ТӨЛЕМ КАРТОЧКАЛАРЫ – ТИІМДІ ҚҰРАЛ

0 208

 Қазір адамға қолайлы жағдайдың бәрі жасалған! Бухгалтерияға кірмей-ақ жалақымызды банкке шапқыламай-ақ, несие аламыз немесе депозитімізді толтыра саламыз. Енді ұзынынан шұбақ шіретке тұрмастан, салықтар мен коммуналдық ақыны төлей салуға, қалтамызда ақшаның бар-жоғына қарамастан, дүкеннен керек-жарағымызды сатып алуға болады. Осынау мәселелердің бәрін ойдағыдай шешуге кәдуілгі пластикалық карточка көмектеседі бізге.

Төлем карточкалары әлемде 60-жылдардың ортасынан бастап кеңінен қолданыла бастағанымен, Қазақстанда бұл пиаса тек 1994 жылдан бастап қана даму жолына түсті. Бұл күндері қазақстандық пластикалық карталар пиасасын жекелеген халықаралық төлем жүйелері шапшаң дамып келе жатқан сала ретінде мойындап отыр. Мұндай жоғары баға, сірә, ел ішінде карточкалар санының тез өсуіне байланысты берілген болса керек. Иә, 2000 жылы олардың 950 мың данасы шығарылса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 14,5 млн данаға жетіп, тұтынушылар қатары едәуір көбейді. Бүгінгі таңда төлем карточкаларын тұтынушылардың саны 10,6 млн адамға жетіп, іс жүзінде Қазақстан тұрғындарының 63 %-н құрап отыр.

Карточка жүйесінің тиімділігі оны қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшін пайдалану деңгейіне байланысты. Біріншіден, қолма-қол ақша айналымын қолдауға: банкноттар әзірлеуге, оларды инкассалауға, сақтауға, есептеуге, ескі ақшаларды жойып отыруға кететін, айналымға шығарылған ақша құнына татитын шығындар кемиді. Екіншіден, қаржы ағындары неғұрлым ашық қалыпқа түсіп, «қара ақша» проблемасы өздігінен жоғалады да, салық жиналымын арттыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, ақшаны жұмыс істеуге «икемдейтін» банктің түсімі ұлғаяды.

Батыс Еуропа елдерінде кредит бойынша мөлшерлеме төмендігін ауызға алғанда, мұның көп жағдайда қолма-қол ақша айналымға аз түсетініне, халықтың басым көпшілігі есеп айырысуға төлем карточкаларын пайдаланатына байланысты екенін айтуды ұмытып кетеміз. Сауда желілерінде есеп айырысу үшін төлем карталарын пайдаланудың озық үлгісін Германия көрсетіп келеді, бұл елде банкоматтардан ақша алу көрсеткіші төлем карталары айналымының 15%-н ғана құрайды. Қазақстанда жағдай мүлдем басқаша. Карточкаларды қолдану аясының кеңейе түскеніне қарамастан, операциялардың көбісі шотта қанша ақша қалғанын білуге және еңбекақы, зейнетақы немесе шәкіртақы алуға байланысты жасалады. Мәселен, өткен айда карточка тұтынушылар терминал арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды 13 % ғана жүзеге асырған, ал, бірақ, қолма-қол ақша алу операциясы жалпы төлем карточкаларын пайдаланып жасалатын операциялардың 87%-н құрап, 480,1 млрд теңгеге жетіпті. Осылайша, банктер банкоматтарға қызмет көрсетуден пайда тапқанымен, Германиядағыдай арзан ақша жасау мүмкіндігімен қағылып отыр.  Ал, бұл, жалпы алғанда, банк жүйесін дамытуға, жекелей алғанда, несиелеу ісіне кері әсерін тигізетіні белгілі.

Өздеріңіз көріп отырғандай, карточканың мүмкіндігі толықтай пайдаланылмайды, тауарлар мен көрсетілетін қызмет түрлеріне ақы төлеу үшін карточканы пайдалануды ұлғайту міндеті әлі де зәру күйінде қалып отыр. Төлем карточкасы банкоматтардан қолма-қол ақша алу куәлігі емес, шын мәнінде, төлем құралына айналуы үшін бірқатар мәселелердің түйінін шешу керек-ақ. 2012 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, Қазақстанда тауарлар мен көрсетілетін қызмет ақысы үшін төлем карточкаларын 12926 кәсіпорын ғана қабылдайды. Карточкамен есеп айырысу үшін осы кәсіпорындар 31,8 мың терминал мен 206 импринтерді пайдаланады екен, бірақ, осының өзі жеткіліксіз. Төлем карточкалары шынымен күнделікті қолма-қол ақшасыз есеп айырысу құралына айналуы үшін оларды қабылдаудың инфрақұрылымын дамыту керек. Төлем карточкаларының, сауда терминалдары мен банкоматтардың «жаппай жайлауына» жету қажет, сонда ғана халықтың қолма-қол ақша сияқты төлем карточкасымен кез келген жерде есеп айырысуына сенімділігі артып, ал сатушылар келгіншілердің төлем карточкасын қабылдағанды қолай көрері кәміл.

Осы орайда 2012 жылғы 21 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстауға) және терроризмді қаржыландыруға және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданғанын айта кетуіміз керек. Осы заң талаптарына сәйкес 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлар мен көрсетілетін қызмет түрлеріне қолма-қол ақы төлеу үшін төлем карточкаларын пайдалануды жандандыру мақсатында «Ақша төлемі мен аударымы туралы» заңның 11-бабына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар күшіне енді. Осы заңға сәйкес жеке кәсіпкерлер мен заңи тұлғалар өз қызметін жүзеге асыратын орындарда пластикалық карточкалар арқылы төлемдерді қабылдауға арналған жабдықтарды орнатуға міндетті. Мұндай жабдықтар қызмет көрсетуші банктермен келісімшарт жасасу негізінде орнатылады.

ҚР «Салықтар және бюджетке басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекстің  627-бабына енгізілген өзгерістер салықшыларға бөлшек сауда орындарында қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтар бар-жоғын тексеру құқын береді. Заң талаптары орындалмаған ретте салық төлеушілер ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 161-2-бабында қарастырылған жауапкершілікке тартылады.

Төлем терминалын орнатуға балық, ауылшаруашылық өнімдерімен және өз тауарларымен сауда жасаушылардың, сондай-ақ ортақ пайдаланылымдағы телекоммуникация желілері жоқ сырғыма сөрелер, автодүкендер, шатырлар мен дүңгіршектер, контейнерлер мен базар аумағы арқылы зат сататын кәсіпкерлердің қолы жетер емес.

Төлем карточкаларымен ақы төлеу – жалпыға ортақ әлемдік тәжірибе. Біз сол арқылы қолма-қол ақшамен есептесуден кеткен өркениетті елдердің қатарына жақындай түсеміз. Арнаулы заңдарға енгізілген өзгерістер қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығындағы оңды қадамдарға жол ашады деген үмітіміз бар. Әрине, Германиядағыдай тек төлем карточкаларымен есеп айырысатын кезге жету үшін Қазақстанға әлі қанша уақыт керек боларын дөп басып айту қиын. Әйтсе де, «көрінген таудың алыстығы жоқ».

Татьяна ГУМЕНЮК,

ҚР Ұлттық банкі Орталық филиалы

директорының орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − one =