Төл теңгенің тартысқа толы тарихы

0 43

Әр мемлекеттің егемен ел екенін айқындайтын белгінің бірі – өзінің төл ақшасы. Өйткені ақша – мемлекеттік биліктің өнімі. Теңге айналымға шыққан күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев «Осы уақыттан бастап Қазақстанның шынайы тәуелсіздігінің маңызды кезеңі басталады» деп халқына үндеу жасағаны – соның айғағы. Қазақстанның ұлттық ақшасы 1993 жылы 15 қарашада ресми айналымға түсті. Әрине, техника дамыған бүгінгі таңда қағаз жасау қиын болмағанымен, қаржы айналымында пайдаланылатын қағаздан жасалған ерекше тауар-ақшаны өндіру оңай емес. Әсіресе, ұзақ уақыт отарлық үстемдіктің қамытын киген Қазақ елінің тәуелсіздік ала салып күдік пен үміт тайталасқан тағдыршешті кезеңде «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деп өз ақшасын айналымға шығаруы ұлтымыздың тарихындағы үлкен бетбұрыс еді.

ТЕҢГЕ ҚАЛАЙ ЖАСАЛДЫ?
Теңгенің ұлттық валюта болып айналымға енуі, яғни Қазақстан Республикасының қаржылай төлем құралына айналуы үлкен тарихи кезеңдерге тура келді. Кеңес одағы ыдырап, «Балапан – басына, тұрымтай тұсына» кеткен сол бір айтулы кезеңде тәуелсіздік алған жас мемлекеттерге жаңа нарықтық әлеуметтік-экономиканы қалыптастыру, дербес қаржы-банк саласын құру міндеті бірінші кезекке шықты. 1992 жылы 1 шілдеден бастап бұрынғы КСРО орталық банкі және орталық қаражат жүйесі өз қызметтерін толығымен тоқтатты. Ресей үкіметі нарық жолына түсуді желеу етіп, 1991 жылдың соңында бағаны ырқымен қоя берді. Міне, осындай қиын кезеңде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қаражат және банк салаларында кешенді жаңа реформалар бастау, әсіресе Қазақстанның өз ақшасын, егеменді еліміздің дербес төлем құралын дайындап, айналымға енгізу жөнінде құпия тапсырма берді.
Сөйтіп, Ұлттық мемлекеттік банкі Ұлыбританияның «Харрисон және оның ұлдары» деген банкнот фабрикасымен келісімшартқа отырып, қазан айында Лондонда теңгені әзірлеу жұмысын бастап кетті. Төл ақшамызды жобалауға Меңдібай Алин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов және Хайрулла Ғабжәлелов секілді суретші, дизайнерлер атсалысты. Ал теңге атауын ғалым, Халықаралық инженерлер академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Сауық Тәкежанов ұсынды.
1993 жылдың шілде айында Ресейдің өзі КСРО-ның ортақ валютасынан бас тартып, дербес төлем құралы ретінде ұлттық валюта – рубльді айналымға қосты. Сонымен, бұрынғы Кеңес одағы аумағында Армения мен Қазақстан ғана өзінің дербес ақшасы жоқ елге айналды. Ал Ресей Қазақстан рубльді пайдалану үшін Қазақстан Ресейдің құрамына, Ресей Федерациясының субъектісі ретінде енсін; екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жинаған небәрі 700 млн-нан астам АҚШ долларындағы алтын-валюта резервін Ресейдің орталық банкіне тапсырсын» деген қисынсыз талап қойды. Былайша айтқанда, Ресей өз рублін Қазақстан тәуелсіздігімен алмастыруды ұсынды. Бірақ Қазақстан сол кезде төл валютасын дайындауды аяқтап, Ұлыбританияның банкнот фабрикасында 1993 жылдың наурыз айында теңгенің алғашқы легін бастырып үлгерген еді. Ол 1 мамыр­дан бастап елге жеткізілді. Алайда Ресей мен Қазақстан арасындағы ақшалай-қаржылық мәселелердің уақтылы әрі толықтай шешілмей, созылып кетуі салдарынан дайын тұрған ақша 15 қарашаға дейін айналымға қосылған жоқ. Үш күн бойы рубль теңгемен қатар жүрді. 19 қарашадан бастап теңге төл ақшамыз болып толық күшіне енді.

ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БАНКНОТЫ
Бүкіл әлемнің банкнот коллекционерлерінің тәуелсіз бірлестігі болып табылатын Халықаралық банкнот қоғамдастығы жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайтындығы белгілі. Дәл осы қоғамдастық «2011 жылғы ең үздік банкнот» атағын 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған номиналы 10 000 теңгелік банкнотқа берді. Келесі жылы да Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Қазақ Елі» сериясынан номиналы 5 000 теңгелік банкноты екінші рет «2012 жылғы ең үздік банкнот» атағын иеленді. Ал Түркі жазба ескерткішіне арналған, номиналы 1 000 теңгелік «Kүлтегін» банкнотына берілген үшінші «2013 жылғы ең үздік банкнот» атағы тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы тарихи маңызды сәт екені анық. Айтпақшы, екі тілде жазуы бар әлемдегі жалғыз валюта – теңге.

ҰЛТТЫҚ БАНК ЕЛОРДАҒА КӨШТІ
Еліміздің басты қаржылық мекемесі Ұлттық банк биыл Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшіп келді. Қаржылық басқарушы ұйымының бас кеңсесі 1 шілдеден бастап елордада қызметіне кірісті.
Жалпы Ұлттық банкті көшіру жайында әңгіме соңғы 10 жылдан бері көтеріліп келген. Тіпті 2013-2015 жылдары онда төраға міндетін атқарған Қайрат Келімбетов журналистермен өткен брифингтің бірінде Астана мен Алматы ортасында ұшақпен қатынап жұмыс істеу өте қиын деп мұңын шаққаны есімізде. Одан кейін 4 жыл Данияр Ақышев көшу үдерісі туралы ләм-мим демей отырды. Ал 2019 жылдың ақпанда Бас банкирдің орынтағына Ерболат Досаев жайғасып, бұл мәселе қайта көтерілген. Нәтижесінде, Ұлттық банк елордаға көшіп, ЭКСПО-қалашыққа орналасты. Ұлттық банктің тұрақты өкілдері Алматыда жұмысын жалғастыруда. Бұл да – қаржы саласындағы елеулі оқиға.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + 19 =