Толымбек ӘБДIРАЙЫМ, жазушы: Балалар Әдебиетiнде iлгерiлеу бар

0 419

Кейiнгi кездерi елiмiзде балалар әдебиетi кенжелеп бара жатқанына ешкiм дау айта қоймас. Бұл – шындық! Бүлдiршiндер тақырыбына қалам тартатын жазушылардың қатары некен-саяқ. Солардың бiрi – Толымбек Әбдiрайым. Қаламгермен соңғы жылдары керегесi тарыла түскен тақырыпта сыр тартып, әңгiмелескен едiк. Бала десе базарлығын ала жүгiретiн аға әлi бабында екенiн байқатты. Қаламы ұштала түспесе, мұқалмаған. Әр сөзiнiң астарында ғибрат пен тәлiм, шындық пен сыр бар. Мәндi-мағыналы сұхбатқа сiз де куә болыңыз…

– Толымбек аға, жалпақ қазаққа, оның iшiнде, ғұмырының ең бақытты сәттерiн дәурендеп жүрген бүлдiршiндерге есiмiңiз кеңiнен мәлiм. Балалар жазушысының балалық шағы қалай өттi екен?
– Рас, балалық шағы кiмнiң есiнен шығыпты. Алайда, мен кiшкентайымнан аурушаң, нәзiк болып өсiппiн ғой. Бар-жоғы он айлығымда қатты науқастанып, ауруханаға түскенiмде кезекшi дәрiгердiң салғырттығынан «өлiп-тiрiлгенiмдi» анам әлi күнге жыр қылып айтып отырады… Ал есесiне, ән мен жырға, сөзге соншалықты құштар болған екенмiн. Ол кезде ес бiлiп қалғам. Бiрiншi сыныптың табалдырығын аттағанша домбыра тартып, баянда ойнауды үйренуге талпындым. Екiншi сыныптан бастап, марқұм әкемнiң өтiнiшiмен күнде кешкiлiк халық ақыны Сапарғали Әлiмбетовтiң мұқабасы мыжылып, парақтары жұқарып, жыртылуға жақын қалған жыр кiтабын оқитын едiм.
Қазiр менiң айтпағым – бiр ескiлiк,
Ел аузына тараған көп естiлiп.
Басында өз әкемнен ұққан сөзiм,
Бес-алтыда жүргенде мен ес бiлiп.
Менiң әкем сарабдал, ұғымды адам,
Малы тапшы, қолы ашық,
шығымды адам.
Не ұрлық, не өтiрiк айтпай-тұғын,
Қарындасқа қадiрлi, жұғымды адам… – деп басталатын «Мейiр батыр» атты поэманың бастапқы екi шумағы санамда бүгiнге дейiн жатталып қалыпты.
Кешқұрым. Қараңғылық орнап, ел iргесiнде тыныштық басталады. Бiздiң үйдiң сығырайған ондық шамының жарығы болымсыз сәуле шашады. Десе де, сезiмге керемет әсер ететiн. Бар ынтасымен, зейiнiмен жыр оқыған бала… Құлақтарын түрiп, ұйып тыңдап отырған әке-шешем, әпкелерiм мен аға-iнiлерiм… Поэма кейiпкерi Мейiрдiң асқан батырлығы…
Бiздiң үйде мұқабасы қалың, парақтары да жалпақ қазақ ертегiлерiнiң жинағы да болатын едi. Бiрақ, сол «Мейiр батыр» менiң сөзге деген, жазушылыққа деген құштарлығымды оятқан сияқты.
…Кейiнiрек бiздiң ауылдағы бастауыш мектеп жабылып қалды. Мен кеңшар орталығы Қарағаштағы интернатқа ауыстым. Бесiншi сыныптан бастап сахнаға шығып, ән айта бастадым. Тiптi, әншi болсам деп арман-дадым ғой. Бiрақ сөзге, әдебиетке, жазуға деген құштарлығым жеңiп кете бердi. Неге?..
Сол жылы балалардың бәрi әрбiр санын асыға тосатын, әрбiр санынан рухани азық алып, керегiн iздейтiн «Балдырған» журналына ел аузынан алған, небәрi екi жолдан тұратын жұмбағым жарияланды. «Бiр қазанның iшiнде, екi түрлi сүт тұрар». Жауабы – жұмыртқа.
«Балдырған» осылайша маған бедел әкелдi. Көп ұзамай мектептегi қабыр-ға газетiнiң редакторы алтыншы сыныпта оқитын сотқар Мұратхан тура-лы өлең шығарып бер деп қолқалады. Алғашында ынтам болмай, қыр со-ңымнан қалмаған соң, мынадай тақпақ құрастырдым:
Тегiнбаев Мұратхан,
Қыздарды шалып құлатқан.
Ұлдарды ұрып жылатқан…
Неге бiздiң Мұртаттың,
Аты кетпейдi құлақтан?!
Осы шумақтан соң, «ақын бала» атандым. «Әртiстiктi» қойып, жатсам-тұрсам жазушы болуды армандадым.
Тоғызыншы сыныпты аудан орталығы Аягөздегi №2 мектепте оқыдым. Бүгiнде бұл бiлiм ошағы Дулат Бабатайұлының атында. Мұнда да ау-дандық «Алға» газетiне, өзiмiздiң «Қазақстан пионерi» апталығына (бүгiнгi «Ұлан») мектеп iшiнiң тыныс-тiршiлiгiн, хабар, жаңалықтарын, суреттемелер мен өлеңдер жолдап тұрдым. Бiрде «Қазақстан пионерiне» үш бiрдей шығармам жарқ ете қалды! Бiрi – өлең, бiрi – мақала, бiрi – су-реттеме. Төбем көкке екi-ақ елi жетпей қуандым. Сол-ақ екен, республика-мыздың түкпiр-түкпiрiндегi өзiм құралпы балалардан 36 хат алдым. Оның 35-iн қыздар, 1-iн ғана ұл жолдаған екен. Алматы облысы, Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауылынан хат жазған оқушы бала кейiннен танымал балалар ақыны, талантты сықақшы болды – Бейсебай Кiрiсбайұлы…
Тасқа басылып, газет-журналға аты-жөнiң шыққаны – бiр бақыт! Ал редакциядан азын-аулақ қаламақы алғаның – тағы бiр қуаныш! Қалам-ақыны менен гөрi көршi сыныпта оқитын Тәкен Мәлiков деген досым асыға күтетiн едi. «Гонорар келдi ме?», – дейдi Тәкен. «Келдi», – деймiн қуана жымыңдап. Сондағы алатыным – бiр-екi-ақ сом. Соның өзi – бiзге үлкен ақша! Оны алған соң үйге қайтар жолдағы депоның асханасына соғып, борщ, кiлегей қосылған құймақ, ыстық шәй iшiп, бiр жасап қаламыз. Үш-төрт мәрте асханаға бас сұққан соң, ақша да таусылады. «Қанша қалды?», – дейдi Тәкен досым. «Тиындар ғана…» Тағы да асханаға тартамыз. Бұл жолы жайланып отырып тамақ iшпесек те, екi-екiден тәттi бәлiш жеймiз.
…Жетiншi сыныпты бiтiрген жылы жазғы демалыста үлкендерге ерiп, Се-мейге қой айдап апаруға iлестiм. Сондағы ойым, ақша табу емес, роман-тика қуып, қараңғы түнде арбаның үстiнде жатып, жымыңдаған жұлдыз-дарға қарап, қиялға бату! Сайын далада серуендеп жүру! Атқа мiнiп, қой бағу! Сезiмдi сергiтер әсер алу!.. Бала кездегi бұл сапарым текке кетпедi. Араға жиырма бес жыл салып, «Дала әуенi», «Оралу» деген повестер жаз-дым. Әп дегеннен, шығарма оқиғалары кино лентасындай көз алдымнан өтiп жатты, өтiп жатты!..
