«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Төлемақы құралы – білезік

0 145

Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желі арқылы елордадағы қоғамдық көліктерде төлем картасынан екі есе қаражат алынатыны туралы ақпарат тараған. Осыған орай «Astana LRT» ЖШС баспасөз жиынын өткізіп, тиісті жауап берді.

Іс-шара кезінде аталған мекеменің төлем жүйесі департаментінің директоры Дәурен Нұрәлиев арнайы валидатор арқылы картасымен төлем жасап, осы арқылы әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын көрсетті.
Жиын барысында «Astana LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов көлік картасын Android қосымшасымен толтырудың жаңа әдістемесін таныстырды. Қосымша арқылы картада қанша сома қалғанын да білуге болады. Әзірге бұл өзгеріс жетілдірілу үстінде. Басқарма төрағасының айтуынша, бұл жүйе жақын уақытта қолданысқа енгізілетін болады.
Бұған қоса ол осы әдіс арқылы көлік карталарын толтыратын жаңа автоматтарды сатып алу мәселесі шешілетінін айтып өтті.
– Қазір бұл жүйе сынақтан өткізілуде. Бір жарым айдың ішінде жүйені іске қосып, шығындардан құтылуды жоспарлап отырмыз. Астанада 30 LRT-автомат пен 6 касса жұмыс істейді. Бірақ оның бәрі аздық ететіні рас. Ал жұрт QIWI арқылы ақы төлегісі келмейді, – деді Бекмырза Игенбердинов.
Бұдан өзге «Astana LRT» тарапынан атқа­рылып жатқан жұмыстар да таныстырылды. Дәурен Нұрәлиев елордалықтардың енді көлік картасының орнына түрлі білезіктер қолданылатынын мәлім етті.
– Қазір халықтың басым бөлігі қоғамдық көліктерде жолақысын картамен төлейді. Бірақ сұранысқа орай жастардың да қызығушылығын назарға алып отырмыз. Енді ішінде чипі бар арнайы әзірленген білезіктер арқылы да төлем жасауға болады, – деді ол.
Сөз арасында ол жаңа білезіктер жыл соңына дейін қанатқақты жоба ретінде шығарылатынын айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды