ТОП ЖАРҒАН ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР

0 80

Астананың үздік тауарлары

Екі күн қатарынан Конгресс-холда өткен «Астананың үздік тауарлары» өңірлік көрме-байқауы биылғы жеңімпаздарын анықтады.

Астана экономикасының 60 пайызын орта және шағын кәсіп­керлік құрайтыны белгілі. Сон­дықтан, осы саланы дамыту елор­даның өркендеуі үшін де маңызды болып табылады. Көрме-байқауды ұйымдастырушылар кәсіпкерлердің тың технологияларды қолдануына, заманауи әдістерді енгізуіне ай­рықша маңыз бергенін айтады. Көр­меге қатысушылардың бәрі осын­дай жаңашыл өндірушілер дейді қаланың Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері.

Сонымен, биыл конкурсқа 45 кәсіпорын өнімдерін ұсынды. Жеңімпаздар 3 аталым бойынша сараланып, комиссия мүшелерінің шешімі бойынша олардың 9-ы жүл­делі орын алды.

Ал 2014 жылдың ең үздік тауар өндірушісі деген марапатқа үш кәсіп­орын ие болды. Оларға жеке тоқ­талсақ, «Өндіріске арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша «Тас кілем» ЖШС бірінші орынды жеңіп алды. Бұл кәсіпорын қаланың көше­леріне, тротуарларға әртүрлі плиталар, тастар төсеумен айналысады.

«Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша кондитерлік өнім шығаратын «Апрель» ЖШС, ал «Тұрғындарға арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша бірінші орынды жеке кәсіпкер Тынымбаев алды. Бұл жеке серіктестік Мем­лекеттік рәміздер мен символикалық өнімдерді шығарады.

Бас жүлде иегерлері енді осы жылдың со­ңында Астанада өтетін «Алтын сапа» бай­қа­уына қатысады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 13 =