– Кешегiге көз жүгiртiп, қимас сәттерiңiздiң бiр парасын сөз еттiңiз… «Мықты жазушы болу үшiн оның балалық шағы бақытсыздыққа толы болу керек» деген сөз бар…
– Балалық шақ – адам өмiрiнiң ең бақытты, беймарал, алаңсыз жылдары ғой. Алайда, мен әлгi сөзге келiспеймiн. Неге? Қаламгердiң балалық шағы бақытсыз болса, ол не жазады, ненi сағынады? Әлемде ең көп оқылатын, 500 әңгiме жазып, 8 мың адамның көркем бейнесiн сомдаған атақты жазушы Антон Чеховтың сөзi бар: «Адам баласы сағыныш пен мұңнан айырылған кезде, бәрiнен айырылады» деген. Тамаша сөз емес пе? Адам баласы сағына бiлуi керек қой.
– Мәселен… Кiмдi? Ненi?..
– Балалық шағын, көптен көрмеген туысын, бауырын, досын, сыныптасын, курстасын… Әрине, олардың сағынатын көркем мiнезi, кiсiлiк келбетi болса… Менiң де сағынатын жандарым көп… Дәл қазiр… Аягөздегi достарым – Базарбек ағамды, Уәлиханды, Әлiмбектi, Бақытөмiрдi сағынып отырмын… Олар – менiң түсiнiгiмде адал, жақсы азаматтар.
Базарбек Ақсақаловпен бiрге жұмыс iстедiм. Сексенiншi жылдарда темiржолда жұмысшыларды жабдықтау бөлiмi деген мекеме болған. Мен вагон-дүкенде экспедитор едiм. Базекең менiң көмекшiм. Темiржол бойындағы шағын разъездер мен бекеттерге күнделiктi азық-түлiк, басқа да тұрмысқа қажеттi заттар тасимыз. Ақтоғай бекетiне түнеймiз. Қыстың күнi. Суық. Ызғар. «Буржуйка» деп аталатын темiр пешке бабын келтiрiп еттi асамыз да, әңгiме соғамыз. Базекең ақын кiсi. Дойбыдан облыс чемпионы болған кезiнде. Әңгiменiң майын тамызады. Көбiне қозғай-тынымыз – әдебиет, поэзия тақырыбы. Қытайдан 1962 жылы берi өткен ол кiсiнiң көрмеген мехнаты аз. Сол жақта медицина институтында оқыған. Қудалауды көп көрген… Базекеңнiң сол кездегi тұшымды әңгiмелерiн сағы-намын. Мiне, қазiр де көз алдымда… Түн… Әрлi-берлi ағылған поездар… Дүк-дүк еткен темiр дөңгелектердiң тарсылы мен сықыры… Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет», Оралхан Бөкейдiң «Өз отыңды өшiрме» романдарындағы кейiпкерлердiң бейнесi… Жүздерiн күн мен жел қақтаған шаруа адамдары, сары күртеше киген темiржолшылар… Мекемеде алты жыл жұмыс iстеген мен үшiн осының бәрi ыстық!
– Айтқандай, темiржолда iстеген алты жылыңыз – аз да, көп те емес. Солай ғой?! Десе де, сол жылдары жазған шығармаларыңыз бар ма?
– Иә, бар. Осыдан екi-үш жыл бұрын «Жұлдыз» журналында жария-ланған «Апат», жуырда «Қазақ әдебиетiне» басылған «Хат» әңгiмелерiм, оның алдында өзге басылымдарда жарияланған «Шерлi жүрек», «Жалғыз тырна», «Құс қанаты», «Жалғыздық», «Қара ешкi» т.б. шығармаларым сол кездерде туды. «Апаттағы» Мәмiш ақсақалмен көп әңгiмелесетiнмiн. Тағдыры ауыр кiсi едi. Жиырма бес жылға сотталып, жазасын Сiбiрде өтеген! Сондай таза, кiсiлiктi, иманды жан едi, жарықтық!..
– Ол шығармаларыңызды неге ұзақ жыл сақтадыңыз? Тiптi, отыз жылға жуық уақыт бойы…
– Бiр кездерi онша ұнай қоймаған едi. Бiр қайнауы кемдей көрiнген. Кейiн оқып едiм, бiрнәрселер бар сияқты… Аздап өңдедiм, сосын ұсындым.
Жалпы, мен балаларға арналған шығармаларымнан өзгесiн ертеректе, 23-25 жасымда жазғанмын. Әлгi «Апат», «Хат» секiлдi әңгiмелерiм жетерлiк… Осы жуырда ғана сонау, 1979 жылы қағазға түскен «Әке», «Жуас», «Жең-гетай» деген әңгiмелерiмдi оқып шығып, қуанып қалдым. Алла қаласа, олар да жарияланып қалар…
Әсiлi, көркем шығарма қай кезде жазылса да жақсы дүние болуы керек. Өйткенi, әдебиет дегенiмiз – адамгершiлiкке сүйiспеншiлiк! Шын мәнiндегi көркем әдебиет азаматтық терең ойдан, адамгершiлiк асыл идеядан, биiк парасаттан туады! Көркем шығарма оқырманды ойландыруы, толғандыруы керек. Жан дүниесiн астан-кестен етiп, қопаруы тиiс. Жазушыда терең ой да, кестелi, шұрайлы тiл де болуы керек.
– Қазiр – нарық заманы. Кәсiп болса ғана нәсiбiң бар. Өзiңiзге мәлiм, тек жазып, нан табу мүмкiн емес… Қай кезде жазасыз?
– Иә, Кеңес заманында қаламгерлерге қолдау жоғары болды ғой. Бүгiнде бiрыңғай шығармашылықпен айналысу қиын. Сенбi, жексенбi күндерi ғана және кешкi уақытта бiр-екi сағат қана жазуға тура келедi. Лев Толстой айтыпты: «Қашан жазбауға мүмкiндiгiң болмаса, сол уақытта ғана қолыңа қалам ал» деп. Ал, бүгiнгiнiң мықты жазушыларының бiрi Әкiм Тарази ағамыз «Жазу қиын емес, табу қиын! Жазу оңай! Таптым, мiнекей-мiнекей деп, бас-аяғы жиналған кезде отырасың да жазасың. Яғни, әңгiме болсын, хикаят болсын, роман болсын, илеуi қанған кезде отыра қаласың да жазасың» дейдi. Қай кезде де нашар шығарманы көзiқарақты оқырман оқымайды. Ақ қағазды бостан-босқа шимайлауға болмайды! «Судың да сұрауы бар!» Жазушы о дүниеде, ертеңгi қиямет күнi жазғандары үшiн Алланың алдында жауап бередi екен.
– Бүгiн ше?..
– Бүгiнгi сыншылар – оқырман ғой! Өзi байқасаңыз, жақсы шығарманы жұрт әңгiмелеп, айтып кетедi.
– Жазушы үшiн басты критерий не болуы керек? Сiздiң пiкiрiңiзше…
– Айтайын дегенiм, жазушылар мен әдебиетшiлер үшiн жаңалық емес, белгiлi теория ғой! Жазушыға керегi – Тәңiрi берген талант пен бiлiм! Осы екеуi қаламгердiң бойында болуы тиiс! Сосын, еңбек, еңбек, тағы да еңбек! Уақытты тиiмдi пайдалану – ең алдымен еңбектi ұйымдастыра бiлу керек деген сөз. Бұл – адамның асыл қасиеттерiнiң бiрi. Гете бар-жоғы он тоғыз жасында күнделiгiне былай деп жазыпты: «Бiз жаспыз. Сол себептi шиыр болған жолмен жүрмек емеспiз. Төңiрегiмiздегiнiң бәрiн ерекше ынтамен зерделеп, барлығын да қаперiмiзге қанықтырамыз. Бiз өте ықыласты боламыз, пайдалы бiр нәрсе игермей, бiр күндi де бос жiбермеймiз». Ал, ақын өмiрiнiң соңғы кезеңiнде «Қандай да талант болмасын, бiлiммен қанаттануы қажет. Сонда ғана ол өзiнiң барлық қуатын таныта алады» деген. Содан соң, жазушы жазып отырған тақырыбын жақсы бiлуi шарт. Әрбiр қаламгер үшiн кейiпкердiң iшкi дүниесiндегi психологиялық сыр, мұң, арман, мақсат, толып жатқан күрделi құбылыстар айқара, жарқырай ашылып, характер логикасына қарай шешiм табу – басты мұрат! Шығармадағы көркем бейне, яғни образ толық ашылмаса, ол әдеби туынды емес. Жазушыға ең керегi – суреткерлiк!
– Аға, қазақтың маңдайына бiткен бiртуар композиторлардың бiрi – Илья Жақанов. Сазгердiң бiрнеше әндерiнiң тарихы жайлы дүниелерiңiздi баспасөз беттерiнен оқырман оқыды, таныспыз. Сол кiсiмен қарым-қатынасыңыз жөнiнде әңгiмелеп берсеңiз….
– 1990 жылы болатын. «Қазақ әдебиетiнде» қызмет етiп жүрген кезiм. Түс әлетi болып қалған. Бөлмеге Илья аға кiрдi. Амандық-саулықтан соң, орындыққа жайғасып, өзiнiң «Әсел» әнi жайлы әңгiме айта бастады. Шыңғыс Айтматовқа қалай тыңдатқанын, талғамы биiк жазушының қандай күйде қабылдағанын… Үнсiз тыңдай бердiм, құлағыммен естiгендерiмдi алдымдағы қағазға және түртiп отырдым. Онымды Илья аға байқамады…
Араға көп уақыт салмай әлгiнi көркемдеп жазып, газетке ұсындым… Илья аға телефон соғып, таңғалысын жасырмады, жақсы жазылғанын айтып, алғысын бiлдiрдi. Содан кейiн бiздiң ағалы-iнiдей рухани достығымыз басталды.
Бiрлесiп көп жұмыс iстедiк. Көкшетауда, әсем Бурабайда Бiржан сал туралы, Солтүстiк Қазақстан облысының, бұрынғы Булаев ауданында Мағжан Жұмабаев туралы хабарлар түсiрдiк… Илья ағаның әндерi туралы жазылған «Дария шабыт» атты шағын кiтабым 2003 жылы «Елорда» баспасынан жарық көрдi. Алғы сөзiн «Ән кәусары» деген тақырыппен Еңбек Ерi, Халық жазушысы Әбiш Кекiлбаев жазған. Сонда заңғар қаламгер Илья ағаның қайталанбас болмысы, адам жанын тербеп, керемет әсерге бөлейтiн әндерi жайлы айта келiп, былай дептi: «… Тарихтың әр батырдың әр шайқасының жай-жапсарын бажайлай баяндағаны сияқты әр суреткердiң әр туындысының да егжей-тегжейiне емiрене үңiле бiлгенi лазым екен. Толымбек Әбдiрайым әдебиетiмiзде дәл сондай мақсатпен тыңға түрен салып, «Дария шабыт» деректi әңгiмелер кiтабын тудырыпты. Бұл – бiр өркен жаяр өнеге болса керек. Оның бүгiнгi тыңдарман қауым мен ертеңгi зерттеушi қауым тарапынан бiрдей риза-шылыққа ие болатынына кәмiл сенемiз». Иә, расында, Илья Жақановтың жан-дүниесi көркем, талғамы ерек, биiк. Сондықтан, оның шығармалары әр заманның буынымен үндесiп, тыңдалады, сағындырады.
Негiзiнен, Iлекең екiнiң бiрiне ақтарылып, ашыла бермейтiн кiсi. Ал, екеумiз бiр-бiрiмiздi ұғындық, сырымызды түсiндiк. Аға мен iнiдей сый-ластығымыз арта түстi. Илья Жақанов жайлы, оның әндерi, әндерiнiң тарихы жайлы «Егемен Қазақстан», «Ана тiлi», «Қазақ әдебиетi», «Ай-қын», «Астана ақшамы» сынды басылымдарда жарияланған деректi әңгi-мелерiм, новеллаларым, сұхбаттарым мен эсселерiмнiң өзi бүгiнде он бес баспа табағын құрап қалыпты. Ендi солардың басын қосып, «Ағыл-тегiл» деген атпен кiтап шығару ойымда бар. Әбекеңнiң алғы сөзiн өзiнiң рұқса-тымен қайта беремiн кiтапқа. Соңғы сөздi филология ғылымдарының док-торы, профессор Серiк Негимов жазды. Бұл бастамаға Илья аға қарсы емес екенiн айтып, сәттiлiк тiледi және қуанды.
«Толымбек, менiң саған өле-өлгенше айтарым бар», – дейдi композитор. Иә, расында Илья Жақанов ағыл-тегiл ақтарылған бұлақтай ғой. Былтыр «Ағыл-тегiл» жинағымның жұмысымен Атырауға екi рет бардым. Әр барған сайын қуанышпен күтiп алады. Өзi елдiң азаматы, әдебиет пен өнердiң жанашыры Иманғали Тасмағамбетовтiң қолдауымен батысқа қоныс аударғалы он бiр жылдың iшiнде оқырманға он бiр кiтап ұсынды. Ғажап емес пе?! Әр кiтабы – тұнған қазына, құнды дүние! Мұнымен қоса бiрнеше жылдан берi бiртуар композитор, қазақ вальсiнiң королi Шәмшi Қалдаяқов жайлы «Шәмшiнiң жүрегi» деп аталатын роман-новелла жазып жүр. Көлемдi дүниенiң бiраз үзiндiлерi «Жас Қазақ» апталығында жарияланды.
Илья Жақанов – әрi композитор, әрi музыка зерттеушiсi, әрi жазушы! Ретi келгенде өз әндерiн де әдемi айтады және көп әндерiнiң сөзiн де өзi жазған! Құдай-ау, не деген жады, не деген еңбек десеңiзшi! Кейде апталап, айлап қозғалмай, үйден шықпай жазып отырады! Анау батыс өлкесiнiң бiзге беймәлiм әндерiнiң сала-сала тарихы, шежiресi, Арқадағы ән падишалары Бiржан сал, Үкiлi Ыбырай, Ақан серi туралы толымды, деректi дүниелер! Толып жатыр! Жиi хабарласып тұрамыз. Жуықта ғана Ақан серiнiң Құлагерi хақындағы деректi дүниесiне нүкте қойғанын қуана жеткiздi.
– Аға, сұхбатымыздың соңына таман, балалар әдебиетiнiң бүгiнгi ахуалы жайлы бiрер ауыз әңгiме айта кетесiз бе? Кейiнгi толқын жастардан кiмдер көрiнiп жүр?
– Балалар әдебиетiнде қазiргi таңда iлгерiлеу бар! Оған дәлел –талдықор-ғандық кәсiпкер Бауыржан Оспанов басқаратын «ZHERSU» корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы жыл сайын ұйымдастырып келе жатқан «Дарабоз» бәйгесi! «Жүзден – жүйрiк, мыңнан – тұлпар» дегендей, аламан бәйгенiң арқасында балалар тақырыбына жазылған қаншама әңгiмелер, өлеңдер, поэмалар, повестер, сахналық қойылымдар дүниеге келдi! Бұл – үлкен қуаныш! Мәселен, жүлде алған шығармалар басылған «Кәусар бұлақтың» бесiншi кiтабындағы Жемiсбек Толымбековтың «Жанталас», Есей Жеңiсұлының «Мынау ғазиз дүние», Бейбiт Сарыбайдың «Ақтабан», Нұрғали Ораздың «Оралбай атам оралман емес», Тұрлыбек Мәмесейiттiң «Мен қазақ екенмiн», Райхан Мәженқызының «Есiктi қаққан Еңбек», жас жеткiншек Алтынай Амангелдiнiң «Қаладан келген қыз» сахналық қойылымы – мықты шығармалар! Нағыз балалардың туындылары! Ол шығармаларда мейiрiм де, қайырым да, ұлтқа деген патриоттық сезiм де, адамгершiлiк те, мұң да, жүректi тербеген лирика да, бәрi-бәрi бар!
«Дарабоздағы» жүлде алған шығармалар орыс тiлiне де аударылады. Биылдан бастап ағылшын тiлiне де тәржiмаланатын болыпты. Балаларға арналған кiтаптар онша көп шығып жатқан жоқ. Бiрақ сол кiтаптар әдемi безендiрiлiп, түрлi-түстi суреттер салынып, кемiнде 10 мың тиражбен шы-ғып жатса, нұр үстiне нұр болар едi!
– Жаңа жинағыңыз қашан шығады?
– Құдай бұйырса, биыл балаларға арналған «Алабұға аулаған күн» деген кiтабым шығып қалар…
– Әңгiмеңiзге рахмет, аға!

Сұхбаттасқан
Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 18 =