«Топ-топ» дегенде топшымыз қайырылмасын

0 148

Осы күні «фейсбук» адамдардың көзқарасын, көңіл-күйін бағамдайтын құралға айналды. Қоғам қайда бара жатыр деген сауалдың да жауабын әлеуметтік желілерден аңғарамыз.

Жаңа алаңда топ құрып, алқа жинап ортақ терінің пұшпағын илеп жүргендердің ішінен 120 мыңнан астам қатысушысы бар еліміздің мұғалімдерінің тобын атап айтуға болады. Осы топтың әкімгері Сержан Қасен деген азамат топтағыларға, яғни мұғалімдерге мынадай жазба қалдырыпты: «Егер сіз ұстаз бола тұрып заң бұзсаңыз, онымен қоймай бұзғаныңызды мойындамай біреуге немесе ұйымға жала жапсаңыз, осы топ арқылы шу шығарып, топты өзіңізді қорғаудың құралы ретінде пайдаланғыңыз келсе, кешіріңіз, топ сізді жақтамайды, қайта сол масқараңыз­ды жұртқа ашып береді. Ал егер сіздің құқыңыз бұзылып, соның салдарынан зардап көрсеңіз, сіздің құқыңызды қорғауға дайынбыз. Сосын модераторларға және пост жариялауға мүмкіндігі бар қолданушылардан сұрайтыным, біреудің атынан пост жариялаудан бұрын, ситуацияның объективтілігіне көңіл бөлсеңіз, ол адам шынымен зардап шегуші ме әлде жала жабушы ма, көз жеткізіп алыңыз».
Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желі, бұрынғылардың айтатынындай, «әй дейтін әжесіне» айналып келеді. Рас, «көп қорқытады, терең батырады». Арасында шектен шыққандарды жиып алатын, астамсынғандарды тәубеге келтіретін де күші бар. Дей тұрғанмен, ішінде қыжылы барлардың қарсыласымен есеп айырысатын мүмкіндігіне айналып келеді. Жоғарыдағы жазбадағы «Ал егер сіздің құқыңыз бұзылып соның салдарынан зардап көрсеңіз, сіздің құқыңызды қорғауға дайынбыз» деген ой мені таңғалдырды. Әлеу­меттік желі адам құқығын қорғайтын ақырғы инстанцияға айналғаны ма?! Осы күшті кәсіподаққа, тағы басқа құзырлы ұйымдарға неге аудармасқа?!
Не десе де, бұл да жақсылықтың нышаны емес. Ауызбіршілік пен ынтымақта бір ұжымда жұмыс істеу, бір-біріне құрметпен қарап, ортақ игілікке ұмтылу деген қасиеттен айырылудың алдында тұрмыз. Бір іс қолайына келмесе, тәртіпті тыңдағысы келмесе, тіпті басшының сөзі де жақпаса «фейсбукке жазам, теледидар шақырып елді дүрліктіремін» деп күшенетіндер көбейіп кеткен. Мұндай бір-біріне дүрдараз ортада не береке болар екен? Фейсбукқа мұндай төрелікті кім беріпті? Заңдық негізі бар ма? Қазақтың сөзіне салсақ, «көкбетті, қызылкөз даукес­тердің» асығы алшысынан түспек пе? Мұның арты не болады? Кісіліктен айырылып қалмаймыз ба?
Осы сұрақтар көп толғандырып, «Қазақстан мұғалімдері» тобын тағы парақтадым. Көзім «Мұғалім болудың азабы неде, артықшылығы неде?» деген жазбаға түсті. Баламызды азап арқалаған жан оқытып жүр ме сонда? «Азабы» дегені не екен деп, жазбаның астындағы пікірлерді қарадым. Құдайға шүкір, ұстаздардың бәрі бұлай ойламайды екен. Оқып көріңіз: Күләнда Қазтуғанова: Маған өзімнің мамандығым ұнайды, сондықтан мен ойлаймын, біздің мамандық ең