Топ құрамында – қоғамдық ұйым өкілдері

0 15

Елордада қала орынбасары Бақтияр Мәкеннің қатысуымен коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штаб отырысы өтті. Жиын барысында індеттің таралуына жол бермеу мақсатында қабылданып жатқан жұмыстар жайы талқыланды.

«Қазіргі уақытта төсек-орын жеткілікті, науқастарды амбулаториялық деңгейде емдеу үшін барлық жағдай жасалған. Уақытылы диагностикалау үшін ПТР-зертханалардың саны 23-ке дейін артты, тәуліктік қуаттылығы 12700-ден аса зерттеуді құрайды. Алдын алу шараларының маңызды бөлігі тұрғын үй кешендері мен қаланың қоғамдық кеңістігін дезинфекция­лық өңдеу болып саналады» деді қаланың бас санитарлық дәрігері С.Бейсенова.
Қазіргі уақытта коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында бірнеше бағытты көздейтін тұтас шаралар кешені жоспарланған. Ол аурулардың алдын алу, ерте анықтау, тиімді емдеу, вирус тасымалдаушыларын зертханалық тексеру, науқастар мен байланыста болған адамдарды оқшаулаудан тұрады.
Сонымен қатар елордада шағын және орта бизнес нысандарының карантиндік шаралар мен санитарлық талаптарды сақтауы бойынша мониторингтік топтардың қызметі жалғасуда. Өткен жылдың екінші жартыжылдығында мониторингтік топтар Нұр-Сұлтанда 5000-нан аса рейдтік іс-шара өткізді. 2020 жылдың 9 қазанынан осы жылдың 17 қаңтарына дейінгі аралау барысында 1309 бұзушылық анықталды. Карантин режимін қасақана бұзушыларға қатысты материалдар сотқа жіберіледі. Елордалық әкімшілік соттың шешімімен бірқатар мекеменің қызметі тоқтатылды.
Әкім орынбасарының айтуынша, кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық талаптарды сақтауын бақылауды күшейту үшін мониторингтік топтардың құрамына қоғамдық ұйымдарды тарту қажет.
«Бүгінде коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша жұмысты жалғастыру өте маңызды. Халық арасында әрі қарай да ақпараттық жұмыс жүргізу қажет. Жалпы, КВИ таралуына жол бермеу бойынша күш-жігердің барынша үйлесімді және нақты болуы өте маңызды» деп атап өтті Б.Мәкен.
Бүгінде, ресми деректерге сү­йенсек, шаһарда коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық көрсеткіші 1,8 есеге артып, 100 мың тұрғынға шаққанда 1757-ге жуықтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + fifteen =