ТӨЛЕМНІҢ ДЕ ТИІМДІРЕК ЖОЛЫ БАР

0 139

Елімізде ақша төлеу мен аудару барысында туындайтын қарым-қатынастар 1998 жылғы 29 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасы «Ақша төлемдері мен аударымдары туралы» заңымен реттеледі. Ақша төлемдерін және (немесе) аударымдарын жүзеге асыру тәсілдерін қолдану ережелері мен ерекшеліктері, көрсетілімдердің мазмұнына қойылатын негізгі талаптар заңи актілермен және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің нормативтік құжаттарымен айқындалады.

Төлемдер мен аударымдарға қатыс­ты операцияларға бақылау жасаудың тиімді құралдарының бірі қолма-қол ақшасыз төлем жүйе­сі болып табылады. Бүкіл әлем елде­рін­дегі сияқты Қа­зақ­­станда да бөлшек­ті қолма-қол ақша­­сыз төлем жүйе­сін оңтайлы түр­­де дамытуға баса көңіл бөлі­ніп ке­ле­ді. «Қазақстан Республикасы­ның кейбір заңнамалық актілеріне заң­сыз жолмен алынған кірістерді заң­дас­­тыруға (жылыстауға) және терро­­ризм­ді қаржыландыруға және ақша­ны қолма-қол ақшаға айнал­дыруға қарсы іс-қимыл мәселе­лері бойынша өзгеріс­тер мен толықты­рулар енгізу туралы» 2012 жылғы 21 маусымдағы за­ңы­­мен «Ақша төлемдері мен аударым­дары туралы» заңның 21-ба­бының 4-1 тарма­ғына өзгеріс енгізіліп, заңи тұлға­лар арасындағы мәмілелер бойынша төлемдер рес­пуб­­ли­калық бюджет туралы заңда бел­гі­ленген әрі төлем жасалатын күні қол­да­ныста болған 1000 еселік МЕК мөлше­рінен асып кетсе, тек қолма-қол есеп айырысу есебімен ғана жүзе­ге асы­ры­лады. Бұрын­ғы берілген лимит 4000 МЕК шамасында еді. Соны­мен қатар, Қазақстан Республикасы әкім­ші­лік тәртіп бұзу­шы­лықтар тура­лы кодек­сінің өзгеріс енгізілген 203-бабы да сомасы 1000 МЕК-тен асып кететін азаматтық-құқықтық мәміле барысында өзге заңи тұлғаның пайдасына қолма-қол ақша төлеген ретте жауапкершілікке тартып, төлем жасаған заңи тұлғадан төленген қаржының 5% мөлшерінде айыппұл өндіруді қарастырады.

Бұған қоса, 2013 жылдың 1 қаңтары­нан бастап «Ақша төлемдері мен аударымдары туралы» заңның төлем карточкаларын пайдаланып, есеп айы­ры­суға арналған жабдықтардың болуына қатысты өзгеріс енгізіп, қойы­лар талаптар шегі белгіленді. Осы өзге­ріс­терге сәйкес еліміздің аума­ғын­да Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын жеке кәсіп­кер­лер мен заңи тұлғалар өздері қызмет жасайтын орындарда төлем карточ­ка­ларын пайдаланып, ақша төлей­тін және алатын жабдықтарды (қондыр­ғы­ларды) орнатуға мін­дет­ті. Бұл талап­тар Қазақ­стан Республика­сының салық заң­дарына сай шағын бизнес субъек­тілеріне арналған салық режимін қолда­натын және (немесе) ортақ пайдала­нымдағы телекоммуни­ка­ция­лар желісі жоқ жерлерде жекелеген қызмет түрлерін атқаратын тұлғаларға қойылмайды.

Қазақстан Республикасы «Әкім­ші­лік құқық бұзушылықтар туралы» кодексіне де өзгерістер енгі­зілді. Оның 161-2-бабының 1-тармақ­ша­сы­на сәйкес, Қазақстан Республика­сының аумағында сауда қызметін жүзеге асыру (жұмыстарды орындау, қызмет көрсету) барысында төлем карточкаларын пайдалана отырып төлем қабылдауға міндетті жеке кәсіпкердің немесе заңи тұл­ғаның арнаулы төлем жабдығы (қон­дырғысы) болмаған жағдайда, же­ке кәсіпкерлер – қырық, шағын не­месе орта кәсіпкерлік субъектісі са­налатын заңи тұлғалар – алпыс, ірі кә­сіпкерлік субъектілері болып сана­латын заңи тұлғалар сексен ай­лық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Мұндайда жабдық (қондырғы) қызмет көр­сетуші банкпен немесе жекелеген банк операциялары түрлерін жүзеге асырушы ұйыммен жасалған келісімшарт негізінде орнатылады.

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды кеңінен өрістету қолма-қол ақшаның қозғалыс аясын едәуір шектеп, олардың айналымындағы дайындау, тасымалдау, сақтап, есептеу шығымдарына қатысты іркілістерді қысқартуға мүмкіндік береді. Қолма-қол ақшасыз төлемдердің тиімді пішімдерін енгізу есеп айырысу ісіндегі ақша төлемі мен айналы­мын жедел­дету ел экономикасының ашық­тығы мен тиімділігін арттыруға жол ашады.

А.КЕНЖЕҒОЗИНОВА,
ҚР Ұлттық банкі Орталық
филиалының экономисі, бас маман

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + fifteen =