жақсы мамандық деп. Қазір міне, мектепке барып сабақты түсіндіргенде оқушылардың көздері жайнап тұрғанын көрсем, қуанамын. Барлық балалар, барлық адамдар аман-сау болса екен! Гуля Нұржанова: «Оңай жерде нан жоқ. Барлық мамандықтың өзіне сай қиыншылығы болады. Біз сабақ бергенде оның қиыншылығын ойламаймыз. Оқушының көзінен түсінеміз, сабаққа түсінді ме, жоқ па? Әрбір баланың алдына барып, көп нүктенің орнына мына сөздерді қоясың, ескертесің. Біздің жемісіміз – бала өзін ептеп, білім алып, семья құрып отағасы, отанасы боп қоғамға пайдасы тисе болды. Бұл жерде ешқандай азапты көріп жатқан жоқпын». Жанна Аширова: Азабы несі? Автордың өзі азаптанып жүр-ау, ұстаздық жолды таңдаған болса, жұмысын дұрыс жолға қоя алмай. 28 жыл ұстазбын, рахатын көрдім, шәкірттерімнің әр жетістігі – біз үшін еңбегіміздің жемісі. Егер қағаздарды көбірек толтырғанды немесе осы ұстаздық жолда жасап жатқан қыруар жұмыстарды азап деп санаса, онда ол адам ешқандай жұмысты жарытып істеп кететініне күмәнім бар. Әр мамандықтың, әр жұмыстың қызығымен қоса қиыншылықтары болады. Сол қиыншылықтарды жеңе біле қызығын көресің. Сол үшін бұл жерге болмайтын нәрселерді жазып (өзің мұғалім болсаң, тіпті ұят), адамдардың мұғалімге деген теріс көзқарасын жинап, одан бетер өршітудің қажеті жоқ.
Әңгімені өршітіп, қыңыр сұрақ қойып, отқа май құймақ болған жазбашы жауабын алған сияқты.
Сөздің соңында айта кетпегім, бір шаһарда үлкен керемет мешіт салынып жатыр екен. Мен сияқты бір журналшы құрылыс басында жүргендермен тілдеспек болыпты. Ағаш кесіп жатқандарға жақындап, не істеп жатырсыз десе, ағаш шебері қабағын шытып, «көрмейсің бе, ағаш кесіп жатырмын» депті. Шелектеп су тасып жүргеннен сұраса, ол да шелегін көрсетіпті. Сонымен не керек, сылақшы да, бояушы да жасап жатқан өз тірлігін ғана айтыпты. Тілші болса, керек жауабын тыңдай алмай, кірпіш қалап жатқанға барып сұрағын қайталапты. Сонда ол маңдайындағы терін жеңімен сүртіп жіберіп: «Көрмейсіз бе, зәулім мешіт салып жатырмын» депті.
Әр іске де түп мағынасын түсініп, дүниедегі ең жақсы игілікті тұрғызатынын түсінбесе, тірліктен мән-мағына кетеді. Бұл, әсіресе, өздерінше қауым болып топ ашып алып, министрін мақтап, жақпағанын даттап, өздері түзелмей, қоғамды түзегісі келетіндер ұлық қызмет – ағартушылық қасиетінен ажырап қалары анық. Бұл үрдіспен, бар болғаны ағаш кесіп, тас қалап, су таситын, алдындағы кемелдікті тани алмайтын адам тәрбиелейді.
Айтқандай, «топшы» деген сөз адамның қолы мен иығын байланыстырып тұратын сүйегі, құстың қанатын да айтады. Адам баласының екі қолын кең жазып, құстай самғап ұшуына «әліпті таяқ деп үйрететін» алдымен ұстаздар қауымы жауапты болады. Қазақстан ұстаздары атына лайық болып, алдымен өздеріңізден бастаңыздар. Әлеуметтік желідегі артық әңгіме тек өрелеріңізді көрсетеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =