ТОП ЖАРҒАН ТАЛАНТ

0 183

Ресейлік атақты композитор Игорь Крутой ұйымдастырған «Битва талантов» байқауының бас жүлдесін елордалық жас дарын Мұхамедәлі Жүгінісов жеңіп алып, Мәскеуден еліміздің абыройын асқақтатып оралды.

image-09-11-16-01-27-1024x1024

Мұхамедәлі осыдан екі жыл бұрын Ресейде өткен «Жаңа толқын балалар» байқауында үшінші орын алып, үлкен құрметке бөленген еді. Сонда Игорь Крутой жас жеткіншектің талантына дән риза болып, өзі жетекшілік ететін продюсерлік академияға қабылдаған. Кешегі Мәскеуде болған байқауда да Мұхамедәлі ең дарынды деген балалардың қатарына кіріп, әйгілі әнші Beyonce-тың ұстазы David Lee Brewer-ден дәріс алған. Осындай көл-көсір қуаныш үстінде өнерпаз баланың анасы, талантты актриса Айнұр Жүгінісованың бір-екі ауыз пікірін білдік.

– Рақмет, отбасымызбен қуанып, мәз-мәйрам болып жатырмыз. Байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әлемге танымал әнші Beyonce-тың ұстазы 120 баланың ішінен 8 жеткіншекті таңдап алып, шеберлік сынып өткізген. Сонда біздің Мұхамедәліге бірінші көзі түсіп, оның талантына жоғары баға беріпті. Байқауда Мұхамедәлі үш ән шырқаған. Бір әнді – итальянша, екеуін – ағылшынша орындаған. Соңғы турда айтқан әніне қазылардың өзі орындарынан тұрып, құрмет көрсетіпті. Жеңімпаз болып оралғанына  қуаныштымыз, – дейді баласының жеңісіне шаттанған ана.

Бір айта кетерлігі, Мұхамедәлі осы 4 қарашада 13 жасқа толған туған күнін Мәскеудің сахнасында қарсы алыпты. Біз де болашағынан үлкен үміт күтетін жас дарын тіл-көзден аман болып, биіктерге самғай берсін демекпіз!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − four =