қадір тұтатын көрінеді. Ал қазақ туралы тұлпардай текті, бұқадай күшті, қойдай жуас, нардай төзімді деп айтып келсек, енді бұл сөздер сыртқы формасын ғана сақтап, ішкі мағынасы бұлдыр, беймәлім болып бара жатқандай. Бір сөзбен айтқанда, нарықта «Нар» ұмыт болады.
Хош. Сонымен бір өркешті түйенің атауын білмеген ойыншымыз «Қамар Сұлу» романының авторы кім?» деген сұрақта да кібіртіктеп қалды. Алайда кітап оқу мәдениеті құлдыраған қоғамда анау автор кім, мынау автор кім деп сұрау, сірә, артық шығар.
Қазақтың тарихы – қанмен жазылған тарих. Өткен ғасырдың өзінде ұлтымыз жер бетінен жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрды. Озбыр империя­ның қыл бұрауы бізді құл­дық кейіпке түсіріп, тағ­дырымызды қыл үстіне қойғаны аян. Сондай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңде «Оян, қазақ!» деп ұран салған Міржақып Дулатовтай арысымыздың есімі өзін қазақ санайтын әр азаматқа ардақты болса керек. Алайда…
Алайда бұл есімді, тұтас ұлттың кеудесіне тұмар болып ілінген жалынды жырды білмейтін қазақ бар екен. Ол қазақ біз сөз етіп отырған «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасына қатысты. «Қазақ хандығы қай жылы құрылды?» деген сұрақта-ақ көрермендердің көмегіне жүгінген жігіттен бірден түңілген едік. Күмәніміз Міржақыптың «Оян, қазағына» келгенде расталды. Өкініштісі – әр қазақтың санасында сайрап тұруы тиіс өлеңнің авторын айта алмаған қандасымыз, алғашқы екі ойыншыдай ұлтымыздың ұлт болып сақталуына әсер ететін тақырыптардан мүлдем алыс, алшақ болғаны.
Алысқа ұзамай-ақ мұндай шоуларды ұйымдас­тыруды көршілес Ресейден үйренсек те болады. Қатысушылар деңгейі өте жоғары.
Сөз басында айтқанымыздай, ел болу жолында отандық ақпарат құралдарының, әсіресе, телеарналардың алар орны орасан. Егер саналы ұрпақ тәрбие­леп, іргелі қоғам қалыптас­тырамыз десек, ең алды­мен, көгілдір экраннан не көрсетіп жүргенімізді бағамдап алғанымыз жөн.

Жарқын ҚҰЛАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды